«Үлкен жетілік» Путинді сабасына түсуге шақырды
ЛОНДОН. 6 мамыр. Британия астанасына болып өткен G7 сыртқы істер министрлерінің екі күндік саммитінің қорытындысында Ресей жөнінде мәлімдеме қабылданды. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Мәлімдемеде Ресей мемлекеті мен оның президенті Владимир Путинді ақылға келіп, сабасына түсуге шақырған ұсыныстар бар. Онда сондай-ақ Мәскеуден украин шекарасы мен Қырымда жағдайды ушықтыра беруді қою талап етіледі.
«Біз Ресеймен тұрақты және ашық қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. Соған қарамастан, біз РФ-ның қалыптасқан халықаралық жүйеге, соның ішінде киберорта мен ақпарат тарату саласына төндіріп отырған қауіпті әрекеттерін тежеудің ұжымдық мүмкіндіктерін арттыруды жалғастырып келеміз. Біз сонымен бірге аймақтық дағдарыстар мен климаттың өзгеруі, жаппай қарулануға бақылау жасау, қарусыздану, қару-жарақ таратпау, сондай-ақ бейбіт және сенімді экономикалық даму және Арктикада қоршаған ортаны қорғау секілді кең ауқымды шақыруларды шешуде әріптестікті жалғастырудамыз», – делінген хабарламада.
Коммюникеде «Үлкен жетілік» елдерінің Ресейде адам құқығы жағдайының нашарлай түсуіне, оппозиция мен құқық қорғаушыларға, тәуелсіз азаматтық қоғам мен мәтбұғатқа (медиа) ұдайы қысым жасалуына алаңдаушылық білдіріледі. Министрлер сондай-ақ Мәскеуді украин шекарасы мен Қырымда жағдайды ушықтыра бермеуге, ОБСЕ қағидаттарын сақтауға шақырды.