Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар.
Халық мәтелі
– О, жанымның жапырағы сол, монтиып жатысын қарашы!.. – Елубай төр жақтағы құрақ көрпенiң үстiнде құндақтаулы жатқан нәрестесiн қолына алып, мейiрлене иiскедi. – Тәттiсiн-ай, өзiнiң!..
– Байқаймын, сенiң махаббатың балаға ауып кеткен сияқты. Бiздi көзiңе де iлгiң келмейдi-ау, түге! – дедi артынша үйге кiрген әйелi Гүлғайша екi иығынан ентiге дем алған сары самаурынды жаюлы тұрған дастарханның шетiне қойып жатып.
– Сен де осы қай-қайдағыны шығарасың да жүресiң. Жасыңа жетпей ақылыңнан алжаса бастағансың-ау! Жақсы көрсем өз балам емес пе?! – Әйеліне ежірейе қарады.
– Бiресе бала, бiресе мал дей бермей, бiр уақ бiзге де көз қырыңды салып қойсаң қайтедi. Бiз де ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пендеміз ғой. Жасымызға жетпей алжа-мылжамыз шығып, қатқан қайыстай жүрiсiмiз мынау… – Гүлғайшаның дауысынан діріл білініп, жанары жасаурап кетті. – Құдай-ау, мал құрлы қадіріміз болмады-ау!..
– Әй, ақымақ, аузыңнан ақ май ағып отырғаны осы малдың арқасы емес пе?!
– Саған айтты не, айтпады не, бәрібір түсінбейсің!..
– Жап аузыңды, әкең!.. – Қас-қабағы түйіле түскен Елубай ақырып қалды.
Енді аузын ашса шатақ шығарын жақсы білетін Гүлғайша жым болды.
Осы кезде сырт жақтан ат тұяғының дүрсiлi естiлiп, иттер шабалана үрiп қоя бердi.
– Кiм болды екен? – Елубай орнынан жайлап көтерiлiп, тысқа шықты.
– Ассалаумағалейкум, ағасы! – дедi жирен атқа мiнген талпақ қара анадайдан даусын созып.
– Уағалейкумассалам!.. О, Серiкжан, хал-жағдайларың қалай? – деді Елубай қабағы ашылып, – Ауыл-аймақ аман ба? Әке-шешелерiң күйлi-қуатты ма?
– Бәрi өзiңiз көргендей, ағасы. Тегiс аманшылық… Мына Қанат дос екеумiз таңатпастан аң қарай шығып едiк. Қызды-қыздымен талай жерге ұзап кетiппiз. Содан арып-ашып келе жатқан бетiмiз.
– Жолдарың болған-ау, шамасы! Қанжығаларың майлы екен.
– Е, әйтеуiр, бұйырғаны болды ғой. Құдай көпсiнбесін! Мына бiреудi ақ жеңешеме арнайы атып алдық, – дедi Серiк семiз ақ қоянды Елубайдың қолына ұстатып жатып.
– Бәлі, несiне әуре болдыңдар. Кәне, үйге кiрiңдер!
– Бөтен бiреулер ме десем, өз қайныларым екен ғой, – дедi күйеуінің артынан ілесе шыққан Гүлғайша да ерiксiз езу тартып. – Түскi астың үстiнен түстiңдер. Мақтап жүредi екенсiңдер. Төрлетiңдер!
– Сiз сияқты асыл жеңешемiздi жамандап не көрiнiптi, түге!.. – дедi Серiк жөпелдете.
Қорбаңдай басып, үн-түнсiз iлесiп келе жатқан ұзын бойлы, қапсағай денелi сары жiгiт ұйқыдан жаңа оянған жандай марғау ғана:
– Сәлеметсiз бе? – дедi аузы жыбыр етіп.
– Амансың ба, қайным? – дедi оған жүре тiл қатқан Гүлғайша, – Елубай сен өзiң шай құя бер. Мен ет салып жiберейiн.
– Ой, ақ жеңеше, әуре болып қайтесiз. Күрең қою шайыңызды iшiп аттансақ та iшiмiз шұрылдай қоймас!
– Ендi күнде келiп жатқан жоқсыңдар. Бiр асым етпен ырысымыз ортая қоймас.
Төр жақтағы құс жастықты жантая жайғасқан Серiк аяқ жағын ала малдас құрған Қанатқа жымия қарап, көзiн қысып қалды.
– Елеке, – дедi лезде түсiн өзгерте қойған ол мойнын үй иесiне қарай бұрып, – қасқырдың бөлтірігі керек пе? Арзанға сатамыз, тiптi көңiлiмiз түссе бiреуiн тегiн де берiп кетемiз.
– Жоға, тұқымы құрысын, пәлесiнен аулақ! – десе де, бiр сәтке құштарлық сезiмi билеп: – Қайдан алдыңдар? – дедi сұраулы жүзбен.
– Керегетастың жанында қасқырдың апаны бар. Содан алдық. Әжептәуiр өсiп қалыпты, атаңа нәлеттер. Тегi жыртқыш емес пе, кәдiмгiдей айбат шегедi. Бесеу екен, бiреуiн қалдырмай алып кеттiк.
