Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Өзбекстанда түрколог-ғалым ковид індетінен қайтыс болды

ТАШКЕНТ. 30 қазан. Өзбекстанда шығыстанушы ғалым, түрколог Андрей Кубатин кеше 36 жасында коронавирус індетінен жантәсілім етті. Бұл туралы «Газета.Uz» хабарлады.

«Коронавирус қоздыруынан денсаулық жағдайы асқынып кеткен шығыстанушы ғалым Андрей Кубатин қайтыс болды. Ол 2017 жылы мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен сотталған болатын. ал 2019 жылы ақталып шықты», – делінген хабарламада.

Шығыстанушы ғалым 15 қазанда ауруханаға жатқызылған. Кейін оның коронавируспен ауырғаны анықталған. Осы аурудың асқынып кетуі салдарынан қайтыс болған.

2017 жылы ғалым Өзбекстан Қылмыстық істер кодексінің 157-бабы («отанын сату») бойынша 5 жылға (апелляцияға дейін 11 жыл берілген) бас бостандығынан айырылған. Айыптаудың версиясына сәйкес, ол сирек кездесетін кітаптардың сканерден өткізілген нұсқасын шетелдік ғалымға беріпті-міс. Осыдан кейін халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар мұның қолдан жасалған айып екенін мәлімдеді.

2019 жылғы қыркүйекте ғалым Ташкент облыстық қылмыстық істер сотының шешімімен толық ақталды.

Кубатин Ташкент мемлекеттік шығыстану институтының Қытай тарихы кафедрасында істеген. Ол Орталық Азия халықтарының орта ғасырлардағы тарихын, түркі халықтарының тарихын, сондай-ақ иран халықтарының тарихы – иранологиямен, согдологиямен зерттеумен айналысқан. Ғалым «Фергана» сайтына берген сұхбатында өзінің негізгі монографиясы «Түрік қағанатындағы атақтар жүйесі: генезис және сабақтастық» деп аталатынын мәлімдеген.

Қазақтың белгілі ақыны, зерттеуші Қасымхан Бегманов осы қаралы хабарға байланысты өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында пост қалдырды.

«Ташкенттен қаралы хабар жетті. Өзбекстандық турколог Андрей Кубатин 36 жасында дүниеден өтті. Біз түркі дүниесінің үлкен жанашырынан ерте айырылып қалдық. «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының Өзбекстан бағытындағы сапарында Ташкентте Андреймен кездесіп танысқан едім. Басында тақия, қолында тәспі. Аузында түркі дүниесі. Иманды, ізетті жас жігіт болатын.

Иә, 2008 жылдың сәуір айының басында біз экспедициямен Ташкент, Ферғана, Қоқан бағытында болдық. Содан бері арада 12 жыл өтіпті. Андрей қазақша, өзбекше еркін сөйлейтін. Менің «Мұстафа Шоқай жолымен» атты тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабымда Андрей Кубатиннің сол Ташкентте өткен, дөңгелек столға қатысып өзінің ойларын айтқаны жайлы арнайы тоқталып өткен едім. Осы аттас деректі фильмде есімін құрметпен атап өткенмін. Түркі дүниесін ерекше жақсы көретіні оның сөздерінен анық аңғарылып тұратын. Елгезек, білімді, парасатты азамат еді. Өмір деген осы, жарық жұлдыздай ағып түсті. Кейінгі өмірі, тағдыры ауыр болды. Жала жабылды. Өзбек билігіне жақпады. Түрмеге түсті. Ақталып шықты. Біз оны сақтай алмадық. Қорғай алмадық. Өкінішті, өте өкінішті. Иә, өмір сүру оңай емес. Андрей Кубатин жас болсада түркі дүниесіне қатысты тарихты қопарып зерттеп көп іс бітіріп кетті», – деп жазды ол.

Жаны жәннатта болсын!

 

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button