Хабиб француз президентіне қатқыл жауап қайтарды
МАХАЧКАЛА. 30 қазан.Дағыстандық ашық жекпе-жекші Хабиб Нурмагомедов Франция президенті Эммануэль Макрон мен басқа да француз шенеуніктеріне қатқыл жауап қайтарды. Бұл туралы «Реальное время» хабарлады.
«Ресейлік жекпе-жек жауынгері Хабиб Нурмагомедов Франция президенті Эммануэль Макрон мен басқа да француз өкілдерін қатты сынға алды», – делінген онда.
UFC-тің жеңіл салмақтағы чемпионы өзінің жауабын Instagram-ға салған.
Нурмагомедов Макрон мен оның сөзіне ергендер «сөз бостандығы ұранымен бір жарым миллиард мұсылманды қорлап отырғандарын білмей отыр» деп есептейді.
«Біз, мұсылмандар, Мұхаммад пайғамбарды (Аллах оны есіркесін және қолдасын) аналарымыздан да, әкелерімізден де, балалаоымыздан да, әйелдерімізден де, жүрегімізге жақын басқа адамдардан да артық жақсы көреміз. Маған сеніңіздер, бұл арандатушылықтарыңыз енді босқа кетпейді», – деп жазды ол.