Атыраудың «Көптоғай» ауылында Ресеймен арада жер дауы шықты
АТЫРАУ. 18 сәуір. Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты «Көптоғай» ауылы төңірегінде 4 күннен бері жер дауы өршіп тұр. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Құрманғазы ауданы бұрын Ганюшкино (Қанішкен) атанған. Оны Ресейдің Астрахань облысының Володар ауданынан Қиғаш деген өзен бөліп жатыр. Бұл – дауылпаз ақын Махамбеттің XIX ғасырдың ортасына қарай төккен «Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық» дейтін жырындағы Қиғаш. Ал айтылып отырған «Көптоғай» ауылы сол Қиғаштың бергі жағалауына қоныс тепкен. Жергілікті тұрғындарды кенет көтеріп кеткен дауға Ресей жағының 14 сәуір күні бергі бетке өтіп, шекаралық қоршау сала бастағаны себеп болған сияқты. Осының салдарынан Қиғаштың осы тұстағы арнасы түгелдей Ресейге қарап кеткен. Мұндай тосын әрекетке көптоғайлықтар өре қарсы тұрып, нарызылық білдіруге шықты.
«Бұған дейін шекаралық қоршау Қиғаш өзенінің саласы «Отыз бес» деп аталатын өзектің арғы тұсында болатын. Бұл өзек ауылға жақын орналасқан. Енді келіп ол қоршауды өзектің бергі жағына шығарып, ауылдың іргесінен бір шығарды. Ауыл тек малмен күнелтеді. Ауыз су сағатпен беріледі. Біз сол өзектің суын ауыз су ретінде де, малға да пайдаланатынбыз. Бұл шекаралық белгіні неге жылжытты. Соған түсінбей далмыз. Неге бізге алдын ала айтпайды. Біз енді қалай күнелтеміз, ауыз суды қайдан тасимыз, мал қайдан су ішеді? Малға да сенім жоқ, шекарадан өтіп кетсе, шекараны бұзу болып табыла ма? – дейді «Көптоғай» ауылының тұрғындары Есбол Қуанғалиев, Дамир Аймашев.
Ал мынау ресми хабарлама: «14 Құрманғазы ауданының «Көптоғай» ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды деп» хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасындва шекара белдеуі орнатылуда. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жаңа қоршауларды 2016 әскери бөлімі жүргізуде».
«Бұл жұмытар бұрын басталуы тиіс еді, әртүрлі себептермен жүргізілмей қалған. Біз халықпен шекара қоршауы жұмыстары жүрместен бір күн бұрын кездесіп, түсіндірме жұмысын жүргізгенбіз», – дейді Құрманғазы ауданы әкімі Марат Мурзиев.