ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Президенттер күйеу балалары ел байлығын қалай бөлісіп отыр?

Орталық Азия елдерінің көп жылдардан бері билік басында отырған мызғымас президенттерінің күйеу балалары бизнестегі «орасан зор сәттіліктері» мен мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалып тұрулары арқылы жұрттың назарына жиі ілігіп жатады. Осы ретте сарапшылар мұндай күйеу балалардың өз елдерінде жемқорлық пен непотизмнің* дамуларына ықпал жасап жүргендерін айтады.

Бұл жайында Қуанышбек Қари «Азаттық» радио станциясына арнайы мақала жариялады. Оның мәтіні төмендегідей:

«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёвтің кіші күйеу баласы Отабек Умаров Ташкентте ақпан айында жол-көлік оқиғасына түсіп қалды. Мәнбелер қала көшелерімен мотоциклды қатты жылдамдықпен айдап келе жатқан оның алдындағы жеңіл көлікке барып соқпау үшін кенеттен солға қарай кілт бұрылуға мәжбүр болғанын, бірақ ақыр соңында көлікті игере алмай, жол жиегіндегі бордюрге барып соққанын баяндайды. Соның нәтижесінде 36 жастағы Умаров бір аяғын сындырып алады. Алайда, бұл апат жөнінде еш жерде ресми хабарлама жарияланбады. Ал Ташкенттегі «президент трассасы» саналатын көшеде мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұрған жоқ.

Қираған көлік бар, ал инцидент жоқ

«Азаттықтың» өзбек редакциясындағы мәнбе осы оқиғадан кейін Умаровқа алты сағаттан тұратын ота жасалғанын жеткізеді. Содан соң ол арнайы медициналық ұшақпен Оңтүстік Кореяға жеткізіліп, сонда тағы бір операцияны бастан кешеді. Дегенмен, өзбек президентінің шетелде ем алғаны хақында да бірде-бір мәлімет жарияланбады.

Бұдан алдын Отабек Умаров Ташкентте түнгі мезгілде жылдамдықты шектен асырып жібергені үшін айыпқа тартылған болатын. Желіге оның сағатына 200 шақырымдық жылдамдықпен келе жатқан автокөлікті айдап келе жатқан видеосы шықты. Бірақ кейінірек ол әлеуметтік желіден алынып тасталды.

Бұдан кейін Умаровқа тиесілі машинаның апат салдарынан қирап қалған сәтін бейнелеген видео тарап кетті.

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жетекшісінің орынбасары Отабек Умаров президенттің жеке оққағары болып саналады. Оның әйелі Шахноза Мирзиеёва білім министрлігі мектепке дейінгі білім беру саласы саясатын қалыптастыру мен жүргізу бас басқармасын басқарады.

Күйеу бала – орынбасарлар

Билікке автократ Ислам Каримовтан кейін келген Шавкат Мирзиеёв Конституцияға сәйкес екінші мерзімге сайлауға түсе алады. Президент сайлауы 2021 жылғы қазанға белгіленген.

Ол келгелі бері елде бірқатар реформалардың жүргізілгені байқалғанына қарамастан, Өзбекстанда сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігі шектеулі күйінде қалып тұр. Орталық Азияның басқа мемлекеттеріндегі сияқты, Мирзиеёв та басшылық лауазымдарға өзінің жақын туыстарын тартуға кірісіп кетті. Үлкен қызы Саида ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі райысының орынбасары болды, ал оның күйеуі Ойбек Турсунов президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып істейді. Күйеу балаға жақын жүргендер оның әртүрлі бизнес саласына қатысы бар екенін айтады.

Орталық Азияда тек күйеу балалар ғана емес, олардың туған-туыстары – президенттің құдалары да жоғары лауазымды қызметтерге оңай қол жеткізеді. Мысалға Мирзиеёвтің бұрын қауіпсіздік және ішкі істер саласында істеген үлкен құдасы Батыр Турсунов қазір президент ұланы қолбасшысының орынбасары болып жүр. Бүгінде Турсуновтар әулеті елдің қаржы және күштік құрылымдарына бақылау жасайды деседі.

