Н. Тұржанов: «Аралдың алдында арымыз таза болсын»
Ашығын айтқанда, Арал маңы жұрты апат алдында тұр. Сырдария суы тартылғаны соншалықты, жылғаға айналғандай. Ерте көктем болған соң осылай деп тұрмыз. Әл-әзір қыстайғы аздаған қар мен мұз суы бар. Арнасы қусырылса да, сарқынды су ауқымы тарылған өзен табанын кептірмей тұр. Күн ыси келе, ол-дағы шалшыққа айналары анық. Бағзыдан бергі адуынды өзеннің әл-дәрмені біржолата құрығандай, аянышты-ақ. Осындай өлім алдындағы өзенге «алты су арнасын саламыз» деп әулекіленген қызылордалық билікке қайран қаласың..
Дариясы демігіп, суы тартылса да, мынадай сұмдыққа Сыр бойы жұртының селт етпей отырғаны қайран қалдырады. «Сыр бермеудің» сыры еті өліп кеткендіктің белгісі демеске әддің жоқ. Арал маңы халқының да эко-апатқа бейқамдығын көріп, ештеңе болмағандай күй кешкің келеді. Қайдан… Құдды, бір тылсым күш келіп, бәрін өзі реттеп беретіндей көре ме, қалай өзі. Ал Аралда шламы шаш-етектен келетін Қытайдың ескі-құсқы кальцийлендірілген сода зауыты салына бастауы төбе шашты тік тұрғызып отыр.
Тұран даласы десе, Арал теңізі десе шығарға жаны жоқ, дамыл таппай әлеуметтік желі арқылы азаматтық көзқарасын білдіріп, кіндік қаны тамған Аралының мұң-зарына қатысты орнықты ойын айтып, пайымды пікірін білдіріп, ұтымды ұсынысын жолдап жүрген Нұртуған Тұржановпен хабарластық. Қазаққа мәлім жыр дүлділінің атын иемденген Аралдың төлтумасы, заң-зәкөннің жеті атасын білетін Нұрекең өскен өлке, туған жер дегенде бейқамдық атаулыға жаны қас. Н.Тұржанов заң саласындағы қызметін Жамбыл облыстық прокуратура органдарында прокурордың көмекшілігінен бастап, біраз сатысынан өтіп, облыс прокуратурасында бөлім бастығы қызметінен кейін, сот жүйесіне ауысып, Маңғыстау облысында қалалық сот судьясы, аудандық сот төрағасы, облыстық соттың судьясы лауазымдарын алғаусыз, абыроймен атқарған азамат. Содан болар, бәзбіреулердей босалқы сөйлемейді, өзекті мәселенің өткір тұсын дөп басады, оны заңмен тұздықтап сөйлейді. «Аралға тамшы боп тамсам арманым жоқ» дейтін қанатты қағидасымен ел есінде қалған азаматты әңгімеге тарттық.
– Ау, Нұреке, Тұран жұрты Сырдың суы шалшықтай, Аралдың суы балшықтай болса да, қаннен-қаперсіз көрінеді. Бұған не дерің бар?
– Теңізіміз тартылып, кеуіп бара жатса да, Арал жұрты бейқам жатқандай. Сыр-ана да сұлқ түскен, суалды. Аралына өзек таппай далиып жатысы анау. Құдайдың құдіретімен емес, адамдардың пейілімен, жасықтығы мен дәрменсіздігінің, айбаты мен қайратын жұмсамағандығынан, осындай апатқа душар болуда. Мемлекетіміз бар мүмкіндігін жұмсап, Солтүстік Аралды сақтап қалуы қажет-тін. Кіші Аралдың кебуі Қазақстан мен Орта Азияның ғана емес, әлем назарындағы проблема болғандықтан, тәуекел ету керек еді, олай болмай тұр.
– «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, өзің демеу боп жүрген «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігін қолдау – өз алдына, бірлестік атына қаңқу сөз айту да ұшырасқандай…
– «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық ұйымы (бірлестігі) құрылды. Ондағы басты мақсат – ел боп, жұрт боп теңіздің ауыр жағдайына араша түсу. Аса қатты қолдау байқап отырған жоқпын. Керісінше, кішігірім, ауданнан аттап баспағандар, балапан мемлекеттік қызметтегілер сынамақшы екен. Не демекші сонда? «Сырдың суын тежеме, ескі-құсқы қытайлық зауытын салма, еркін экономикалық аймақ құр, мәжбүрлеп вакцина салма, анадан баланы тартып алма, мемлекет қызметкерлері барлық сатыда ісіңе адал бол, жемқор болма» дегеніміз үшін бе? Арал дегенің – әлім дегенің, аш кезде теңізден ас іштік, енді тойғанда, кері тептік, Арал анаға әлім баласы сондай әлсіздік көрсеттік дегеніміз қалай болар екен… Асыл анасын қарттар үйіне тапсырғанға ұқсас жайт қой.
Кейбіреулер «Тұрандықтар деген кімдер?» деп мысқылдайтын көрінеді. Кім болайық, ата-анамыз Арал өңірінде тауып, кіндігіміз туған жерімізде кесілген жандармыз. Жасы үлкеніміз сексенге қадам басқанын айтпағанда, ортамызда министрлік қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, желтоқсаншылар, азаттықтар бар, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер-әкімдер, ғалымдар мен заңгерлер, ақындар мен сазгер, журналист-жазушыларымыз, кәсіпкерлер мен құрлысшыларымыз т.б. бар ортамыз. Ауданда бәрімізге қызмет жоқ, сондықтан еліміздің өзге өңірлерінде өз ісін абыроймен атқарып жүргендер бар. Әлбетте, арамызда Арал тұрғындары аз емес. Біліміміз мен білігімімізді сынағысы келетін басшылар (аудан, облыс, республикалық) болса шақырсын, ашық эфирге шығамыз. Артымыздан мысқылдамасын, тек. Туған жер – ортақ, демек оның проблемасы да ортақ. Елге қызмет етем деген ниеттегі ақылды, білімді жастар өнегелі сөзге құлақ түріп, өскен өлкесінің тағдырына бейқам қарамағаны абзал. Қазақ деген елге ие болғың келсе, алдымен туған жеріңе, кіндік қаның тамған жерге ие бол! Ел де, мемлекет те сол іске риза болады.
-Ел дегенде есе жібермеу жағын біздің билік қашан үйренеді екен…
– Сырдың суы қырғыздан бастау алса да, әлімжеттік қылып суымыздың бір жағын өзбек, бір жағын түрікмен тартып алып, су бермей отырғанға ұқсайды. Ел-жұртының жоғын жоқтаса, мемлекет неге бас көтермеске. Бас көтер дегенде, бейбіт жолмен, халықаралық заңдылықпен құқыңды қорға деп тұрмыз. Әне, Әзірбайжан есін жиып, Армяннан әскердің күшімен тарихи жері -отанын қайтарып алды. Еш сөкеттігі жоқ. Ел болам дегендер сөйтіп іргесін нығайтады.
Ал тұрандықтар айтып жүргендей, БҰҰ әскерилерін су қорғауға шығару ұсынысын мемлекет неге қолдамасқа. Жеме-жемге келгенде, солай істейтін боламыз. Анау Шығыс Еуропада әлденеше мемлекетті кесіп өтетін Дунай өзенін БҰҰ-ның жасыл беретті әскерлері қорғап тұр. Оларда да біздегідей «бас-басына би болған өңкей қиқым», яки дау-дамай болмады дейсің бе, болды. Кейін заңды жолмен әлемдік дәрежеде реттелді. Сырдәрия өзені де солай реттелгені жөн. Ортаазиялық мемлекеттер осыны қаперге алсын. Халықаралық қағидаға (ережеге) жүгіну деген осы.
– Теңізсіз Аралды көзалдыға елесту қиын. Осы күнгі Кіші Арал өлкенің тұзды шаңын тежеп тұрғаны рас. Осындай жантүршігерлік жағдай болмау үшін аймақ басшылығы нендей әрекетке баруда? Ел мүддесі жолында бұқара мен билік бірлікте ме?
