Башқұрттар Құштау шиханын қорғап қалды
ӨФӨ. 22 тамыз. Башқұртстан президенті Радий Хабиров Құштау тауын қорғаушылармен кездесуде оған айрықша қорғалатын аумақ мәртебесі беріліп, бұл жерден қазбалы жер асты байлығын алу тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Біз бұдан бұрын жазғандай, осы жылдың тамыз айының басынан «Башқұрт сода компаниясы» атты кәсіпорынның осы шихан-төбешік астынан әк қазып алу үшін, оны жермен-жексен етіп бұзуға кіріскен, бұған наразы жұрттың республиканың әр аймағынан келіп, оларға қарсылық көрсеткен, содан кейін іске құқық қорғау органдары араласып, олардың табиғатты қорғаушы белсенділермен қақтығысқа түскен болатын. Мәселеге сол кезде аймақ басшысы араласып, наразы топты мәмілеге шақырған. Осыған орай арнайы кеңес те құрылған.
Эко белсенділерінің қарсылық қозғалыстары 15-16 тамыз күндері болды. Осы қақтығыс салдарынан 30 адам қамауға алынып, 90 адамға хаттама толтырылды. Биліктің мәліметінше, екі полицей зардап шеккен.
Осымен мәселеге соңғы нүкте қойылған сияқты. Башқұрт белсенділері қасиетті тауды құрып кетуден сақтап қалды.
Куштау шиханы – республиканың Ишимбай ауданындағы шағын тау, Башқұртстанда қалған үш шиханның бірі. Төртіншісі – Шахтауды «Башқұрт сода компаниясы» шикізат алу үшін толық құртып бітті.
Башқұртстандағы мұндай әк тауларының жасы, ғалымдардың бағалауы бойынша, 230-ден 300 миллионға дейін барады. Олар Пермь теңізі тартылып кеткеннен кейін пайда болған. Содан кейін мұндай шихандар әдемі көріністі орындар ғана емес, Қызыл кітапқа кірген ондаған жан-жануарлар мен өсімдіктердің мекені болып қалған. Жер бетінде мұндай жерлер басқа ешқайда жоқ.