Қордай оқиғасына байланысты 7 әскери қызметкер сотталды
АЛМАТЫ. 1 қазан. Алматы гарнизонының әскери соты Қордай ауданында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жеті әскери қызметкерді соттады. Бұл туралы Бас прокуратураның дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Сот үкімі 29 қыркүйекте шығарылды.
«Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен ұрлық жасағандары және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандары үшін әскери қызметші У. Атанбаев, сондай-ақ А. Тілеуғалиев, А. Нұраханов, Е. Буралкинов, Р. Бежібай, М. Дүйсенбаев және Б. Ибрагимов 3-тен 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Баспасөз парақшасында бұрын тергеу барысында У. Атанбаевқа және оның сыбайластарына қатысты материалдар істің әскери соттың соттылығына жатқызылуына байланысты жеке іс жүргізуге бөлектеніп алынғаны айтылған.
Сонымен қатар 21 шілдеде арнайы прокурорлар 51 адамға қатысты тергеуді аяқтады.
Оларға биылғы жылғы ақпан айында «Масаншы», «Бұлар батыр» және «Ауқатты» ауылдарында болған оқиғалар барысында күш қолдану, кісі өлтіру, мүлікті өртеу және қирату, жаппай тәртіпсіздіктерге арандату және билік өкілдерінің талаптарына бағынбау бойынша айып тағылды.
Қазіргі таңда айыпталушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуда, содан кейін іс сотқа жолданатын болады.
Еске сала кетейік, сондай-ақ наурыз бен тамыз айлары аралығында полицейлерге қарсылық көрсетіп, зәбір-жапа берген ағайынды Воингуйлардың (олар 18 наурызда 1,5 жылға бас бостандықтарынан айырылды), Құдашбаевтарға қатысты қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргендері және бұзақылық жасағандары үшін әкелі-балалы Юнхулардың (24 сәуірде әрқайсысы 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды және шектелді), 54 дана «Молотов» коктейлін дайындағаны және тасымалдағаны үшін Р. Вейсердің (12 тамызда 3 жылға бас бостандығынан айырылды) қылмыстық істері сот жүзінде өзінің бағаларын алды.