Мұғалімдер күні қарсаңында үздік педагогтер анықталады
АСТАНА. 24 қыркүйек. Еліміздің биылғы жылғы үздік педагогтері алдағы мұғалімдер күні қарсаңында анықталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Үздік педагог» атағын беру бойынша республикалық конкурстық комиссия жұмысын бастады. Биыл «Үздік педагог» конкурсының республикалық кезеңіне 144 педагог өтінім берді. Оның ішінде: мектепке дейінгі және орта білім бойынша – 109, техникалық және кәсіптік білім бойынша – 35». Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-тегі жеке парақшасында осылай деп жазды.
«Үздік педагог» атағының иегерлерін анықтайтын конкурстық комиссия құрамында елордадағы ата-аналар комитетінің төрайымы, «Kazakhstan Parents Union» қоғамдық қорының төрайымы, қоғамдық маңызды бастамалар қорының «Әлем мұғалімі – Қазақстанда» жобасының үйлестірушісі, «ADAL BILIM» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жобалық офисінің сарапшылары, «Серпін» ұлттық білім және инновация палатасының директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, кәсіподақ, мемлекеттік және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.
«Мұғалімдер күні қарсаңында конкурс нәтижесі шығарылып, еліміздің үздік педагогтері анықталады», – деп мәлімдеді Шолпан Каринова.
Айта кететін жайт, өткен 9 жылдың ішінде «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздары атанған мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім жүйесінің 432 педагогіне 1000 АЕК ақшалай сыйақы берілді.