Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Бір айда 1000 материал беретін «алғыр» редакция

Түркістан облысында мемлекеттік саясатты насихаттауға жұмсалатын қаржы қалай игеріледі?

«Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі 2021 жылғы үш айда (5 Қаңтар 25 наурыз аралығында) 775 051 175 теңгеге шарт жасаған, оның 90 пайызы, яғни 697 482 662 теңгесі мемлекеттік саясатты насихаттауға (пропагандаға) бағытталған. Осы насихаттың өзі қалай жүзеге асырылады, оның қызығын кім көретініне тоқталайық.

Бір тендердің жеті қыры

«Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі ЖК «Жандаров М. С»-мен 2021 жылдың 25 ақпанында келісім-шарт жасаған. Қызмет құны – 6,9 млн теңге.

Келісім-шарт тақырыбы – «Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалар бойынша облыстағы позитивті мақалаларды жариялау, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы бойынша позитивті материалдарды жариялау.

Сатып алу ашық конкурс тәсілімен өткен. Конкурсқа екі заңды тұлға қатысқан. Олар – ЖК «Жандаров» және ЖК «Қамытбек».

Техникалық сипаттама бойынша өнім беруші мынадай талаптарға сай болуы керек:

– газет аптасына 1 реттен кем емес жиілікпен, 12 беттен кем болмайтын көлемде, А3 форматта шығуы керек;

– бір реттік таралымы 10 000 данадан кем емес;

– баспахананың 2021 жылғы анықтамасын тіркеуі керек;

– ақпараттық порталда 100 материал жариялау керек. Әр материал көлемі 120 сөзден кем емес;

– сайттың әлеуметтік желілердегі жазылушыларының жиынтық саны 50 000-нан кем емес;

– орындалатын жұмыстың жалпы көлемі – 30 000 шаршы см.

Біз ашық дереккөздерден ЖК «Жандаровтың» осы талаптарға сай ресурстарын таппадық. Есесіне техникалық сипаттама талаптарын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу порталында жүктелген құжаттар арасынан басқа газет, сайттармен келісімдерді көруге болады. Мысалы: 11 ақпан күні «Рейтинг Media» ЖШС-мен «Рейтинг» газеті мен  Qazreiting сайтында ақпарат жариялау туралы келісім жасаған. Ал 1 ақпан күні ЖК «Қамытбек Н.Б»-мен Oinet және Infomediа сайттарында ақпарат жариялау туралы келісім жасайды. Яғни, бұл ресурстардың ешқайсы Өнім беруші ЖК «Жандаровқа» тиесілі емес. Талапқа сәйкестік өзге ұйымдармен келісім-шарт жасау, жалға алу арқылы жасалған. Тағы бір назар аударатын жағдай, бұл конкурсты ЖК Жандаровтың ұтуына «жәрдемдескен» Оinet және infomedia сайттары ЖК «Қамытбек Н. Б»-ге тиесілі. Ал ол ЖК «Жандаровтың» осы конкурстағы жалғыз бәсекелесі. Яғни, ЖК «Қамытбек Н. Б» осы келісім-шарттар арқылы өзінің жалғыз бәсекелесінің жеңісіне үлес қосып отыр.

