Дүниеде өзің мүлде жазықсыз бола тұрып, әлдекімдердің әуселесімен ойламаған жерден жазықты болып шыға келіп, соның жалалы жазасын арқалап кеткеннен өткен азар да, азап та, зорлық та, қорлық та жоқ. Бұл жазаның зіл батпан зіңгірдей салмағы арлы адам үшін екі есе ауыр бола түседі. Мұндай жағдаят көркем әдебиетте «наказание без преступления» немесе «виноватый без вины» деп айтылып жатады. Ал ежелгі гректің ұлы шешені Марк Туллий Цицерон көне дәуірлерде-ақ «Адамға өзін жазықсыз жазықты сезінгеннен асқан зұлымдық жоқ» деген екен.
Бұған дейін «Қызылорда облысы әкімінің орынбасары» деген биік лауазымды қызмет атқарып, жақсы адам, жарамды азамат ретінде жұртшылықтың жылы ықыласы мен құрметіне бөленіп үлгерген Мұрат Имандосов соңғы бірнеше айдың мұғдарында өзін ешбір жөн-жосықсыз қаралаған әлдекімдердің жаласы мен ойланбастан солардың ыңғайында кете салған судьялардың салдарынан тап осындай шерменденің шерлі күйін еріксіз бастан кешіп жатыр. Басында бұл істің жайына егжей-тегжейлі қанық болмағаннан кейін оған қатысты қандай пікір айтуға болатынын білмей, біраз дағдарып қалғанымыз рас. Кейін келе әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде тап осы іске қатысты бірқатар материалдар жарық көріп, оның басты фигуранттарының бәрінің шын мәнінде ешбір жазықсыз екендері тайға таңба басқандай анық етіп көрсетіле бастағасын, соңынан үкімнің өзімен түбірлеп танысып шыққасын, мұнда расында да «ғасыр өтірігі» деген баға беруге толық болатын шикілік пен шімірікпестіктің, сорақылық пен солақайлықтың, арамзалық пен арамдықтың кілегей сынды кілкілдеп тұнып жатқанына кіпісіз көзіміз жетті. Сондықтан ол тереңірек үңіліп, қисыннан қиыс іздеген кезде, әлдеқандай «саяси тапсырыстың» сұлбасы сияқты болып әсер бере түседі.
Осында ілкіден іркітті іске ізгі бастары шатылған облыс басшылығы қызметкерлерінің арасында біздің ең жақын білетініміз, сол себепті қолы мен жаны таза азамат екеніне бәрінен бұрын кенеусіз кепілдік бере алатынымыз Мұрат Имандосов екен. Олай болатыны – біз ертеректе Қазалы ауданының әкімі болған, облыс аумағында кәсіпкерлікке алғашқылардың қатарында бет бұрып, ауыл шаруашылығы саласында ерекше орны бар «Рза» атты кешенді кәсіпорын құрған әкесі Самұрат Жұманұлы Имандосовты көп адамға шапағаты мен шарапаты тиген, жоқ-жітікке үнемі қамқор қолын созып, қайырымдылық қадамдарын қарыштатып келген айтулы азамат ретінде жақсы білетін едік. Өзіміз «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып ұзақ жылдар қызмет еткенімізде, бұл кісінің осы шалқыған шаруашылығы мен шапағатты шаралары туралы басылымға бірнеше рет мақала да, арнайы бет те шығарғанбыз. Бала жасынан сондай бар жерден шыққан, тоқтығы ешқашан шайқалмаған Мұрат та тура әкесі сияқты біреудің сынық жібін жерден көтеріп алмайтын тазайын, қолынан келсе, тарыққаннан жәрдемін аямайтын нағыз мырза жомарт болып қалыптасып жетілді. Жасыратыны жоқ, әкесі мен оның шаруашылығын көптен бері дөңгелентіп жүргізіп отырған інісі Нұрланның арқасында Мұрат қазір де тұрмыстан тапшылық көре қоятындай хәлде емес еді.