Құдалар мен алыс туыстар

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон – жеті қыз бен екі ұлдың әкесі. Рахмонның Фируза, Рухшона, Тахмина, Озода, Парвина, Зарина және Фарзона деген қыздары бар. Оның күйеу балаларының туыстары арасында Сохибовтар кланы бәрінен әлеуетті көрінеді. Ағайынды Махмадзаир және Шамсулло Сохибовтар Рахмонның екі бірдей қызына үйленген. Атап айтқанда, Махмадзаир Сохибов – Фирузаның, ал оның немере інісі Шамсулло Сохибов – Рухшонаның күйеулері. Бұлардың арасында Рухшона сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет атқарады. Рахмонның құдалары Зайнулло және Насрулло Сохибовтар елдегі курорттардың меншік иелері. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығының (OCCRP) мәліметі бойынша, олар басқаратын бірқатар компаниялар салықтан босатылған көрінеді.

Сохибовтар мұнай-газ өндірісі, алтын өндіру, фармацевтика, банк ісі, қамсыздандыру, логистика, сондай-ақ отель және ресторан салаларындағы бизнеспен шұғылданады деседі.

Шамсулло Сохибовтың меншігіндегі «Фароз» холдингі – Тәжікстандағы жанжалмен аты шыққан компаниялардың бірі. OCCRP-тың зерттеуі холдингтің бизнестік мүддесі жанар-жағар майды, банк ісін, медициналық зертханаларды, пайдалы қазба байлықтарын және автомектептерді қамтитынын анықтап берді. Бұл компания бірнеше сала бойынша елдегі монополист болып отыр. «Фароз» 2018 жылы Соғды облысында алтын қорына барлау жасау мен өндіруге лицензия алды. Оның әрекет ету мерзімі 2022 жылы аяқталады.

Тахминаның күйеуі Зарифбек Давлатов авиабилеттер сату, құрылыс бизнесі, зергерлік бұйымдар мен автомобиль секілді салаларды назарында ұстайды. Бұдан бөлек, Давлатов кеден терминалына бақылау жасап, «Корван», «Фаравон» базарлары мен «Садбарг» сауда орталығына басшылық жасайды.

Басында Тахмина ішкі істер саласының қызметкері Зубайдулло Гуловқа күйеуге шыққан болатын. Кейін олар ажырасып кетті. Осындай жанжалды жағдайда некесін бұзған Гулов артынша өзінің қызметі мен барлық меншігінен айрылып, елден қуылып кетті.

Президенттің бұдан кейінгі қызы Озода әкесі әкімшілігінің басшысы болып істейді, ал оның зайыбы Джамолладдин Нуралиев – Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары. Келесі кезектегі қызы Парвина бұрынғы энергетика және өнеркәсіп министрі Шерали Гюльдің ұлы Ашрафқа тұрмысқа шығып отыр. Ашраф бұрын салық инспекциясында істеген, қазір дипломат, сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет атқарады.

Рахмонның одан кейінгі қызы Зарина болса, Рамз Зухуровпен тұрмыс құрған. Ол – байланыс қызметінің басшысы Бек Зухуровтың ұлы. Зарина – «Ориёнбанк» басшысының орынбасары, күйеуі Рамздың бірнеше компаниясы бар. «Ориёнбанктың» басшысы Хасан Асадуллозода – Эмомали Рахмонның бөлесі.

Рахмон күйеу балаларымен байланысты компаниялар сондай-ақ офшорларда да бар, олардың бірқатары көп жылдардан бері салық төлеуден босатылған.

Күйеу бала – елшілер

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов екі қызы өсірді. Үлкені Гулжаханның күйеуі Ихласгелды Аманов елші болып қызмет істейді. Ол бұрын Түрікменстанның Германиядағы елшісінің бірінші хатшысы болған. Кейінірек Лондонда Түрікменстан президенті жанындағы көміртегі ресурстарын басқару және пайдалану басқармасы агенттігінің филиалын ашты. Ол елдің Бельгиядағы елшісінің кеңесшісі де болды, сосын Ұлыбританиядағы елшінің бірінші хатшылығына ауыстырылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Аманов жоғарыда аталған қызметтерде жүрген кездерінде ылғи жанжалға тап болып келген.

Бердымухамедовтің екінші қызы – Гулшанның зайыбы Девлет Атабаев Түрікменстан президенті жанындағы көміртегі ресурстарын басқару және пайдалану басқармасы агенттігінің Еуропадағы өкілдігін басқарған, елшіліктің атташесі болған.

