Спортты сақалдылардан тазартпаса болмайды, спортшылардан намыс қашты (видео)
АСТАНА. 17 шілде. Отандық «Октагон» лигасының президенті Нұраддин Садықов қазақ спортында діңкештердің көбеюі салдарынан спортшылар рухының сынғанын айтады. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Діни ағымдар ең бірінші күрес түрлеріне келді» дейді ол. «Бұлардың бәрі аманатқа қиянат жасап жүр» дегенді де айтты сосын.
«Октагон» лигасының президенті Нұраддин Садықов «Бірінші бол» YouTube-каналының эфирінде осылай деді. Оның айтуынша, жат ағымға ерген спортшы жігіттер ел абыройы мен намысты екінші орынға ысырып қойған.
«Жат діни ағымдар ең алдымен күрес түрлеріне кірді. Өйткені, Пайғамбарымыздың сүннеті күрес дегенді алға тартады, бетке ұруға болмайды дейді. Содан қазір енді тек күрес емес, спорттың басқа да түрлеріне дендеп кіріп алды. Мұның ең қауіпті жері – ұлттық рух дегенді жояды. Мәселен, бұрын Ермахан ағаларымыз (Ыбрайымов – авт.) рингке «әруақ» деп шығатын. Бекзат марқұмға (Саттарханов – авт.) жолға шығарында «әруақ қолдасын» деп үлкендер бата берген. Мұның бәрі – жат ағымдар үшін жат дүние.
Бірақ сол кездегі спортшыларда рух деген нәрсе болды. Олар жеңілсе, жылайтын еді, намыстан жылайтын еді. Ал қазіргілер не дейді? «Алланың жазғаны осы» дейді де кете береді. Яғни, бұл спорттағы рухты алып кетті», – дейді Садықов.
Оның пікірінше, дін әр адамның жеке мәселесі болуы тиіс. «Ал мемлекеттің, елдің мүддесі ешқашан діннен кейінгі екінші орынға сырғымауы керек» дейді ол.
«Сен (спортшы – авт.) осы жолға жету үшін қаншама жолдан өттің, қаншама бәсекелестің жолын кестің. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болдың. Арқаңа жүк арқалап келдің, елдің намысын қорғаймын деп келдің. Артыңда жолы болмаған қаншама бала қалды. Енді сен сол арқалап келген міндетіңді орында!
Мемлекет біздің берген салықтан бөліп, жетім-жесірдің аузынан жырып саған қаншама ақша құйды: интернатта жатқаныңды көтерді, киіндірді, тамағыңды берді, жарыстарға тегін бардың, оқу-жаттығу жиындарына тегін бардың. Яғни, мемлекеттің аманатын сен мойныңа артып келіп тұрсың. Егер сен діндар болсаң, дінде аманатқа қиянат жасауға болмайды деген бар, ал сен қиянат жасап отырсың ғой. Сонда сенің ұстанған дінің не болды?
Қандай жағдай болмасын, жарысқа келдің бе, елдің абыройын түсірмей, жеңіп шығуың керек. Ал біздегілер не дейді: «Алла солай шешті, ары қарай мәселе жоқ» деп қолын сілтей салады. Дұрыс дайындалмадым деп ешқашан мойындамайды» дейді спорт функционері.
Оның айтуынша, спорттағы діни жат ағымдар мәселесімен құзырлы органдар айналысуы тиіс.