Таным

Ортақ мүддеге ұйыстырған кеңес

Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі­нің қорытындылары көңіліміз­ден шықты. Бұл жолғы кеңесте өзіміз күтіп жүрген көп нәрсеге қатысты жауаптар мен тұжырымдар алдық. Соның бас­тылары Мемлекет басшысының ой-толғамында қамтылды.

Орталық Азия мемлекет­терімен қатынастарды дамыту олар­дың географиялық жақындығына ғана емес, сондай-ақ дәстүрлі тарихи, этнолингивистикалық, мәдени және экономикалық ортақтыққа да байланыс­ты. Оның түптамыры алғашқы Еуразиялық өркениеттердің заманына кететін дәуірге, скиф одағына, ғұндар мен үйсіндердің түркі тектес империяларына, түрік қағанаттарына біртіндеп өзгерген тарихи әлеуметтік-мәдени эволюцияның нәтижесінде жатыр.

Кейінгі жылдары Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерді көздейтін белгілі бір одақ аясында ұйысуына бастайтын нақты қадамдардың болуы керектігі жөніндегі ұсыныстар әр елден және әр тараптан айтылып жатыр. Мұның үлкен бір толқыны бұдан бұрын, 2022 жылы шілде айында Ыстықкөлінің жағасында, Шолпан-Ата қаласында өткен IV Консультациялық кеңесте көтерілді. Сонда көптеген қоғамдық ойдың арасында «Көрші бес ел неге осы уақытқа дейін бір одаққа біріге алмай келеді?» деген сипатта сауалдар жиі ұшырасып еді. Кеңеске қатысты ой-пікір білдіргендердің біразы «Біз неге Орталық Азия елдерінің ода­ғын құрмаймыз?» деген сұрақты ашық қойды. Әлбетте, бір қарағанда, сол кезде-ақ одақ құрудың барлық алғышарты көрініп тұрған сияқты еді. Себебі айтылып отырған бес елдің төртеуінің түбі бір түрік жұртынан болуымен бірге, ежелден қоңсы отырған барлығының арасында экономикалық байланыс­тар жақсы қалыптасқан. Бірақ бұлардың альянс түрінде бірігулеріне кедергі болып келе жатқан кілтипандар да баршылық еді. Міне, соның бастысы бұл құрылымға деген өткір қажеттілік болатын. Ал оның негізін әлемдегі, аймақтағы қауіпсіздік шаралары мен экономикалық байланыстарға мұқтаждықты алға шығаратын геосаяси ахуал қалап береді.

Орталық Азия елдері үшін осы кездері геосаяси және геоэкономикалық сын-қатерлер – аса өзекті мәселелердің бірі де бірегейі. Халықаралық терроризм қаупі, көші-қон және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бүгінгі таңда ушығып тұр. Сонымен қатар бұрынғы әлемдік сауда-экономикалық жолдардың күрт үзілуі, сондай-ақ азық-түлік және стагфляциялық дағдарыс түріндегі Украинадағы жанжалдың тікелей және жанама геоэкономикалық салдары Ор­талық Азия елдері үшін бұрын-соңды болмаған тәуекел дүрбелеңін туғызып отыр. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Ресейге қарсы санкциялар онда жұмыс істейтін мигранттардың табысына, сәйкесінше олардың туған елдеріндегі экономикалық жағдайға әсер еткен. Бұлардан бөлек, Орталық Азиядағы жалпы экологиялық, су және энергетика проблемалары жаңаша сипатта күрделеніп келеді. Өңір елдерінде кейінгі уақыттары табиғи апаттар саны жиілеп, олардың трансшекаралық техногендік апаттарға ұласу қаупі күшейе бастады. Осыған орай аймақтағы климаттық күн тәртібі де ерекше маңызға ие болып отыр.

Ежелгі Мәуреннахр алабында шөл және шөлейт аудандардың үлес салмағы бірте-бірте артып келеді. Ондағы орташа жылдық температура 2000 жылдары ХХ ғасырдың 60-70 жылдарымен салыстырғанда, 5°C-ге көтеріліп кетті. Салдарынан ішкі жалпы өнім деңгейінің жыл сайынғы кемуі 5,5 пайызға жеткен. Бірақ халықаралық қоғамдастықтың жаһандық деңгейде бірлескен шаралар қабылдауға деген ортақ бейілділігіне қарамастан, көптеген елдің үкіметтері өз экономикасын «жасыл» технологиялар жағына қарай трансформациялауға және өнеркәсіптік шығарындыларды азайтуға құлықсыздық танытып отыр. Бұл бағыттағы өңірлік саясат жүйелі ұстанымға негізделмеген, нақты іс-қимыл жоспарынсыз маусымдық және шекті сипатта ғана жүргізіліп келеді.

