Омбылық қазақ келіншек құрбысының 1,5 жасар ұлын ұрып-соққан
ОМБЫ. 11 қыркүйек. Омбы облысының Таврия ауданындағы «Қоянбай» ауылында тұратын келіншек құрбысының 1,5 жасар ұлын ұрып-соғып, аш отырғызып қойған. Бұл туралы «НГС55» сайты хабарлады.
Омбы облыстық ішкі істер департаменті басқармасының баспасөз қызметі 1,5 жасар ұлы бар 20 жастағы келіншектің Таврия аудандық орталық ауруханасынан қашып кеткенін баяндады. Ол соққыға жығылған баласын емдетіп жатқан жерінен кетіп қалған.
Бұдан бұрын жас келіншектің күйеуі өліп қалғаннан кейін Омбы қаласынан «Қоянбай» ауылындағы құрбысының қолына келіп тұрғанын белгілі болған. Құрбысы бастапқыда оны жақсы қарсы алады, жағдайын жасайтынын айтып уәде береді. Бірақ кейін келе құрбысына үйдің бар жұмысын істетіп қойып, бар ақшасын тартып алады. Осыдан кейін оның 1,5 жасар баласын ұрып-соға бастайды. Ал үй иесі әйелдің өзінің үш баласы бар екен, енді төртіншісіне екіқабат көрінеді.
Анықталғанындай, жәбір көруші келіншек ауруханадан қашып шыққан бойда Мәскеуге тартады. Ондағы ойы белгілі ток-шоуға қатысып, болған жағдайды айтып беру болыпты.
«Бізге келген кейбір ақпарға қарағанда, келіншек кеше Мәскеуде танымал ток-шоуға қатысыпты. Тек өзі ғана емес, осы оқиғаға қатысы барлардың бәрі түсіпті», – деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қатты дене жарақатын алған бала 3 қыркүйек күні Таврия аудандық орталық ауруханасына түседі. Оның басында, желкесінде, бетінде көптеген жарақат, сондай-ақ аяқтарында гематома болған. Бала емделу үшін жатқызылады. Бірақ анасы 6 қыркүйек күні оны алып, қашып кетеді. Мұның ақырында ол Мәскеуден бір-ақ шыққан екен.
«Қоянбай» ауылы 1898 жылы ірге көтерген. Мұнда қазір тек қазақ отбасылары тұрады. Ауылды 415 адам мекен етеді.
Балаға қатысты болған оқиғаға байланысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Ол «Жас баланы азаптау» деген бап бойынша көтеріліп отыр.