Бұған кепіл бола алатындай тағы бір уәжіміз – біз қазіргі кейіпкерімізді ол сонау 1994 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп келіп, өзі туып-өскен Қазалы ауданында салық бөлімінің жай инспекторы болып қызметін бастаған кезінен білеміз. Мұнда он жылға жуық қызмет етіп, бөлім бастығының орынбасары дәрежесіне дейін өсті. Ал Шиелі ауданының салық бөлімін басқаруға барған кезінде бұрынғыдан да жақын тани түстік. Осылай қызмет сатысымен ақырын көтерілген ол кейін облыстық салық комитеті бастығының орынбасарлығына да жетті. Бұдан кейін облыстық монополияға қарсы күрес басқармасын басқарды, аймақ аралық инспекцияның бастығы, Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімі болды, соңынан облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Міне, осы қызмет өткелектерінің бәрінде оның соңынан бөтен сөз ерген жоқ, ол қайда да өзінің текті жердің түлегі, ұлағатты ұяның ұрпағы екенін көрсетіп жүрді.
Енді сот жүйесінде Мұрат Имандосовқа қатысты бір ғана «жаптым – жала, жақтым – күйе» деген қағидатқа құрылған істің жайына келейік. Оның қылмыстық сот өндірісінің негізгі принциптерінің бірі – «кінәсіздік презумпциясы» тәртібін әу басынан сақтамау арқылы жасалғаны соқырға таяқ ұстатқандай болып көрініп тұр. Мұны сезініп, байқау үшін тіпті заңгер болып та қажеті жоқ. Осылайша қылмысы сот жүзінде ақиқи дәлелденбестен, үзірлі үкім шығарыла салған. Ал Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексі 28-бабының1-тармағында «Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi» деп анық атап көрсетілген. Міне, ең ғажабы, Фемида кеңсесінде заңның тап осы баптары орындалмай, аяқасты етіліп отыр.
Дау-далабаның басы Арыс қаласын қалпына келтіруге көмектесу үшін бөлінген 80 млн теңге шенділер арасында талан-таражға түсіп кетті деген жай дақпырт сөздің сүлгесінен арна тартады. Кейін анықтай келгенде, бұл ақшаның бір тиынын да әкімдердің алмағаны, Арысқа бюджеттің ақшасы жіберілгені, ал айыптаушылардың бар мақсаты облыстың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовты қалайда жазықты етіп, соттатып жіберу, сол үшін оның айналасындағыларды қоса тартып, оған қарсы мәлімет беруге мәжбүр ету болғаны су бетінде қалқып көрінген майдай айғақталып шыға келді. Бар мақсаттары бұрынғы әкімді отырғызу болған ақкөз ақилық пен қара көкірек кесепаттық тап сол қылмыс жасалды деп отырған уақытта Қуанышбек Ысқақовтың облыс әкімі емес, әлі әкімнің орынбасары болып жүргенін де, Мұрат Имандосовтың тіпті облыс аумағында болмағанын да ешбір қаперлеріне алғыздырмайды. Шын мәнінде ешқандай қылмыс жасалмағаны, ал сол жасалмаған қылмысқа тартылып отырған айыпталушылардың бұл іске титтей қатыстары жоқтығы көзге ұрып көрініп тұрғанына қарамастан, бұлардың бәрі бірінші сот инстанциясында жаза алып шықты. Біз осылай «қылмыссыз жаза» деген ұғымның классикалық үлгісін әлі имандылығы мен адамгершілігін жоғалта қоймаған қазақы аймақтың жұртында көрдік.
Мен бұл жерде өзіме дейінгі авторлардың осы оқиғаның өрбу процесі суреттелген баяндауларын қайталап жатпаймын. Оның фабуласы бүгінде көпшілікке кеңінен мәлім. Мен тек осы істі тергеу барысында қаншалықты қысым көрсетіліп, бопсалау жасалса да, өзінің кінәсіз екенін айтумен бірге, бұрынғы бастығының үстінен өтірік деректер беруден үзілді-кесілді бас тартқан, өзі секілді жазықсыз адамды жазықты етіп көрсетуге ары бармаған бір сөзді, адал кейіпті, жүрегіне иман ұялаған Мұрат Имандосовтың қайсар мінезі мен зор адамгершілігіне ерекше назар аудартқым келеді. Мұндай адал адамды жазықсыз соттаудың орнына, керісінше марапаттау керек.
