Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясын Дариға басқарады
АСТАНА. 30 қыркүйек. Қазақстанның жаңа парламентіндегі «Нұр Отан» фракциясын Дариға Назарбаева басқарады, ал оның сіңлісі Әлия мұнда өзінің партиясымен келеді. Бұл туралы телеграм-арналар дерегіне сілтеме жасаған K-News хабарлады.
«Қазақстан БАҚ-тары мәжіліс сайлауының жақында мерзімінен бұрын өтіп қалуы мүмкін екенін жазуда», – деп атап көрсетеді қырғыз порталы.
«Бұдан бұрын болжанғандай, сайлауды қайта өткізудің негізгі (жасырын) себебі билік транзитінің келесі кезеңі, оны бөлісу болып отыр. Бүгінгі күні жұрттың көбі (соның ішінде қазіргі депутаттар да бар) парламенттің барынша кең өкілдік алғанын, оның үкіметті енді өзі жасақтай беретінін, ал екі палата фракциялары (әсіресе, төменгі) басшыларының елдің саяси және экономикалық жағына ықпал етудің нақтылы тетіктерін қолға алатынын әлі сезіне қойған жоқ. Бұдан басқа, Ақорданың қазіргі саясаты (бұған президенттің жолдауынан кейін жұрттың бәрінің көзі жетті) соның ішінде мәслихат тұрғысындағы жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің рөлін күшейтуге бағытталып отыр. Оларға да, шамасы, «жаңа» биліктің барынша нақтылы басқаруы үшін «біраз жүк» артып қою керек шығар», – деп жазады портал бұдан әрі.
Сондықтан Елбасының бұдан кейін негізгі ставканы өзінің екі қызына жасауы әбден ықтимал нәрсе – қыздың үлкені билеуші партияның фракциясын басқарса, кішісі билік безбеніндегі келесі партияға жетекшілік етпекші.
Билік транзитін жасау қисынының өзі болашақта Н.Назарбаевтың туған-туыстарына қауіпсіздік кепілін қамтамасыз ету мен билік уәкілдіктерін – күшті парламентті, премьер орынтағын «ұжымдық мұрагерлер» аясы арасында бөліске салып қойып, президентті айтарлықтай әлсірете түсуге бағытталып отырғанын байқатады.
«Біздің бұрын жазғанымыздай, Ресей политтехнологтарын Қазақстандағы осы жұмыстар үшін Бауыржан Байбек пен Нұрлан Нығматуллин тартқан, деседі, дәл қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясының кейін мәжіліс күрсісінен табылатын мүшелерінің ақырғы тізімін жасау жүріп жатыр. Парламенттің төменгі палатасының шамамен 30 пайыздан астамы өзгеріссіз қала береді, бұған қоса, қазіргі мәжілісмендердің үлкен ауқымы өз өкілеттіктерін сақтап қалатын бұдан да консервативті сценарий қарастырылып жатқан көрінеді. Депутаттық орындарын бірінші кезекте өзін партияға, ПӘ-ге, сондай-ақ спикер Нығматуллиннің жеке өзіне ымырагершілікпен қарайтындар ғана сақтап қалады», – деп түйіндейді портал келесі кезекте.
«Нұр Отан» партиясының мәжілістегі өкілдерінің ақырғы құрамын «кітапхана» бекітеді, осы ретте партия праймеризінің тәжірибесі сәтсіз аяқталды деп танылған деседі. Мұнда Ресей политтехнологтары дайындап, Елбасының үстеліне қойған аналитикалық материалдар басты рөл ойнап кеткен сияқты. Ал Бауыржан Байбектің праймериз процедурасы арқылы мәжіліс пен мәслихаттарға жүгенсіз популистерді әкелу жөніндегі ниеті, енді аңғарылып отырғандай, «сайлау алды кезеңдегі» айтарлықтай саяси тәуекелге бой ұрған ойсыздау қадам болып шықты. Енді қараңыз: мәжіліс пен мәслихаттардан праймериз арқылы өз орындарын алып қалмақшы болған он мыңнан аса адамның тек мыңға жуығы ғана сол діттеген мақсаттарына жетеді де, қалған қалың қауымы бір мезетте-ақ іс басындағы билікті тас-талқан ғып сынап, оппозиция жағына шығып кететін болады. Бұл, былайынша, тек билікке наразылардың қатарын ғана көбейтіп қоя салады.
Порталдың жазуынша, слухмейкерлер бұл жерде осылайша Байбек (кейінгі кезде өзінің саяси белсенділігін едәуір төмендетіп алды) пен Нығматуллиннің арасындағы біраздан бері жалғасып келе жатқан шиеліністе бұлардың соңғысының жеңіске жеткенін атап көрсетеді. Қазіргі сәтте Нығматуллин Елбасының қолдауына сүйеніп отыр, ол енді мәжілістегі спикерлік орнын сақтап қала алады. Бұдан бөлек, мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясын Дариға Назарбаева басқарады, бірақ ол парламенттің төменгі палатасы мен партия аралық күресті ғана күшейте алады.
Еске сала кетейік, Дариға Назарбаева бұдан бұрын «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары орынтағынан Байбекті ығыстырып шығарып, сол орынға өзі барған еді.
Бүгін праймериз күні басталды. Оның қорытындысын арғы күні білетін боламыз.