– Қоржындарыңдағы не пәле десем, қасқырдың бөлтiрiгi десеңшi! Оның бәрiн не қылайын деп едiңдер?
– Бiр-екеуiн қолға үйретiп көрсек. Қалғанын сатармыз, болмаса тағы бiрдеңеге жаратармыз. Бұлар қанша жыртқыш болғанымен, қасиеттi аң ғой. Ем-домға да пайдасы бар емес пе?!
Олар ыстық шайдан ұрттап қойып, әңгiменiң қызығына түскен кезде жайлаудағы жайлы тыныштықты бұзып, иттер жарыса үрiп, шәуiлдесiп қоя бердi.
– Бiздi өкшелеп жүрген кiм болды екен? – дедi Серiк елең ете қалып.
– Кiм болар дейсiң, ауыл адамдары шығар! – Елубай аузын жиғанша болған жоқ, ентіге басып келген Гүлғайша ағаш есiктi айқара ашып жiберiп:
– Қасқыр… Қойға қас…қыр шап…ты, – дедi тұтыға айғай салып.
– Не… Не дейдi?! – Орнынан ұшып тұрған Елубай жалма-жан керегеде iлулi тұрған қосауыз мылтығын ала салып, далаға атып шықты.
Қойлар дүркiрей қашып, бет-бетімен бытырап кеткен. Ақжол ғана шабалана үрiп тұр. Ақтөстiң қарасы көрiнбейдi. Екi үлкен қасқыр арттарына жалтақтай қарап тау жаққа қарай салып ұрып барады.
Елубай оқ дарыта алмасын сезсе де, мылтығын кезене берiп, оң жақтағы оңтайлы шүрiппенi балаң үйрек саусағымен басып қалды. Жер дүниенi сiлкiндiре шыққан ащы дауыстан шошынған қос бөрi бауырларын жаза жортып ала жөнелдi де, қас пен көздiң арасында қырқадан асып, көрiнбей кеттi.
Елубай үрке қарап, үрпиiсе қалған қойларға қарай жүрдi. Үш саулықтың тамақталып, қан-жоса боп сілейіп жатқанын көрiп өңi сұрланып кеттi. «Үйдiң iргесiнде жатқан малға шапқан неғылған жүрек жұтқан пәлелер!..» Ашу қысқан Елубай қыңсылап келiп аяқ жағына тығылған Ақжолды керзi етiгiмен басқа бiр тептi. Шаңқ ете қалған көк төбет құйрығын бұтына қыса үйшiгiне қарай секектей жөнелдi. Ол ендi Ақтөстi iздеп жан-жаққа тiнтiне көз тастады. «Екеуi де тайыншадай екен, жарып кеткен жоқ па?!» Кенет, мал қораның жанында тұрған ат арбаның астыңғы жағында бүрiсiп жатқан итiн көрiп, қаны басына шапты. Төбеттің бір жамандықты сезіп жәутеңдегенiне де қарамастан қақ маңдайдан көздей берiп қосауызының оқтаулы тұрған екінші шүріппесін басып қалды. Гүрс ете түскен мылтық дауысынан кейін Ақтөстiң де соңғы рет ышқына шәу ете түскенi естiлдi. Жатқан жерiнде басын бiр қайқаң еткiзді де, сілейген күйі үнi өштi.
Елубай демiн iшiне тарта ауыр күрсiндi: «Мен сенi не үшiн асырадым. Тек ас iшiп, аяқ босатсын демеген шығармын. Жаның тiптен тәттi екен!»
– Елеке, иттiң не жазығы бар? – деп жақындай берген Серiктi жуан жұдырығымен сол жақ шықшыттан ала қойып қалып етпетiнен түсiрдi:
– Ой, әкеңнiң аузын ұрайын, иттiң баласы! Сен бе маған ақыл үйрететiн. Сендердiң кесiрiңнен!..
– Не жаздым, шешең?.. – деп жерден тұра ұмтылған Серiк Елубайдың жағасына жармаса кеттi. Осы сәттi күтiп жатқандай үйшiгiнен атып шыққан Ақжол арс ете атылып келiп, Серiктi кеудесiмен соғып, шалқасынан түсiрдi. Ызалана ырылдаған күйi азу тiсiн ақситып үстiне қона түстi:
– Ақжол… Ақжол… Ка… ка… – деп ашулы төбеттi өзiне шақырып алған Гүлғайша өлi қоянды артқы аяғынан ұстаған күйi салбырата сүйретiп әкелiп, Серiктiң алдына топ еткiзiп тастай салды:
– Арсыз неме, тезірек көздерiңдi жоғалтыңдар бұл маңнан! – дедi бақырып, – Елубай жетер ендi, өзің де білесің ғой, бұлардың қаны сұйық, жазым етуден тайынбайды. Көрдiң бе, қаныпезер неменiң… Қарашы-ей, бесiктен белi шықпай жатып әкесіндей адамның жағасына жармасқанын… Құдай көктей солдырсын, көктей солғыр!..