Әлемдік деңгейдегі дағдарыстар әрбір мемлекет үшін жаңа көкжиек ашуға мүмкіндік те беріп жатады. Сондықтан Орталық Азия елдерінің өздерінің экономикалық саясатын өзара және толықтырылатын ынтымақтастық – өзін-өзі ақтайтын қалыпты қадам. Бұдан әрі зияткерлік технологиялардың, жаппай онлайн білім берудің үрдістері, жұмыс пен көрсетілетін қызметтердің дамуы, сондай-ақ әлеуметтік үдерістерді цифр­ландыру импульсі кооперацияны қарқындата түсудің басты негізі ретінде пайдаланылуы қажет. Сол сыңайда экономикалық даму мен қоршаған ор­таны сақтау мәселелері арасындағы тең­герім­ді ұстап тұрудың шоғырланды­рыл­ған шешімдері үшін өңірлік платформа құрылуға тиіс. Осылармен бірге өңірдегі денсаулық сақтау, санитар­лық-эпидемиялық мәселелер, климаттың өзгеруі салдарының алдын алу жөніндегі бірлескен жобаларға жол ашу, табиғи апаттарға байланыс­ты төтенше жағ­дайлар туындаған кезде өзара көмек көрсету мақсатында «еріктілер корпусын» қалыптастыру секілді ынтымақтастықты айқындай­тын факторларға да ерекше мән беріл­гені жөн. Сол сияқты Орталық Азия мемлекеттерінің салық, тарифтік және кредиттік саясатының айқындаушы қағидаты ретінде көрініп келе жатқан су проблемасын ортақ мәмілеге келе отырып, шешу жайы барған сайын өзекті бола бермекші. Сондықтан мемлекетаралық ынтымақтастық біз үшін ауадай қымбат, оны өзара тиімді алмасу тұрғысынан үйлестіріп тұру керек.

Мемлекеттер басшыларының Астана­дағы басқосуында қазіргі таңда осындай мәселелердің туындап отырға­нына анық көз жеткізгендей болдық. Мұның жайын Президент майдан қыл суырғандай етіп әдемі баяндап, жүйелеп жеткізіп берді. Ол мұны осы уақытқа дейінгі осындай кездесулердің аймақты ынтымақтастыққа бастағанын, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге көтергенін атап өтті.

«Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып келеді. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергі жо­йылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте елдеріміз арасында мәдени және гуманитарлық байланыстардың мазмұндық тұрғыдан толықтырылып келе жатқанын атап өтіп, аймақтың қауіпсіздігі мәселесін бірінші орынға шығарды. Президенттің «Өткен жылдар ішінде Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын», деген уәжімен толық келісеміз. Расында Орталық Азия қашаннан бірегей өркениеттердің тоғысқан айтулы атырабы болған. Оның жалпы әлемдік прогресте алатын рөлі ерекше. Осы орайда Президенттің «Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін», деген тұжырымы қуандырады. Бұған тағы бір себеп: Президент өз сөзінде мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесу­лердің форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын баянда­ғанын да құп алдық. Осы арқылы Прези­дент біздің жоғарыда қойып өткен сауалдарымыздың нақты жауабын бергендей болды. Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.

Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалануға қатысты да өте маңызды тұжырым айтылды. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп есептейді. «Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады», деді бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астанада өткен Консультативті кездесудің қорытындылары көрші Өзбекстан мемлекетінде өте жоғары бағаланып, жақсы резонансқа ие болып жатыр. Ондағылар Қазақстан және Өзбекстан Президенттерінің кездесу барысында өздерінің Орталық Азияның бірегейлігі болғанын қалайтындарын білдіргеніне айрықша назар аударды. Олар екі ел басшысының Орталық Азияны нығайтуға және үйлестіре түсуге, өңірдегі интеграцияны одан әрі тереңдетуге шын жүректен ұмтылып жатқанына қуаныш білдіріп отыр. «Мойындауымыз керек, біздің қарым-қатынасымыздың тарихында әртүрлі кезең болған. Өрлеулер мен құлдыраулар орын алды, бірақ бүгін өзара қарым-қатынасымыз ең жоғары деңгейге жетті. Біз мұны әсірелемей-ақ айта аламыз. Бұл, ең алдымен, біздің Президент Шавкат Мирзиеёв пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күшті саяси ерік-жігеріне байланысты болып отыр. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары халықтарымыздың бір-біріне қаншалықты дос және бауырлас екенін терең түсініп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жаңа рух пен жаңа мағына әкелді», деп атап өтті Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов. Бұдан әрі екі ел басшыларының ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылыстарының бүкіл аймаққа қатысы бар екеніне тоқталды. «Президенттердің негізгі мақсаты – Орталық Азияны нығайту және үйлестіру, өңірдегі интеграция мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету», деді ол.

Біз де бұл тұжырыммен келісеміз. Әрине болашақты болжау оңай емес. Өйткені әлем ұдайы өзгеріп отырады, сондықтан да ең мықты деген сарапшылардың болжамдары да кей кездері ақталмайды. Десек те, еліміздің болашағы ынтымақтастық, интеграция, өзара іс-қимыл және тату көршілік арқылы ғана сипатталатын болады деу­ге негіз бар. Мұндай саясатқа басқа балама бүгінде жоқ. Орталық Азияда бәріміздің кемел келешегімізге кепілдік бере алатын әлдеқандай бір одақтың не кеңестің құрылатын шағы таяп қалғанына сенемін.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

саяси ғылымдар докторы, профессор, Сенаторлар кеңесінің мүшесі 

«Егемен Қазақстан» газеті

24 тамыз, 2024

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button