«Адалдық сағаты» хабарында ақын Мақпал Мыса қонақ болды
АСТАНА. 24 мамыр. Елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Адалдық сағаты» хабарының кезекті қонағы ақын Мақпал Тәжмағамбетова болды. Бұл туралы қалалық агенттік дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Ел аузында Мақпал Мыса деген атпен танымал ақын талай жыр додаларының жүлдегері атанған. Ол – «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.
«Бақыттың мәні – парасаттылықта. Ақыл-парасат күші – жақсы мен жаман қылықты айыруға, дүниедегі ізгіліктің күшін игеруге үндейтін, жол ашатын күш» деп сұхбатын бастаған Мақпал Мыса жас буынға берген тәрбиедегі адами құндылықтардың қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.
«Елдік мінез қалыптастыру», яғни отансүйгіштікке тәрбиелеу мен рухани азық беру арқылы сана сілкінісін жасауға болатындығын жеткізді.
«Парасат – қараңғыдағы шырақ» дей келе, парасат шыңына тек адам ішіндегі әділдік сезімі арқылы ғана жету мүмкін екендігін, ал оның жас жеткіншек бойына берілетін мейірім мен шапағат арқылы қалыптасатындығын айтты.
Сондай-ақ, онлайн-дәріс барысында балаға үйдегі берілетін тәрбие, үлкендерден алған өсиет пен өнегесі, білімі мен ақылы болашағына жарық беретінін бідірді.
Бүгінде М. Тәжмағамбетова халық қалаулысы атанып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған.