Қазақтың белгілі жазушысы Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті
АЛМАТЫ. 5 сәуір. Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов 85 жасында қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осы қайғылы оқиғаның орын алғанын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек растады.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы «Малдыбай» ауылында туған. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді.
1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
Алайда, университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақыртылып алынып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырайды
1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғастырып, оны 1965 жылы бітіріп шығады.
Университетті бітіргеннен кейін республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965 –1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976 –1981) жауапты қызметтер атқарды.
Жазушының әдеби қызметі Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталған. Оның алғашқы өлеңдері 1954 жылы «Шыңжаң газетінде» жарыққа шықты. Ал «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Шыңжаңдағы «Шұғыла» журналында басылды.
Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып баспа жүзін көрді. Осыдан кейін жазушы бірыңғай проза жазуға ойысты. «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы оқырман қолына тиді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туды. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған.
Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974–1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. 2009 жылы «Дарабоз» дилогиясы жарық көрді. «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы – М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген.
Қабдеш Жұмаділов шын мәнінде де халық жазушысы еді. Ол алғашқы «Көкейкесті» романынан бері қалың оқырманның назарында болды. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдарда өзінің жоғары, биік, адал азаматтық позициясымен танылып, жұрттың көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелерді қозғай білді. Осы тұста жазушы өзінің шын қаламгер екенін көрсетті.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Қабдеш Жұмаділовтің отбасына хабарласып, көңіл қосын білдірді.
rast.kz сайтының редакциясы да марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша қазақ халқына көңіл айтады.
Қош бол, қазақтың талантты жазушысы, ардақты перзенті!