Күдікті Антонцева Черногориядан елге жеткізілді
НҰР-СҰЛТАН. 17 ақпан. Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы мен қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматшасы Елена Антонцеваны Черногориядан экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Е. Антонцеваға «ОLIMP KZ» Букмекерлік кеңсесі» ЖШС бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп, ұйымдасқан топтың құрамында мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтіріп, ойын бизнесі саласында заңсыз қызметті жүзеге асырды деген күдік келтірілді.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
Қазіргі кезде ол Алматы қаласының тергеу оқшаулағышында отыр.
Сот кеше «ОLIMP KZ» Букмекерлік кеңсесінен» 3,6 млрд теңге ақшаны тәркілеп алуға шешім шығарды.
«Алматы аудандық соты 16 ақпан күні Алматы прокурорының ОLIMP KZ» Букмекерлік кеңсесінің» қашқында жүрген басшыларына жарияланған іздестіру аяқталғанша оның мүліктерін тәркілеп алу жөніндегі кепілдемесін қанағаттандырды.