Кереку жеріндегі кеңес әскері ескерткіші алынып тасталды
ПАВЛОДАР. 5 тамыз. Павлодар облысының Ақсу қаласында кеңес әскері теңізшілеріне арналған ескерткіш бүгін алынып тасталды. Бұл туралы жергілікті мәнбеге сүйенген rast.kz хабарлады.
Бұдан бір күн бұрын «Адырна» ұлттық порталы «Керекуде Кеңес әскерлері дәріптелуде» деген хабар жариялап, онда Қазақстанның күнтізбесінде жоқ КСРО әуе десанты әскерлерінің атаулы күні – 2 тамызда кеңес әскерлерін ұлықтауға арналған кешенді ескерткіш орнатылғаны сын садағына алынған еді.
Белгілі ақын, қоғам белсендісі Арман Қани осыған орай әлеуметтік желіде «Дәл сол күні Керекудегі Кеңес Одағы жауынгарлерін ұлықтауға арналған кешенді ескірткіштің ашылғанын жазғанбыз. Дәл сол күні Керекудегі кеңес десантшылары ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың эпидемияға байланысты жариялаған карантин талаптарын аяқ асты ете отырып, орталық көшелерде заңсыз шеруге шыққанын да айтқанбыз. Мақалада көрсетілген мәселелер жөнінде «Ұлт тағдыры» қозғалысының облыстық ұйымы және отаншыл азаматтар Павлодар облысының әкімі, облыс прокуроры, ҰҚК облыстық департаменті мен облыс полиция департаменті басшыларының атына хат тапсырды», – деп жазды.
Сол сыннан тиісті қорытынды шығарған жергілікті басшылық аталған ескерткішті алдырып тастаған. Ол басшылықтың келісімінсіз жергілікті демеушілердің қаржысына салынған екен.