Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Сегіз жыл бірге істеген екі қыз апалы-сіңлілі болып шықты

НЬЮ-ХЕЙВЕН. 28 ақпан. АҚШ-та сегіз жыл бірге қоян-қолтық жұмыс істескен екі құрбы қыз осы кезге дейін өздерінің бір-біріне апалы-сіңлілі екендерін білмеген екен. Бұл туралы «The Sun» газеті хабарлады.

31 жастағы Джулия Тинетти мен 32 жастағы Кассандра Мэдисон бір-бірімен 2013 жылы Коннектитут штатының Нью-Хейвен қаласындағы Russian Lady кафе-барында бірге жұмыс істеуді бастаған кездерінде танысады. Басында келушілер бұл екі әйелдің түрлері бір-бірлеріне қатты ұқсайтындарын байқап, оны айтып та жүреді. Бірақ олар бұған аса мән бере қоймайды. Кейін мұны келген жұрттың бәрі айта бергесін екеуі де ойланады. Алдымен Джулия Кассандраның Доминикан туы кеспіріндегі татуировкасына назар аударады. Себебі, өзі де сол республикада туған. Сосын сөйлесе келгенде, Кассандраның да сол жақта туғаны анықталады. Артынша екеуінің де туған әке-шешелерімен бірге тұрмағандары, екеуінен де басқа адамдардың асырап алғандары айтылады. Сол сәттен бастап екі қыз бір-бірін әзілдесіп, «апа-сіңлі» ретінде таныстыра бастайды.

Дегенмен, олардың шынымен апалы-сіңлілі қыздар болып шығулары мүмкін екендіктері жайлы ойлар жиі көтеріле береді. Бірақ олардың құжаттарындағы ақпарлар бұған оншалықты сәйкес келе қоймайды – онда екеуінің екі қалада туғандары атап көрсетілген, шын аналарының аттары да  әртүрлі болып жазылған.

Ал биылғы жылдың басында Кассандра Доминиканда тұратын өзінің биологиялық ата-анасын тауып, жолыққанында барлық шындық ашылады. Сөйтсе, бұл отбасында тоғыз бала болған екен. Ата-аналар мұндай үлкен отбасын асырай алмайтындары себепті кейінгі екі қыздан бас тартуға мәжбүр болады. Содан кейін екі құрбы ДНК тестісін тапсырады. Оның қорытындысы бұлардың бір әке, бір шешеден туған жандар екенін айғақтап береді.

«Біз – шынымен апалы-сіңліліміз! Әке-шешеміз де бір. Біз тек бірге жұмыс істеу арқылы ғана бір-бірімізді таптық. Сол арқылы биологиялық ата-аналарымызды да таптық!», – деп Кассандра Facebook парақшасына қуана жазды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button