5 ақпан күні  «Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы» ақпаратты тарату қызметіне №5409805-1 лот жариялайды. Техникалық сипаттама талаптары бойынша мерзімді басылым ретінде мемлекеттік тіркеу куәлігі бар, айына 1 рет жиілікпен шығатын, таралымы 2000 данадан кем емес, көлемі 100 беттен кем емес журналда мемлекеттік бағдарламалар, мемлекет басшысының жолдауының орындалу, Түркістан облысының дамуы туралы позитив материалдар жариялануы тиіс,  жарияланатын мақалалардың жалпы көлемі – 17 000 шар.см, сонымен қоса 3 ақпараттық порталда 20 имидждік материал жариялануы шарт, әр материал көлемі 120 сөзден кем емес, осы мақалалар жарияланатын сайттардың бірінің әлеуметтік желідегі парақшасы жазылушыларының жиынтық саны  50 мың болуы қажет. Техникалық сипаттамаға қарап, бұл лотты жеңу мүмкін емес сияқты көрінер. Алайда, қолында не ай сайын шығып тұратын 100 беттік журналы жоқ, не парақшасында 50 мың жазылушысы жоқ ұйым ұтып алады. Ол ұйым – ЖК «Жандаров».  Иә, бізге алдыңғы сатып алудан таныс кәсіпкер. Бұл жерде де бұрынғы тәсілдерді көреміз: өзінде жоқ, бірақ техникалық сипаттама талап етіп отырған шарттарға басқалармен келісіп қол жеткізу. Ал ЖК «Жандаровтың» медициналық тақырыптағы diagnews сайты бар. Бірақ бұл жолы көмекке келгендерге ЖК «Қасымбекова М. К.» қосылған. Ескі таныстармен бірге бізге қызығы да осы кәсіпкер. Келісім-шарт бойынша ЖК «Қасымбекова М. К.» техникалық сипаттама талап еткен журнал қызметін беруі керек. Журналдың атауы «Тұран-Түркістан». Алайда, бұл журналды мерзімді басылым ретінде мемлекеттік тіркеуден өткендер тізімдемесінен таппадық. Тізімдемеден бөлек, басқа да ақапарат көздерінен осы атаумен ешқандай журнал табылмады. Мұндай басылым тендер алушылардың қиялында ғана болса да таң қалмаймыз. Ендеше тендер талаптары қалай орындалатыны, ал тапсырыс беруші есепті қалай қабылдайтыны қызық.

Бір техсипаттама, бір компания, бір есеп

ЖК “DAMIRA”  2020 жылғы 30 шілдеде «Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесімен “Әлеуметтік желідегі БАҚ-ның сабақтастығы мен мониторингіне” шарт жасайды. Шарттың сомасы 15 млн теңге. Сатып алу тәсілі – тікелей бір көзден келісім шарт жасау. Орындалатын жұмыстың жалпы 1000 материал. Шартты орындау мерзімі 5 ай, яғни 2020 жылдың 21 желтоқсанында аяқталады.

Дәл осы ЖК «DAMIRA» 2021 жылғы 26 қаңтарда «Облыстық әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мәселелерін жария ету, республикалық жетістіктерін насихаттау және преспективаларын түсіндіру бағытында материалдар жариялауға» тағы да 15 млн теңгеге шарт жасайды. Сатып алу тәсілі дәл сондай. Атауы басқа болғанымен техникалық сипаттамасының мәтіні дәл былтырғыдай. Тек әлеуметтік желіні нақтылап facebook-тегі 10 топта күнделікті кемінде 2 материал жариялау деп нақтылаған және ақпараттық агенттікте кемінде 3 журналистің орнына 2  журналисті қалдырған, материалдар үш тілде жариялануға тиіс деген тармақты алып тастаған. Орындалатын жұмыстың жалпы көлемі баяғыдай 1000 материал. Ал орындалу мерзімі небәрі 2 ай. Яғни 4 наурыз күні шарттың орындалуы туралы есеп өткізілген.

Ең қызығы (сорақысы деп ұғыңыз) дәл осы ЖК «DAMIRA» биыл 5 ақпан күні «Әлеуметтік желідегі таргетинг пен БАҚ-ның сабақтастығы мен мониторингіне 23 млн теңгеге және бір шарт жасайды. Шарттың техникалық сипаттамасының мәтіні 2020 жылы жасалған шарт мәтінімен 100% сәйкес. Тіпті «Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы позитивті материалдарды әлеуметтік желілерде таргетинг (2020 жыл соңына дейін)» деген жолдарында жылы да өзгертілмеген. Неге бірдей қызметке төленетін ақының бір жылда 65% өскені түсініксіз.

