Челябіде тұратын қазақ отбасы киіз үйге көшіп алды
ЧЕЛЯБІ. 4 тамыз. Челябіде тұратын Аязбек Нұртышев деген қазақ азаматы отбасымен бірге қала сыртынан киіз үй тігіп, отбасымен бірге біржола көшіп алды.. Бұл туралы Telegram-дағы Mash арнасы хабарлады.
Қала тұрғыны Аязбек Нұртышев бұл үшін киіз үйді өзі қолдан жасап, өз талғамы бойынша жабдықтап шыққан. Шамамен 50 адам тұратындай етіп құрастырылған кең ауқымды киіз үй үш бөлікке бөлінген. Оның бірі «ерлер» бөлігі болса, келесі бөлігі әйелдер үшін жабдықталған, ал үшінші бөлігі қонақтарға арналған.
Отағасы өзінің бұл тірлігін баяғы ата-бабалары дәстүрімен өмір сүргісі келетінімен түсіндіріпті. Сондықтан киіз үй орналасқан территорияда ешкі мен жылқы бағып, өсіретін қора жай да салып алған. Ал үйдің өзі ағаштан жасалып, киізбен жабылған. Отбасы мүшелері мұнда көшпенділердің дәстүріне сай киіне бастапты.
Бірақ аты киіз үй болғанымен, онда қазіргі заман игіліктерінің бәрі бар. Үйге электр жарығы келтірілген, тамақтың біраз түрі газ плитасында пісіріледі. Далада сонымен қатар арнайы ошақ та тұр. Мұнда қыста да тұра беруге болады.