– Қарғысың айналып өзiңдi тапсын! – Төбеттен именiп, атына қарғып мiнген Серiк оны ала көзімен атып. – Мен сендерге әлі көрсетермiн!.. – Анадай жерде не істерін білмей үн-түнсіз сопиып тұрған Қанатқа мойнын бұрып, – Әй, малғұн, не қарап тұрсың, жүр, кеттiк!.. – деді бұйыра сөйлеп.
– Әкеңнiң аузын ұрайын. Шауып алайын деп пе едiң, боқмұрын! –дедi Елубай олардың артынан айғайлап. – Қолыңнан келсе шауып ал, сiлiмтiк!..
***
Елубайдың түскi тамаққа тәбетi шаппады. Әлдененi бiр ойлап, мазасы қашты. Өлген қойлардың терiлерiн сыпырып, өлекселерiн арнайы қазылған шұңқырға апарып тастай салдыда, көміп тастады. Қасқырлар қойларды тамақтап қана кете берген, басқа жерлерiне ауыз да салмаған. «Апырай, бұлары несi?! – деп басы қатты, – Көк бөрiлер кекшiл келедi деушi едi, бөлтiрiктерiн алып кеткенге өшiккен ғой! Жыртқыш екеш жыртқыштың балаларын іздеп, кектеніп жүргенін қарашы! Құдай сақтасын, әйтеуiр жүрiстерi суыт, кiсi шошырлық!»
Күннiң қызуы қайтып, тас төбеден сәл еңкейе бастаған шақта малын өрiске қарай айдаған Елубайдың ойынан қойға шапқан қос бөрi шықпай қойды. Көңiлi әлденеге алаңдап, жүрегi дүрсiл қағып, қобалжи бердi.
Ауыздары шүйгiнге тиген қойлар бастарын жерден көтермеген күйi шашырай жайылып барады. Ердiң ернеуiне оң жақ аяғын арта жайғасып отырған Елубай арт жағынан шыққан тықырға елең етіп, жалт қарады. Түп-түп боп өскен қияқ, шидiң арасымен жүгiрiп келiп шоқиып отыра қалған Ақжолды көрiп жүрегi орнына түскендей болды: «Иттiң де естiсi, ессiзi болады ғой! Ашу үстiнде бұны да оңдырмадым-ау! – дедi оған мүсiркей қарап. – Сөйлейтiн тiл жоқ, десе де бәрін айтқызбай-ақ түсінеді. Бұндай ақылды төбеттер некен-саяқ. Өмiрiнде көрмеген азабы, тартпаған бейнетi жоқ. Жаны сірі екен өзінің, талай мәрте тура келген ажалдан аман қалды…»
Көзі қырдағыны көріп, ойы қиядағыны шолып, сауысқандай сақ отырған Елубай тау басынан беткейге түсiп келе жатқан қасқырды көзi шалды. Аты да басын жерден көтерiп алып осқырына тау жаққа қарады. «Неғылған жүрек жұтқан пәле… Бағанағы жын соққандай жүрiстерi анау, тегi ажал айдап жүрген шығар!..» – Ыстық қаны қуалай ойнап басына тепкен Елубай «қанды басың, берi тарт!» дедi де, атын борбайлап шаба жөнелдi. Арланның қиралаңдап жүре алмай бара жатқанын байқап, онан сайын делебесi қозып, қызына түстi: «Оқ тиiп жараланған болу керек. Атып алатын болдым. Өзi де тайыншадай екен!..»
Қаракер аяғын кере тастап, көсiле шауып келедi. Ақжол да қалысар емес. Әне-мiне дегенше екi қырқадан да асып түстi. Ерге жабыса еңкейе түссе де, алдыңғы жағынан көзiн айырмаған Елубай көкжалдың бiрте-бiрте шабысын үдете түскенiн байқады: «Жаңа ғана қисалаңдай басып бара жатыр едi, тiптi жақындатар емес қой, өзi! Бойын да тiктеп алған…»
Денесi қызып, бауырын жаза түскен қаракер бастырмалатып арақашықтықты қысқарта түскен кезде жанталаса зытып ала жөнелген айлалы арлан көздi ашып-жұмғанша тағы бiр қырқадан асып түсiп, шөптесiнi мол қалың тоғайға зып беріп кiрді де, көрiнбей кеттi.
Елубай тоғайды айнала шапқылап айғай салды, қиқуға басты. Бiр-екi мәрте мылтық та атты. Бiрақ қайда кіріп кеткені белгісіз, қасқырдың қарасы көрiне қоймады.
Ендiгi тiрлiгiнен түк шықпасын сезіп, атының басын керi бұрды. Иесіз қалған отары енді есіне түскендей, алаң көңілмен далақтап шаба жөнелдi. Жасыл жотаға шыға бере артына бір қарап еді, айлалы қасқыр тоғайдан шығып, «қайда кетіп барасың, мен мұндамын» дегендей, қасқая қарап тұр екен. Бірақ оған қайта қайырылғысы келмеді. Басына сумаңдаған суық ойлардың бiрi кiрiп, бiрi шығып, жүрегі атша тулады: «Алпыс екі айлалы түз тағысы оңайлықпен алдыра қояр деген, – дедi өзiне-өзi жекiп, – «ақымақ бас – аяқтың соры» деген осы шығар. Малды иесiз қалдырып, ит-құс қуған немдi алған. Өзiм де есерсоқпын ғой, бостан-босқа арамтер болып… Қасқыр екеш, қасқыр құрлы ақылым жоқ-ау!..»