-Аралдықтардың алдымен ауызбірлігі, талай айтыс-тартыс, айқай-шумен келген кіші теңіз бағымыз еді. Одан айырылғалы тұрмыз, анығы. Кіші теңіз тағдырына қатысты «біздің не қатысымыз бар, біздің қолдан не келеді дейсің» дегенді жиі естуге болады. Керісінше, «неге қолдан келмейді» демейді. Ау, ағайын, артық болса айып етпеңдер, біраз жыл Арал коэфицентінен ас ішіп келесіздер. Осы жеңілдік Аралға аспаннан салбырап түсіп пе?.. Аралдың қалың жұрты талай митингіге шықты.
Ұзақбай ағамызға (Қараманов) арқа сүйеген барлық мемлекеттік қызметтегі інілері бірігіп, Терещенконың қаулысын жоққа шығарып, қолдау заңы шықты. Есіме түскенін несіне жасырамын, әкім Биғали Қаюпов шақырып алып, «Нұртуған, алдағы сессияда Арал туралы заң қабылдамаса, митингке шығу керек болады, өзіңе ғана айтармын» деп, тәжірибелі аудан басшысы басын бәске тігіп еді-ау. Сөйтіп, 90-жылдары Арал өңіріне оңды іс келді. Арал өңірінде туғандар түгелдей дерлік өз деңгейінде өткірлік көрсетті. Өңір мүддесіне келгенде, осындай бірлік керек. Осының өзі ақұдайлық, әлімдік емес пе! Қазір де сондай халық пен басшылық бірлігі керек. Мінез керек, мінезі мен білігі толысқан мемлекеттік қызметкер керек.
– Әлімжеттік әлі де бар-ау, осы. Сырдың суы Түркістан төңірегінен бері аспай-ақ қойды ғой. Қашанғы шыдап бағуға болады?..
– Бізді облыстан бастап «айқайшы» дегісі келеді екен. Туған жеріміз үшін жанашыр сөз айтсақ, несі айып. Біздің біразымыз Алматыдан Ақтауға дейін өз жолымызбен жүрген жандар едік. Енді, Түркістан облысы күшейгеніне қуанамыз, бірақ Сырдың суын артық ішпесін, жоғарғы халық төменге қиянат жасамасын. Әлімжеттік не «қалтам толықтық» көрсетпесін. Байлық пен асқандықты жеңетін күш – ажал ғана. «Өле жегенше, бөле же» деген сол.
Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары түркістандықтар аралдық жолсерік жігітке жарақат салғаны үшін, пойыз тоқтатып, сөйлесіп, татуластыққа келіп, қасиетті Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістанда келісімге келіп едік. Кінә қара халықта емес, әрине. Бірақ аралдық азаматқа әлімжеттік үшін бірігіп едік. Сондай бірлік бүгін де керек. Сол кезде өзіммен бірге Түркістанға барғандардан біреу қалса, айтар шындықты. Сөйтіп, қара халқының бірегейі болса да, әлімжеттік жасамаймыз деген уәдесі бар еді. Әдемі татулық дегеннің ыстық лебі бар еді. Жарасқан халықты ажыратар биліктің ісі болып тұр ғой.
Уа, ағайын, қасиетті Аралымызға келе жатқан суды жолдан бөгесе, туған топырағымызға улы шлам төксе, үндемей жүре беруіміз керек пе, сонда. Біреулерден «Не білесіңдер, Арал табанында жоқсыңдар» дегенді де есіттік. Жастық кез болғанда әрқайсысының үйіне барып, «Не үшін жазғырасың, не демексің?» дер ме едік. Аралдық ағайын, біз сыртта жүрсек те, қолдан келгенше туған жерге сөз тигізбеуге тырыстық. Аралдың алдында арымыз таза болсын дедік.
– Халықаралық Аралды құтқару қорының қазақстандық бөлімінің жұмысына көңіліңіз тола ма? Кіші теңізді қайтсек сақтап қаламыз? Аралдық балық қорғау инспекторлары неге Шардараға шабылады? Шарасыздықтан ба?..
– Тұран (Арал) облысы құрылуы – бізге дейінгі ақсақалдардың арманы, өткен күндер аманаты. Әне Түркістанды көтерді екен. Енді назар әлем апат аймағы деп таныған Аралға аударылуы қажет. Отыз жылда Аралды құтқару қоры Аралға емес, негізінен, жасанды су қоймалары Шардара мен Көксарайға маңыз аударып келгендей. Оған жылма-жыл Аралға тиісінше судың жетпегені дәлел боларлық. Аралға деп берілген су әлгі екі жасанды су қоймасынан артылған соң келеді.
