Шиелідегі оқушы өліміне кінәлі жасөспірім сот жүзінде жазаға тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қазан. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы орта мектепте оқитын оқушының қазасына қатыстары бар жасөспірімдер сот алдында жазаларын алды. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қызылорда облысында кеуде тұсынан соққы алған жасөспірім жүректің рефлекторлық тоқтауынан қайтыс болды. Екі оныншы сынып оқушысы сот алдына келді», – делінген хабарламада.
Соттың Facebook-тегі ресми аккаунтында хабарланған ақпаратына сай, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған сотталушылар Қ. мен Ж-ға қатысты (ҚР Қылмысты кодексінің 106-бабы 3-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, 293-бабы 2-бөлігі 1) тармағы – бұзақылық) қылмыстық іс қаралды.
Шиелі ауданы Қодаманов атындағы (бұрынғы «Төңкеріс») ауылындағы №158 мектептің 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге әңгіме арасында төменгі сыныпта оқитын 9-сынып оқушылары өздерімен амандаспай, сыйламаушылық танытып жүргенін алға тартып, оларды тәртіпке келтіру үшін ауыл шетіне жиналғаны белгілі болды.
«Сотталушы Ж. бір қатарда тұрған 9-сыныптың оқушыларын беттерінен бір реттен ұрып шыққан. Сотталушы Қ. бұл әрекетті жалғастырып, оқушыларды ұрып келе жатып, жәбірленуші А-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір мәрте қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жүрегінің рефлекторлы тоқтауына әкеліп, ауыр дене жарақатының салдарынан ол қайтыс болған», – делінген хабарламада.
Сотталушы Қ. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ал сотталушы Ж. өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге «кеуденің жабық жарақатынан жүректің рефлекторлы тоқтауы, жедел жүрек-қан тамыр қызметінің жетіспеушілігі» ауыр дәрежелі дене жарақаты келгені анықталған», – делінген сот хабарламасында.
Кәмелетке толмаған сотталушы Қ., ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталушылар Қ. мен Ж. ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оларға қатысты қылмыстық істің осы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.