Малына алаңдап, аласұрып келе жатқан Елубай өзен жақ бетте бiр топ қойды дүркiретiп қуалап жүрген тайыншадай қасқырды көрiп, жон арқасы шымырлап қоя берді: «Қап, атаңа нәлет, бұл қай жақтан келе қалды екен?! Бiр сұмдықтың боларын жүрегiм сезiп едi!»
Ыстық қаны басына шапшып, ақкөбiк болған арғымағына үстi-үстiне қамшы басты. Қаракер аяғын көсiле тастап құйғытып келедi. Әр жерде теңкиiп-теңкиiп жатқан қойларды көрiп онан сайын шиыршық атты: «Ендi, бәлем, қанша айлакер болсаң да, құтқармаспын, құтылмассың менен!..»
Қатты шапқан ат тұяғының дүбiрiнен сескенген қасқыр басын көтере бiр қарады да, өзендi жағалай жорта жөнелдi. Топ-топ боп өскен тобылғы, қарағанды жарып өтiп, жусанды жазыққа шықты да, кiлт тоқтай қалып, лоқсып құса бастады…
Түз тағысының әр қимылын көзбен бағып келе жатқан Елубай оқ еркiн жетер жерге жеткенде тiзгiндi шiрене тартып қалды да, тоқтар-тоқтамастан атынан секiрiп түсiп, қосауызын кезене шүрiппенi басып қалды. Жұтқан жемтiкті ақтарып тастап, енді орнынан қозғала берген қасқыр бiр жағына қарай қиқаң ете түсті. Жалма-жан бойын тiктеп алып алға қарай ұмтыла бергенi сол едi, гүрс еткен мылтық дауысы тау-тасты жаңғырықтыра қайта шықты. Құйрығын бұлғаң еткiзген қаншық қасқыр қиралаңдап барып шоқиып отырды да қалды. Қашып құтыла алмасын сездi ме, жоқ әлде басқа бiр ойы болды ма, кiлт бұрылып, қарсы салды. Жаралы болса да, жүрiсi тым ширақ. Шойнаңдай басып, шоқақтап келедi. Бұндай оқыс қимылды күтпеген Елубай бiр сәтке не істерін білмей абдырап қалды да, лезде ес жиып, мылтығына қайыра оқ салды. Қол-аяғы дiрiлдеп, өз бойын өзi билей алар емес. Азу тiсiн ақсита ырылдаған жаралы жыртқыш жота жүнiн күдiрейтiп тақап келедi. Елубай көздей берiп шүріппені басып қалды. Сүрiнiп кетiп қайта тiктелген қаншық басын алға қарай соза түсiп, сүйретiле басып ақырын жылжи бердi. Қимыл-қозғалысы шабандау тартқанымен, сұсы басым, түсi суық. Елубайдың маңдайынан суық тер бұрқ ете түстi: «Не деген жаны сiрi, хайуан! – дедi iштей шиыршық атып. – Не де болса тақай түссiн! Не өлiм, не өмiр!..»
Осы бiр сәтте құлағын жымқыра құйғытып келген Ақжол қасқырды кеудесiмен соғып домалатып түсiрдi. Көк майсаға бiр аунап тұрған қаншық ыр ете түсiп, көз iлеспес жылдамдықпен бойын қайыра тiктеп алды. Өзiнен гөрi iрiрек төбетке тарпа бас салуға батылы жетпей, азу тісін ақсита ырылдаған күйi қарсы қарап тұра қалды. Ағызып келген бетiмен алып соғып талап тастардай көрiнген Ақжолдың да алыса кетуге жүрегi дауаламай, көткеншектей бердi. Елубай да қарап қалған жоқ, бар ерiк-жiгерiн бойына жиып, қасқая қалған қасқырдың құлақ шекесiн ала көздей берiп оқтаулы тұрған екінші шүрiппені басып қалды. Көзі шоқтай жанған кәрлi қасқыр «шипам бiттi» дегендей сол жағына қарай сылқ етiп құлады да, қимылсыз қалды.
Терең тыныстаған Елубай аз-кем уақыт байқастап тұрды да, бөрінің бойынан тiршiлiк нышаны байқалмаған соң, еппен басып жанына жақындады. Сiлекейi шұбыра сiлейген долы қаншықтың өлi жүзiнен ашу-ызаның ызғары әлi тарқай қоймапты. Кектене қарап, кекшие қалған: «Жан тапсырар алдында да жан ашуың тарқамапты ғой, байғұс!..»
Маңдайынан шым-шымдап аққан суық тердi жейдесiнiң жеңiмен сүрте салып, асығыс атына қонған Елубай бытырап кеткен малдарын қайырмалап, бір жерге үйіре бастады. Ақжол да шашау шыққан қойларды қақпайлай қуып шапқылап жүр.
