Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Біріккен Араб Әмірлігінде бокстан Азия чемпионаты басталды

ДУБАЙ. 24 мамыр. Бүгін Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында бокстан Азия чемпионаты сөреден жол тартты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Қазақстандықтар сапынан төрт боксшы шаршы алаңға шығып, олардың екеуі жарыс жолын жалғастырды.

Бізден рингке бірінші болып 56 килоға дейінгі салмақтағы Махмуд Сабырхан көтерілді. Ол үндістандық Мохаммад Хусан Удинмен қолғап түйістірді. Кескілескен шайқаста төрешілер жеңісті біздің жерлесіміздің қарсыласына беріп жіберді.

Бұдан кейін айқасқа түскен 60 кг салмақтағы Серік Теміржанов та қарсыласынан айқын басым бола алмады. Керісінше бірқатар тұстарда ирандық Даниал Шахбахш ептеп ептілік танытқандай болды. Шешім де осыған орай шығарылды.

Мұның есесіне, бұдан кейінгі екі тарланымыздың мерейлері үстем шықты. Алдымен 64 кг салмақтағы Зәкір Сафиуллин (суретте) ирандық Ашкан Резаиді 5:0 етіп тізе бүктірді. Бірақ бұл жекпе-жек те үлкен тартыспен өтті. Онда біздің саңлақ бірнеше рет шешуші соққылар беріп үлгеріп, таразы басын өзіне қарай еркін аударып жіберді. Ал 75 кг салмақтағы Әбілхан Аманқұл қарсыласы кувейттік Саид Аббас Албахрани шайқасқа шықпай қоюы себепті ұрыссыз жеңіске жетті.

Ертең ширек финалдық шайқастар басталады. Бұл күні бізден 49 кг салмақтағы Даниял Сәбит рингке көтеріліп, индонезиялық Корнелиус Квачумен жұдырықтасады. Ал 52 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов шри-ланкалық Ласинду Ерадамен күш сынасады. Содан кейін 91 салмақтағы Василий Левит бүгін кувейттік Салтан Алшаммариді 1-раунда жеңіп шыққан ирандық атақты боксшы Ехсан Роузбаханимен жартылай финалға шығу жолында шайқасады.

Қыздар арасында бізден тек 60 кг салмақтағы Римма Волосенко ғана шаршы алаңға шығады. Ол ширек финалдық шайқаста моңғол Монхор Мамунмен бәсекеге түседі.

Біз бүгін жекпе-жектер жүріп жатқан кезде Қазақстан құрамасы бас жаттықтырушысының кеңесшісі Мырзағали Айтжановпен хабарласқан едік. Ол ковид індетіне байланысты чемпионатқа келген боксшылар санының айтарлықтай аз екенін айтты. Спортшылар қатары, әсіресе, қыздар арасында мүлде сирек. Соның салдарынан біздің бір қызымыз – чемпионатты ширек финалдан, 8 қызымыз жартылай финалдан бастаса, бір қызымыз тіпті финалға бір-ақ шыққалы тұр. Мұнда жартылай финалдық шайқастардың бәрі 27 мамырда ойналады. Ал 30 күні өтетін финалдық айқасқа 69 кг салмақтағы Валентина Хальзова бірден жолдама алып қойды. Ол алтын медаль үшін үндістандық Ловлина Боргонаин мен өзбек Мохинбону Абдуллаеваның қай жеңгенімен күреседі.

Чемпионат ұрыстары бүгін «Қазспорт» телеарнасынан Астана уақытымен 22:05 сағатта көрсетіледі.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button