Бірнеше айда 1000 материал жариялауды талап ететін дәл осы техникалық сипаттама (еш редакциясыз) басқа да шарттарда кездеседі. Мәселен, ЖК «Дүйсенбай Абылай» биыл 25 және 26 қаңтарда 17 млн теңгеге және 15 млн теңгеге шарт жасайды. Шарт атаулары әртүрлі бірі «БАҚ-ның қоғаммен тиімді коммуникациялары», екіншісі «Президенттің саясатын жүзеге асыру мақсатында облыс көлеміндегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін насихаттау бойынша позитивті материалдардың жариялануын қамтамасыз ету» деп аталады. Мемлекеттік сатып алу порталында 2021-01-26 және 2021-02-05 тіркелген, келісімшарт номері № 190840005402/210021/00 және №190840005402/210015/00. Екі шарт, алайда, техникалық сипаттамасы бірдей (сәйкестік 100%). Шарттың талаптары бойынша  Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы позитивті 1000 материал жариялануы қажет. Иә, жоғарыда айтқан ЖК «DAMIRA» шартының техникалық сипаттамасы бұл. Енді бір жарым ай ішінде 1000 материал қалай және қайда жарияланғанына көз салайық. Жұмыстың орындалуы туралы есепті ашсақ, бұл материалдар бір айға жеткізбей жазылғанын байқаймыз. Яғни есепте жұмыстар 18.01.2021 – 15.02.2021 аралығында атқарылғаны көрсетіледі. Бірден ескертіп қояйын, атауы екі бөлек, сомасы екі бөлек екі шарттың есебі бір (мәтін сәйкестігі 100%). Байқаусызда екі шартқа бір файлды жүктеп қойған болар дерсіз. Мемлекеттік сатып алу порталында жүктелген, лауазымды тұлғалар қой қойып, ақшасын аударуға негіз болған есеп файлының атауы екі түрлі. Есептің бірінші бетіндегі орындалған жұмыстар актісі бланкіндегі сомалары, датасы әртүрлі. Ешқандай техникалық қате емес.

Сонымен екі аптаның ішінде 1000 материал қалай жазылған деп сұрарсыз? Техникалық сипаттамаға сәйкес, үш адамнан тұратын редакция басқа мәселелерді елемей, тек Түркістан облысының дамуы туралы позитив материалдар ғана жариялағанның өзінде күніне кемі 71 мақала жазуы қажет.  Осы мақалалардың мазмұнына, сапасына назар аударайық. Есептің ең бірінші тармағында «Түркістан облысында 1500 шақырымнан астам жол жөнделді» тақырыбымен efenday.kz сайтында жарияланған мақалаға сілтеме беріледі. Мақала 18 қаңтар күні жарияланған.

Дәл сол мақала тақырыбы мен сөйлемінің бір әріпі өзгертілмеген күйде 15 қаңтар күні «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі сайтында жарияланған. efenday.kz сайтының плагиаты туралы бөлек әңгіме, себебі бұл сайттың иесі ЖК «Дүйсенбай Абылай» емес, домен Қамбар Хамитұлы есімді азаматқа тиесілі. Контенттің орыс тіліне аудармасының өзін есептегенде  материалды мыңға жеткізу оңайға соқпайды. Сөйтіп есепте жаңа сайт пайда болады. Танысып қойыңыз otau.info! Түркістан облысында жөнделген 1500 шақырым жолды ұмытпаған шығарсыз? Otau.info сайтында да дәл сол материал еш өзгеріссіз жарияланған. Барымта болған материалдың орысша көшірмесі де 1000 материал есебіне кіріп тұр. Бірақ мұнымен де материал мыңға толмайды. Осылайша есепте тағы бір сайт пайда болады – otaumedia.kz. Түркістан облысының  1500 шақырым жолы туралы мақала «мұрты бұзылмаған» күйі бұл сайтта да тұр. Түсініп тұрсыз ба, бұл уникал контент емес, плагиат материалды үш сайтқа көшіріп басқан материалдар үшін неліктен 15 000 000 және 17 000 000 теңге алуы керек?  «Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі мұны білмей отыр дегенге сену мүмкін емес.

Біз бір ғана Түркістан облысында осы жылдың үш айында өткен сатып алуларға ғана сараптама жасадық. Солардың бірнешеуінің мысалында пропаганда қандай сапада, сипатта жүзеге асып жатқанын көрсеткіміз келді. Алдағы уақытта бюджетті игерудің басқа да «қырлары» туралы жазамыз.

Бэлла Орынбетова, Ғалымжан Оразымбет

Ratel.kz

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button