Елубай ат үстінде жүріп-ақ қойларын көзiмен түстеп, түгендеп шықты. Қызылала қанға бөгiп, ішек-қарны ақтарылып жатқан алты саулықтан басқасы түгел сияқты. Семiздiгiнен әрең тұратын дәу қара iсегiнiң жер иiскеп жүретiн май құйрығы тұтастай жоқ. Орнынан қан тамшылап тұр. Оны елең қылар iсек жоқ, жайбарақат жайылып жүр. Ерiксiз езу тартты: «Ана құйрықты орып түскен тiс те, қылғытқан кеңiрдек те осал емес-ау!»
Күннiң қызуы қайтып, салқын түсе бастады. Терiстiктен сусылдаған суық жел соғып, сумаңдаған сұр жыландай ысылдап ала жөнелдi. Көңiлi селкеу тартып, әлденеден секемдене берді. «Үйге ертерек жетiп алайын» деген оймен қойларын алдына салып, айдай жөнелдi.
Қос жанары алдындағы отарында болғанымен, ойы онға бөлiнiп, санасы сансырап келедi. Жан-жағына жалтақтап қарап қояды. Шаршауы ендi шыға бастағандай. Бойы тоңазып, жота-жауырыны құрыса қалды. «Бөлтiрiктерiн адамдар алып кетсе, қасқырлар маңайдағы ауылдың малдарына шауып, тыныштық бермейдi» деушi едi көнекөз қариялар. Сол сөз рас болды ғой. Қаншығының өзiн көрмейсiң бе?! Ал ана арланы ше? – Тұла бойы дiр ете түстi. – Маған не болған өзi?!.»
Арт жағына алаңдай мойнын бұрып еді, қара таудың басында шоқиып отырған арланды көзі шалды: «Атаңа нәлеттің қарақұс құсап қаздиып отырысын қарашы! Арам қатырмай тыныштық жоқ-ау!»
Шақшадай басын шарадай еткен ауыр ойлардан арыла алмай қой соңында шаң қауып келе жатқан Елубай:
– Кiмдi ойлап келесiң? – деген ащы дауыстан селк етiп, ат үстiнен ауып түсе жаздады. Құдай қосқан қосағы Гүлғайша екен:
– Не болды саған, қарадан қарап… – дедi сықылықтап.
– Неменеге жетiсiп тұрсың, әкеңнiң аузын ұрайын!.. – дедi оған Елубай едірейе қарап, – Қойға тағы қасқыр шапты. Санап кiргiз.
– Сұмдық-ай, не дейдi тағы!.. – Түсi қашып, бойына үрей билеген Гүлғайша шарбақ қоршауға қарай емпеңдеп жүгiре жөнелдi.
«Менiң бүгiнгi жұмысым осымен бiттi!» дегендей отардан бөлiне берген Ақжол киiз үйдiң жанынан өте бере нәрестенiң iңгәлай жылағанын естiп, құлағын түре тұра қалды. Дауыс iш жақтан шығатын сияқты. Соны сезген кәрi төбет ағаш есiктi алдыңғы аяғымен тырналай ашып, зып берiп iшке кiрдi. Сәби iңгәсi ендi тiптен анық естiлдi. Аузын жаппай шыр-шыр етедi. Ақжол бесiкке тақап келiп, қалай жұбатарын бiлмей мөлие қарап тұрып қалды. Бөбектің бетi ашық жатыр. Бұны елең қылар емес, қызарып-сазарып, шырылын үдете түскен. Оған жаны ашыған ақылды төбет бесiктi тұмсығымен ырғап-ырғап, қозғалта бастады. Бала жылауын қояр емес. Ол енді оң аяғымен жайлап тербеттi. Одан да ештеңе шыға қоймады. Әбден амалы құрыған Ақжол бiр мезгiлде тiлiн созып, ұшын жайлап сәбидің аузына тақады. Нәресте жылауын тас тиып, емшек емгендей сорпылдата бастады.
Дәл осы кезде үйге кiрген Елубай баласының төбеттiң тілін құшырлана сорып жатқанын көрiп, талағы тарс айырылды:
– Әкеңнiң аузын ұрайын, ендiгi қалғаны осы едi, – деп тап бердi. Бiрдеңе бүлдiргенiн сезген Ақжол да жалт берiп, есiк жаққа қарай тұра қашты. Бiрақ құтыла алмады. Мылтықтың дүм жағы жон арқасына сарт ете түстi. Жан дауысы шыға шаңқ ете қалған кәрi төбет қиралаң қағып табалдырықтан зорға аттады.
«Сазайыңды тарттың ба?» дегендей ежiрейе қараған Елубай қайтадан шырылдап қоя берген сәбиiне тақап келiп, бесiктi тербетiп, ыңылдап ән айта бастады:
– Әлди, әлди бөпешiм,
Ұйықтай қойшы көкешiм!..