Менің бұлай деуіме жақында әлеуметтік желі бетінде жарияланған мына деректер тағы бір себеп болып отыр. Онда антикордың тергеуінен кейін Мұрат Имандосов пен Марат Делмұхановтың (облыс әкімінің бұрынғы орынбасары) арасына жүргізілген диалогтан үзінді келтіріледі. Мәтін қамауға алынғандарға облыс әкімінің үстінен «көрсетім (показание) беруге обработка» жасалғанын аңғартады. Оны жариялаған Lyazzat Akhatova «Іске дәлелдеме ретінде тіркелген аудижазба осыны көрсетеді. Істің 14-ші томының 65-ші бетінде екі орынбасардың 01.04.2019 жылғы әңгімесі диктофонға жазылып қалған диск бар», – деп жазады.
Бұдан әрі жазбаға кезек берейік (мәтін сол қалпы жарияланып отыр):
«Ол жерде М.Делмухановқа М.Имандосов антикордың қызметкерлері өзіне «әкім тапсырма берді деп айт, обналичивать етіп әкеліп бер деп тапсырма берді деп айт», – деп қысым көрсетіп жатқанын атап көрсетеді. Сондай-ақ, М.Имандосов оларға олай өтірік айта алмайтынын айтқанын, оған тергеу органы қызметкерлерінің ренжіп жатқандығын айтады.
Сөзбе сөз келтірсек:
Д: – «Вы должны защищаться вдвоем» деп айтып жатыр (антикор қызметкерлері)
И: – Жоқ енді, зашищаться еткенде, не деп зашищаться етеміз? Өтірік айтамыз ба енді? Ертең оны за ложные показания деп тартып кетеді ғой… Пешенемізге көрініп тұрған шығар, көреміз оны, конечно, оңай емес. Соның бәріне Құдай қуат берсін. Қазір өтірік айтып, свободада жүрген кезде, жүре алмайсың ғой…
Д: – Жібермейді дейсіз ғой?
И: – Конечно…
Бұл жерде Мұрат Имандосов тергеу органдары тарапынан қалай үгіттесе де, өтірік айтып, жалған жауап бере алмайтынын айтып отыр…»
Жоғарыда атап өткенімдей, мен жасы көп кіші ініміз Мұратты бұрын да қатты құрметтеуші едім. Ал мына жолдарды оқығаннан кейін оған деген құрметім екі есе артып кетті. Осындай ұлағатты ұл, атпал азамат өсіргеніне Сәкең де риза болуы керек қой деп ойлаймын.
Сосынғы бір мәселе – осы дүрбелеңнің бірден белең алып, ушығып кетуіне дүмпу берген азаматтар енді жағдай бүкіл елге белгілі болып қойғаннан кейін, құдайлығына барып, өздерінің шындыққа жанаспауды былай қойғанда, төрт жағынан от қойып, балқытса да, қабырға құрап қалыптаса кетпейтін бұрынғы көрсетімдерінен бас тартып, әңгіменің ашығын айтқандары дұрыс. Әйтпесе, олар осындай ауыр жүкпен бұдан ары қалай өмір сүреді? Өздері жеңілдеп қалулары үшін бастапқы қалыптарына келіп, арларын арашалап алулары керек-ау.
Осыдан бір күн бұрын ғана біз Facebook әлеуметтік желісінде: «Айыпталушының шын мәнінде жазықсыз екенін біле тұра оны жазалау – барып тұрған қаныпезерлік пен қаскөйлік қана емес, бұл – осы міндет сеніп тапсырылған судья үшін екі есе ауыр жасалған қылмыс. Қияметтің қыл көпірі үстінде мұндай құныкер құнсыздың беретін жауабы да екі есеге ауырлай түседі» деген тұрғыда пост жаздық. Осы айтқанымыз – айтқан. Бұған иманымыз кәміл. Кім-кім үшін де адамға жасалған көпе-көрнеу қиянат пен ардан аттайтын азапты азар ешуақытта тектен-тек кетпейді. Бұған қосарымыз тек: біздің бәріміз – пендеміз, пенде болғасын ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір Құдайдың алдына барамыз, соның пайымына жете алатын қайсыбір пенде де өзінің арын сыйламаса да, өз арының алдында жауап бергісі келмесе де, ұрпағы үшін Құдайдан қорқуы керек қой!
Серік ПІРНАЗАР,
Қазақстан мәдениет қайраткері, ТМД елдері бұқаралық ақпарат құралдарының үздігі