Қазақстанның іс басындағы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күйеу баласы жоқ. Алайда, ол 2019 жылы қызметіне кіріскеннен кейін өз қарындасының күйеуі Теміртай Ізбастинді Болгарияға елші етіп жіберді. Ізбастин дипломатия саласында 1994 жылдан бері қызмет істеп келеді. Бұдан бөлек, Тоқаевтың ұлы Тимур мен Ізбастиннің ұлы Мұхамед Атырау облысындағы кен орнында жұмыс істейтін «Аби Петролеум Кэпитал» мұнай компаниясының құрылтайшылары көрінеді.

Бұрынғы президенттің қазіргі күйеу балалары

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев – елдегі ең бай адамдардың бірі. Forbes журналының мәліметінше, Тимур және Динара Құлыбаевтардың байлықтары 5,8 миллиард долларға бағаланады. Тимур Құлыбаев құзыретіне мұнай-газ және энергетика секторы ұйымдары кіретін Kazenergy ассоциациясын басқарады, сондай-ақ кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы президиумының төрағасы. 2011 жылдан бері «Газпром» директорлар кеңесінің құрамына кіреді.

Тимур Құлыбаевтың есімі өткен жылы әшкере етілген «Қытайдан түсетін қаржылардың есебінен баюдың заңсыз сызбасымен» байланыстырылады. 2020 жылдың желтоқсан айында Financial Times оның Орталық Азия – Қытай газ құбыры құрылысында ондаған миллион доллар пайда тапқанын жазды. Осы жарияланымнан кейін Құлыбаев Financial Times басылымы келтірген ақпар бойынша ресми тексеріс жүргізуді сұрап, Қазақстан Бас прокуратурасына шағым жазды.

Бірқатар хабарламаларға қарағанда, басылымның зерттеуші журналистері зерттеген құжаттар экс-президенттің бүгінде марқұм болған жиені Айсұлтан Назарбаевтың Тимур Құлыбаевқа қатысты жемқорлық және заңсыз схема жолымен байығаны туралы айтқан сөздері шындыққа жанасатынын айғақтайтын көрінеді. Айсұлтанның әкесі, мәжіліс депутаты Дариға  Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатында астыртын жұмыс жүргізді, содан кейін оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталды. Австрия құқық қорғау органдарына өз еркімен берілген Рахат Әлиевтің өлі денесі 2015 жылы Вена түрмесінен табылды.

Ресми түрде жарияланбағанына қарамастан, бүгінде Дариға Назарбаеваның күйеуі ретінде танымал болып отырған Қайрат Шәріпбаев «КазТрансГаз» компаниясының басшысы болып табылады. Ал Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов – «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры.

Қайын ата қайтыс болғаннан кейінгі жағдай

Бұрын Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың күйеу балаларының елдегі ірі активтерге иелік ететіні туралы жиі айтылушы еді. Оның ұзақ жылдарға сотталған үлкен қызы Гульара Каримованың бұрынғы күйеуі Мансур Мақсуди өз кезінде Өзбекстанда «Кока-кола Боттлерз Тошкент ЛТД» компаниясының негізін қалап, бұдан да басқа ірі компанияларға иелік етті. 2020 жылы Ислам Каримовтың немересі кіші Ислам Каримов бұл компаниялардың енді Шавкат Мирзиеёвтің күйеу балалары қолдарына өткенін мәлімдеген болатын.

Ислам Каримовтың кіші қызы Лола мен оның күйеуі Тимур Тилляев Ташкенттегі «Абу Сахий» базарының қожайындары болған екен, бірақ оны 2018 жылы сатып жіберіпті. Сондай-ақ Ислам Каримовтың бар кезінде бұл рынокқа тауарлар тікелей шет елдерден келіп тұрыпты, олардың бірқатары Қырғызстан арқылы Қытайдан тасылған екен. Ал Тимур Тилляев қайын атасы қайтыс болғаннан кейін Өзбекстандағы бірнеше ірі компаниясынан айырылып қалыпты.

«Күйеу балалар бизнесті өз еріктерінше жүргізе алмайды»

Тәжік сарапшысы Абдумалик Қодировтың айтуынша, Орталық Азия елдері президенттерінің күйеу балалары орасан зор байлыққа белшеден батып отыр, бірақ олардың бизнесті өз беттерінше жүргізуге ешбір мүмкіндіктері жоқ.