Нәресте шыр-шыр етіп, шырылдауын қояр емес. Бiреу қылқындырып жатқандай көгерiп-сазарып, iңгалай бердi. Онсыз да терісіне сыймай тұрған Елубай:
– Неменеге бақыра бересiң?! – деп жуан дауысымен ақырып қалды. Шошына дiр еткен бейкүнә нәресте әкесiне бажырая бiр қарады да, баж ете түстi. Күйеуiнiң соңын ала кiрген Гүлғайша:
– Осы сенiң айғайыңды бiледi деген, – дедi күңк етiп. Тiзерлей отыра қалып, жалма-жан көйлегiнiң түймесiн ағытып жіберіп, омырауының ұшын баласының аузына салды. Тер қысып, таңдайы құрғап жатқан сәби анасының емшегін сорпылдатып сора бастады:
– Сен бiлiп қой қатын, тәрбие тал бесiктен басталады, – дедi Елубай төр алдындағы құс жастыққа жантая бере. – Ертең кеш болады!
– Тәрбиесiнiң түрiн… – Гүлғайша ернiн сылп еткiздi.
– Көп қыртпай, тезірек шайыңды жаса. Шаршап келдім, ертерек жатамын.
– Сен тамақ пен ұйқыдан басқа не білесің?! Еріміз бар екенін мүлде ұмыттық қой, түге!
– Әй, әкең, тағы нені қопсытқалы тұрсың? – Елубай әйеліне едірейе қарады. – Мен не ерігіп жүр дейсің бе?! Осылай арса-арсам шығып жүргені бала-шағаның қамы емес пе?!
– Ал қатыныңның қамын кім ойлайды?
– Әй, сайқал, мен білем, сенің бар ғой, сенің ойың жаман!
– Нені білесің?
– Бәрін білемін, иттің баласы! – Елубай ақырып қалды. – Жап аузыңды, әкең!..
Жанары жасқа толған Гүлғайша еппен тұрды да, үн-түнсіз бұрылып кетті.
***
Елубайдың басы жастыққа ерте тигенімен, ойы әлденеге алаңдап, ұйқысы қашып кетті. Әйелі сыртқа шығып кеткен. «Дәу де болса, ошаққа нан жауып жүр-ау! Әй, күндіз-түні бір тынбайды-ау! Біз – ақымақ, осындай қатынды да бағаламаймыз ғой! Айтса айтқандай, шынында да көңіл бөлмей кеттім-ау! Қанша дегенмен, нәзік жаратылыс иесі емес пе, аялауды, еркелетуді, жылылықты аңсайды-ау! Айтса айтқандай, жиырма бес жылдан бері осы үйдің суымен кіріп, күлімен шығып келе жатқанда қандай рахат көрді, нендей сый-сияпат жасадым?! Тым құрыса жылына бір көйлек әпермеймін ғой! Өзім де бір тоңмойын топаспын ғой, жылы сөз айтып, жанын жадыратудың орнына, аузын ашса болды, жеті атасынан бастап сыбай жөнелемін! Бірақ, қазақтың еркектері «жаным, күнім» деп сызылып тұрмайды ғой, жақсы көретінін айтпай-ақ сездіреді емес пе?! Мен соны сездіре де алмай жүрген сияқтымын-ау!
Қалай айтсаң да, қазақ әйелдері көнбіс-көнтерлі келеді. Қісі сүйер қылығым бар ма, бүкіл жындылығыма төзіп келе жатыр. Ескерткіш орнатпасам да, оны естен шығаруға бола ма?! Қалай сыйласам да жарасады, бөтен емес, балаларымның анасы. Міне, елуге келдік, енді қанша жасаймыз, бір Құдай ғана біледі, анда-санда алдап қояйын!.. Кейінгі кездері тіпті қасына жатуды да сирексітіп барамын… Қазір жатсын, бір жақсылап риза қылайыншы өзін!..» – Миығынан мырс етіп, күліп жіберді. Бірақ Құдай қосқан қосағы үйге кіре қоймады.
Санасын сансыратқан сансыз ойларға беріліп жатып, көзі ілініп кетті.
Әйелінің қашан жатқанын да білмейді, көзін ашып алса орнында жоқ.
Таң атыпты, дастархан жаюлы тұр. Төсектен жайлап көтеріліп, дамбалшаң сыртқа шықты. Әйелі су қайнатып жатыр екен, бұған «Тұрдың ба?» дегендей, самарқау бір қарады да, қолындағы жаңқаларды самаурынның көмейіне салып-салып жіберді. Ләм-мим деп тіл қатқан жоқ, қабағынан кірбің байқалады. «Қап, қара басып, ұйықтап қалғанымды қарашы! – деді іштей өкініп, – Бүгіннен бастап өзгеруім керек! Жарастықта,жарасымдылықтаөмірсүргенге не жетсін, шіркін!»
Жуынып-шайынып алды да, асықпай отырып шай iштi. Ала дорбаға тамақ салдырып, термосқа ыстық шай құйдырып алды:
– Бүгiн түсте келмеймiн. Өзi де аш-арық малды онда-мұнда қуалап жүрiп күйiн кетiрiп алармыз! – дедi әйелiне мойнын бұрып. – Ақжол тұрмады ма, өзi?
