Бүгін – бүкіләлемдік қарбыз күні
Осындай да күн бар екен. Ол өзінің бастауын АҚШ-тан алады. Бұл елде көптен бері Ұлттық қарбыз күні (Watermelon Day) атап өтіліп келеді. Бұл туралы Calend.ru жазды.
Құрама Штаттардың халқы қарбыз жеуден әлемде бірінші орын алады. Ол жазғы пикник кезінде атақты хот-дог сияқты бірінші керекті атрибуттардың бірі болып табылады.
Шөлді керемет қандыратын, сонымен бірге оншалықты калориясы жоқ қарбыз шынында өзіне адамдардың ықыласын аударуға тұратын дақыл.
Сөздікке ден қойсақ, кәдімгі қарбыз (лат. Citrullus lanatus) – бақша дақылы, бір жылдық жапырақты өсімдік. Ол асқабақ тұқымдастарға жатады. Оның қабығы әртүрлі болады. Олар ақ, сары, жасыл, ала болып келеді. Ал жұмсақ етінің түсі тек қызыл. Бүгінде әлемнің 96 елі қарбыздың 1200 түрін өсіреді.
Тарихшылардың болжамынша, қарбыздың отаны – Оңтүстік Африка. Оны Ежелгі Мысыр тұрғындарының білгені мәлім. Мұны осында жүргізілген қазба жұмыстары айғақтап берді. Біздің дәуірімізге дейінгі 20-шы ғасырда қайтыс болған перғауындардың қорымдарына қарбыз да қоса көміліп тұрған. Дақылдың тұқымы Тутанхамонның табынынан да табылған.
Қарбызды Ежелгі Римдегілер де білген. Олар қарбызды жаңа үзілген кезінде де, кейін тұздап та жейтін болған. Одан бал қайтанып алуды римдіктер шығарған. Дақыл 10 ғасырда Қытай жеріне жеткен. Қазіргі таңда Қытай қарбызды ең көп өсіретін елдердің біріне айналып отыр.
Қазақстанда Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарында көбірек өсіріледі. Топырақтың ылғалдылығы мен ауа райының әртүрлі болуына байланысты бұл облыстарда өсірілетін сорттары да әртүрлі болады.
Біздің елімізде Сарыағаш жерінде қарбыз бірінші болып піседі.
«Қарбыз» деген атау қазақ тіліне парсы тілінен келген. Оның парсы тіліндегі түпнұсқасы – тарбуз. Сондықтан оңтүстік қазақтарының басым бөлігі бұл дақылды (ғалымдар «жидек» деп таниды) «дарбыз» деп атайды. Өзбектер мен қырғыздар да солай «дарбуз» дейді. Орыстар «арбуз» атауын осы «дарбыз» бен «қарбыздан» алған.