«Орталық Азияда күйеу балалар үлкен отбасының кепілдіктеріне айналған. Олар өз еріктерінше әрекет ете бастағаннан бірден әртүрлі проблемаларға тап болады», – дейді Абдумалик Кодиров «Азаттық» тілшісіне. Ол бұған мысал ретінде Қазақстандағы Рахат Әлиевтің, Өзбекстандағы Мансур Мақсудидің, Тәжікстандағы Зубайдулло Гуловтың бастан кешкен жағдайларын келтіреді. «Ең үлкен проблема – Тәжікстанда», – дейді ол.

«Біріншіден, бұл елде алты күйеу бала бар, олардың әрбірі өзінше ықпалды болғысы келеді. Мұның өзі экономикасы нашар дамыған Тәжікстан үшін қосымша салмақ. Олар тек өздері арасында ғана емес, сонымен бірге көрші елдердегі лидерлердің күйеу балаларымен де ұдайы бәсекеге түсіп жүреді. Олардың аттары әлдекімнің бизнесін тартып алу арқылы шығып жатады. Елде осы күйеу балалардың кесірінен саламатты бизнесті дамыту өте-мөте қиынға соғып отыр», – дейді Абдумалик Қодиров.

«Жабылып тонау»

«Тәжікстандағы реформалар және даму» қозғалысының шетелде тұратын лидері Шарофиддин Гадоев авторитетті билеуші билік басына келгеннен кейін оның бірден елдегі барлық түйінді салалардың үстінен бақылау орнатуға ұмтылатынын айтады. Бұл істе ол «бөгделерге», яғни өзінің шеңберіндегілерден тыс біреулерге сенім білдіре алмайды. Сондықтан өзінің жақын туған-туыстарын тартады.

«Авторитарлы билеушілерге сырттан біреулерді тартып әкелгенше, өз туыстарын өзінің еркіне бағындырып, оларға нені қалай істеугі тиіс екендерін көрсете отырып, елдегі билігін күшейту оңайға түседі, – дейді ол «Азаттық» тілшісіне. – Мәселенің екінші жағы экономикалық жайларды қамтиды. Осылайша авторитарлы билеуші экономиканың барлық маңызды саласына бақылау жасай отырып, елдің ресурстары есебінен байиды. Елдің бірінші тұлғасының жеке бақылауында тұрған концерндер мен ірі өндіріс орындары салықтың да жеңілдетілген түріне жегіледі, базбірінен тіпті босатылып қойылады, экспорт-импорт мәселесінде де оңайлатылған тәртіппен жұмыс істейді, бұдан басқа да артықшылықтар мен игіліктерге ие болады, соның нәтижесінде монополияға айналады».

Оның айтуынша, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, Тәжікстанда елдің ресурстарын жаппай басып алудың ең бір жарқын үлгісі көрініс беріп отыр.

«Эмомали Рахмонның әулеті соншалықты үлкен болғаны сондай, елдегі барлық экономика салалары оның өз қыздары мен күйеу балаларының, сондай-ақ басқа да жақын туыстарының өзара бөлісіп алуларынан артылмай отыр», – дейді «Тәжікстандағы реформалар және даму» қозғалысының шетелде тұратын лидері Шарофиддин Гадоев.

Қазақстандық саясаткер Досым Көшім шығыстағы бірқатар лидерлер үшін туған бауырларынан гөрі күйеу балалары жақын болып көрінеді.

«Егер ұлдары болмаса, олар барлық үмітті күйеу балаларына артады. Бірақ күйеу балаларға деген «махаббат» олардың бірігіп елді тонауларына ұласады. Күйеу бала мұндайда тең дәрежелі әріптес ретінде әрекет етеді. Бәлки, бұл қарым-қатынаста Орталық Азия президенттеріне күйеу балалары жақын болып саналатын шығар», – дейді ол «Азаттық» тілшісіне.

Қазір Орталық Азияның сарайларында 13 «күйеу бала» жоғары лауазым орынтақтарында жүр немесе ірі бизнестің иелері болып отыр. Бұған қоса, олардың бақылауындағы салалардың өздеріне жүктелген ресми функциялар шеңберінен асып шығып кетіп жататындары бүгінде еш жаңалық болмай қалды».

Авторы: KNews сайты

Қазақшалаған: Rast.kz 

25 наурыз, 2021 жыл

 

*непотизм – 1). Рим папаларының пайдалы қызметті, иелікті өз туыстарына бөліп беруі;
2) ағайынға бүйрегі бұрушылық (өз туыстарын қызмет жөнінде қамқорлыққа алу).

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button