– Жоқ, сол кешегi сұлық жатқан күйi жатыр. Бiр жерi майып болмаса сол…
– Майып болмақ түгіл, ғайып болса да өкінерім жоқ!
– Не болған өзі саған, Елубай? – Әйелі тесіле қарады.
– Ааа, жай-әшейін, өзің де білесің, ана бір кекшіл бөрілер көңілімді түсіріп кетті ғой!
– Бастан құлақ садақа! Басымыз аман болсын!
– Иә, оның рас, жаным! – Елубай әйелін құшақтап, бауырына тартып, маңдайынан иіскеді.
Таңырқай қараған Гүлғайшаның қабағы ашылып, жүзі жадырап сала берді.
– Сенен де «жаным» деген сөзді естиді екенбіз-ау, ә! Көңілің бүртүрлі бұзылып тұр ғой, өзі бүгін! Түсіңде бірдеңе көргенсің-ау, шамасы! – Сөзінің аяғын әзілге бұрып, сықылықтап күліп жіберді.
– Жоқ, жаным, түсімде емес, ойымда көрдім!..
– Қайырын берсін, әйтеуір! – Әйелі еркелей келіп, ерінің ернінен сүйді. – Мен сені жақсы көремін ғой!
Елубай құшағындағы әйелін «Мен де сені сүйемін ғой!» дегендей, қатты қысып-қысып қалды да, сәлден соң қолын босатып, мал қораға қарай аяңдады. Байлаулы тұрған атынның басын шешіп, үстіне қарғып мінді. Әйелі шарбақ есікті ашып, қойларды шығарды да, алдына салып беріп, қол бұлғап қала берді. Күндегідей емес, көзі күлім қағады, көңілі көтеріңкі.
– Сақ болшы! – деді артынан айғайлап.
Жапан далада жалғыз өзi қалғандай күй кештi. Ойы онға бөлiнiп, мазасыздана бердi. «Әйелге көп нәрсенің керегі де жоқ-ау! Аздап көңіл бөліп, жан жылуыңды сездірсең де жетіп жатыр-ау! «Жаным» деген бір ауыз сөздің өзіне мәз болып, масайраап қалды-ау, байғұс!»
Есiне Ақжол түстi: «Ит те болса, көп-көрiмес екен-ау! – дедiiштей. – Өзiм де ақымақпын-ау, ылғи да ашуым алдымен, ақылым соңынан жүредi».
Күн ұзақ осындай ой құшағында жүрiп, кешке қарай үйiне сүлесоқ оралған Елубай атынан түсе салып Ақжолдың жанына келдi. Кәрi төбет алға қарай көсiлген алдыңғы аяқтарына басын сүйеген қалпы тырп етпестен жатыр. Судан шыққандай сүмпиiп, сүмiрейе түскен. Алдына қойылған тамақ та сол күйi тұр. Нәр татпаған секілді. Iшi де қабыса қалған:
– Бейшара… –Еңкейiп басынан сипай берiп едi, қабағы қарс жабылып жатқан ашулы төбет арс етіп, қауып ала жаздады. Шошына кейiн серпiлген Елубай: «мынаның түрi жаман ғой…» – деп мұрнынан мiңгiрлей керi бұрылып кетті. – Өлмесең өмiрем қап, әкең!..
Сүлдесi құрып, денесi ауыр тартқан Елубай тамағын iшiп жайланған соң, төсегiн салдырып жатып қалды. Шырмауықтай шырмаған сансыз ойлардың бiрiн қуса бiрi кiрiп, көпке дейiн көз iле алмады. Түн жарымында Ақжол бiр түрлi жалынышты үнменұзақұлыды. Елубайдың төбе құйқасы шымырлап қоя бердi: «Өй, әкеңнiң аузы… Өз басыңа көрiнгiр, өз басыңа көрiнсiн!..»
Талықсып барып көзiiлiнiп кеткен екен:
– Түске шейiн жатушы ма едiң?! – деген әйелiнiң ащы дауысынан оянып кеттi.
– Ааа… қазір… міне тұрдым!.. – Елубай орнынан сылбыр көтерiлiп,киiне бастады. – Басымның шағып тұрғанын қарашы!
– Мен де бiртүрлi жайсызданып тұрмын! – дедi Гүлғайша төсек-орынды жинастырып жүрiп. – Ақжол өлiп қалыпты.
– Не дейдi?! – Ол әйелiне аңтарыла қарады.
– Өлiгiн көрсеткiсi келмедi ме, бiраз жерге дейiн жер сыза сүйретiлiп барыпты, байғұс…
– Жүрегi құрғыр да бiрдеңенi сезедi-ау. Жаман түс көрiп жатыр едiм!..
– «Түс – түлкiнiң боғы» деген, не болса соны көңiлiңе алып қалатының-ай, сенiң!..