Осы күні Арал-Сырдәрия бассейніне қарасты балық қорғау инспекциясының орталығы Аралда емес, ит өлген жердегі Шардарада орналасқан. Осыған қарап-ақ, Аралға қаша маңыз бөлінгенін аңғаруға болар. Сондықтан қордың жұмысына көңілім толмайды. Бұл қорға пәлен министрліктің жұмысын жүктеуге болмас. Мақсат айқын, міндет мінсіз болсын десе, қор Арал Аралда орналасуы тиіс.
Қор Арал теңізі мен оның маңындағы ел-жұртқа қолдарынан келгенше жағдай жасасын. Теңізді қорғауға деп бөлінген қаражат жария түрде болсын. Тексерер болса, тәуелсіз аудит-тексеру болса, қаражаттың біраз былығы шыққалы тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі тексеру жұмыстарын жүргізсе, Аралдың табанына егіп жүрміз деген сексеуілдің де шикілігі шығар еді. Жылма-жыл экологиялық министрліктің Арал маңына сексеуіл егуді арттыруға «ұмтылыс» – әрбірден соң Аралдың ажалына асықтыру десек, артық айтпағандығымыз. Таңғалар дәнеңе жоқ, сексеуіл сылтау ғана. Әйтпесе, мына қарқынмен отыз жылда тоғайлы орманға айналар еді ғой, олай болмады. Қор қаржысының бір бөлігі дария арнасын реттеуге жұмсалуы тиіс-тін, олай болмағаны көрініп тұр. Енді қор қаражатын Арал өңіріне құйсын. Талап осы. Арал қаласынан Димаш пен Элизабет атындағы жастар сарайын салып, мәдениет пен дәстүрдің, спорт пен қолөнердің, нанотехналогия мен айтитехналогия орталығының, еркін экономикалық аймақтың қазығын қағуы керек. Міне, қаражат осыған керек. Кез келген шетел қонақтарын мемлекет басшыларымен бірге қабылдай алатын етіп қонақүйімен қоса салынуы керек.
– Тоқетері, тұрандық ағайынға не дейсіз?
– Ағайын, тұрандықтарды қолдаңыздар, есті адамның сөзін сөйлеңіздер. Ел жайын, теңіз жайын, үйде отбастарыңызда көп айтыңыздар, туған жердің жай-күйін ата-баба жолдарын ұмытпай талқыға салыңыздар. Әр үй, әр көше, әр ауыл теңіз жайын талдаңыздар, бағамдап көріңіздер. Айтары барларды сайлаңыздар. Әділ болыңыздар. 2021 жылы 21 маусымда 11.00-де Орталық саябаққа жиналыңыздар. Асығыңыздар. Ағаларымыз, әділ жандар, жөн білетіндер төрелігін айтсын.
Жас мемлекеттік қызметшілер сіздер жұмыстарыңызды басшының көңілінен шығумен емес, біліктілікпен патриоттықпен атқарыңыздар. Теңізді толтыру қолдарыңызда. Республикада Арал ауданы «сол өз өлкесінің мүддесін қорғайды» деп ашылған. Ауданның жұмысы дұрыс жүргізілсе, аймақ, республика сонда тыныш болмақ, ризалығын білдірмек.
Республика шарасында қате болса, аймақ адасса білікті мемлекеттік қызметкер тоқтата білуі керек. Ол туралы Сіздердің ар-намыс туралы кодекстеріңізде жазулы тұр. Теңізді кептіруге қалай көнесіздер. Түрік елімен Тұран одағы аясында құбырмен Қара теңізден Солтүстік Аралға неге мұхит суын тартпасқа… Мемлекеттік қызметкер мықты болса кекесінге, ондай ұсаққа уақыты да болмайды. Бүгінгі Арал ауданы басшылығы жүктің ауырыда болашақтың жауабы да сіздерде. Қоғамдық ұйымдармен дұрыс жүргізе білудің жемісі мол болмақ. Қоғамдық ұйым деген жалғыз Нұр Отан партиясы емес. Ол жөнінде өңірдің даму жоспарларында да жазулы болса керек.
Сұхбаттасқан Айнабай МӘДИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АЛМАТЫ