– Жоқ, жай әншейiн айтып жатқаным ғой. Түсте тұрған не бар дейсiң?! Мен қазiр… – Елубай сыртқа шығып, серейiп жатқан итiнiң жанына келдi. Кәрiтөбетсол жақ езуiнен тiлiн шығара кекжиген қалпы қатып қалған. Көзi де толық жұмылмаған, жартылай ашық жатыр. Бiр сәт әңкі-тәңкі күйде меңiрейiп тұрып қалған ол сәлден соң есiн жиғандай болып, итiнiң өлi жүзiне тағы бiр көз тоқтатып қарады: «Күшiгiнен асырап едiм… Ит-құсқа жем қылмай сайға апарып көмiп тастайын!»
Төбеттi еппен көтерiп иығына салып алған Елубай шарбақ қоршауға сүйеулі тұрған үшкір күрегін алып тау жаққа қарай аяңдады. Ұйқысы қанбады ма, жоқ әлде, ой шаршатты ма, басы солқылдай шаншып келедi. «Маған не болды өзi?! Жүрегi құрғыр да атша тулап, кеудеге симай барады ғой. Бүгiн малды ұзатпай осы маңайға жаймасам…»
Олтереңсайдың ойпаңдау тұсына келгенде тоқтап, кеудесiн кере бiр дем алды да, топырағы жұмсақтау жердi жайлап қаза бастады. Тұла бойын бiр түрлi үрей билеп, жайсыздана бердi. Маңдайынан шып-шып тер шығып,денесi қызып, жiпсiдi. Әп-сәттiң iшiнде кiшкене шұңқыр қазып тастады. Оған итiн оң жақ бүйiрiмен жатқызып, шыққан топырақпен көме бастады. Сорғалай аққан ащы терiн сүртiп алмақ боп бойын тiктей берген кезде тау беткейiнен өзіне қарай құлдилап келе жатқан көкжалды көзі шалды. Бүлкектей басып, ентелеп келедi. Елубай алдыңгүнi өзi қуған арланды жазбай танып, қапелiмде не істерін бiлмей қатты састы. Қашып құтыла алмасын да сездi. Қолындағы күрегiн қыса ұстаған күйi мылтық құсатып кезене шошаңдатып та көрдi. Қасқыр қаймығар емес, ешқандай қауiп-қатердiң жоқтығын iшi сезетiн сияқты. «Бөрі адамның көзiнен қорқады» деушi едi!» Елубай жандалбасалап оның ойнақшыған отты көзiне тіке қарады. Арланның аялдайтын түрi жоқ. Сұсы басым. Жанарын тез тайдырып әкеттi.
– Ажалымның жеткен… Жоқ, мен… Гүлғайша… Балалар… Жо… жоқ… атама, – дедi күбiрлеп. Жанарына жас iркiлдi, иегi кемсеңдедi. Көзi қарауытты, басы айналды. Жүрегi алып-ұшып аузына тығылды. Сол мезет:
– Әке, есiңдi жи! – деген дауыс естiлдi. Шошына селк ете түстi. Осыдан он жыл бұрын құдыққа құлап өлген тұңғыш ұлының жан дауысы.
– Әке, есiңдi жи!.. – Тау-тасты жаңғырықтыра дауыс тағы қайталанды. Жан-жағына жалтақтай қарады. Ентелеп келе жатқан қасқырдан басқа көзiне ештеңе түсе қоймады.
– Әке… Әке…
Арт жағына жалт бұрылған Елубай қарсы алдындағы қара таудың ұшар басында тұрған баласын көрдi. Шашы жалбырап кеткен, үстінде лыпасы жоқ, анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш. Қол бұлғап шақырып тұрған сияқты:
–Мұрат… Мұратым менiң… Сен тiрi екенсiң ғой!.. – Ол ұмтыла берiп, етпеттей құлады. Бойын жиып тұра бергенi сол едi, ырылдап келiп сол жақ иықтан ала түскен ашулы арлан ақсиған азу тiстерiн батырып жiберiп, күтiр-күтiр еткiздi де, жұлқылай тартып қалды. Үстi-басын қан жуып кеткен Елубай есi шыға есеңгiреген күйi тiзерлеп отыра қалды. Көзiнiң алды тұманданып, дүние төңкерiлiп бара жатқандай көрiндi.
– Мұрат… Мұратым менiң… – Ернiн ғана жыбырлатуға шамасы келді. Иiле берiп, етпетінен құлап түстi. – Мұр…ат…
Аузын қандап алақтаған кекшіл көкжал буы бұрқыраған жас етке тұмсығын тығып қомағайлана асап-асап жiбердi де, «есем қайтты ғой, осы да жетер» дегендей, жаймен көткеншектей берiп, жалт бұрылды да, бүлкектей басып жорта жөнелдi.
Жан жағына жалтақтай зытып бара жатқан түз тағысына Көк Тәңiрi нағылет айтқандай қабағын түйiп, түнере түскен. Терең сайдың iшiнде iшек-қарны ақтарылып, қан жоса болған өлiкке қарауға дәтi шыдамағандай ұяң Күн ақша бұлттың арасына сiңiп, жүзiн жасырды. Бар сырын iшiне бүккен паң Дала маңқиған қалпы маңғаздана қалған. Үп еткен жел жоқ. Өлi тыныштықты бұза қарқылдай күлген қара қарғалар ғана далпылдап ұшады…