Челябілік депутат Қазақстан қарбызына тосқауыл қоймақшы
ЧЕЛЯБІ. 3 тамыз. Ресей мемлекеттік думасының челябілік депутаты Виталий Пашин Қазақстаннан келетін қарбыздар проблемасын Мәскеуде шешкелі отыр. Бұл туралы «ТоболИнфо» хабарлады.
Депутат Виталий Пашин Оңтүстік Орал астанасында бақша өнімдерін сататын базарларды аралап шығып, олардағы тауарлардың нитраттарын арнайы құралмен тексерттірген. Сонда базарлардағы қауындар мен қарбыздардың бәрі қауіпті болып шыққан.
Депутат баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, тексеріс оңтүстік-батыс колхоз рыноктары мен Ағайынды Кашириндер көшесі бойындағы сауда нүктелерінде жүргізілген. Сонда барлық жердегі қауын-қарбыздарда нитраттардың мөлшері едәуір көп екені анықталған. Егер қарбыздың нормасы 60 мг/кг болса, қауында 90 мг/кг болуға тиіс. Ал тексерілген өнімдерде бұл өлшем 1,5-2 есеге дейін артық.
Әдетте маусым-шілде айларында Челябіге бақша дақылдары Қазақстаннан, негізінен Шымкенттен келеді. Виталий Пашиннің пікірінше, өнімдерді тексеруден өткізу екі елдің шекарасында жүргізілуі керек. Міне, осы іспен «Россельхознадзор» тиянақты айналысуға тиіс. Парламентарий атап өткендей, шетелдерден келетін қарбыздар мен қауындардың сапасын бақылау заң жүзінде күшейтілуі қажет. Осы орайда депутаттың Мемлекеттік думада аграрлық комитеттің мүшесі екенін айта кеткеніміз жөн.
Депутаттың ойынша, қазақстандық диқандар бақша өнімдерін егіп отырғанда оларды тезірек пісіру үшін нитратты аямай қолданады. Олар ең алдымен барынша мол табыс табуды көздейді. Бірақ бірінші планда адамның денсаулығы тұруы тиіс, деп есептейді депутат.
«ТоболИнфо» бұдан бұрын хабарлағандай, биылғы жылдың маусым айында «Единая Россия» партиясы «Халықтық бақылау» жобасының өкілдері де Челябідегі сауда нүктелеріне тексеру рейдтерін жүргізіп, Қазақстаннан келетін бақша өнімдерінің қаншалықты зиянды екенін анықтаған. Ал тексеру қорытындысы қазақ жерінен келетін қарбыздардағы нитраттардың мөлшері нормадағыдан алты (!) есе көп екенін көрсеткен.
«Мұндай қарбыздарды жеу – қауіпті» деген ұйғарымға келді сонда тексерушілер. Олардың тұжырымдарынша, Қазақстаннан әкелінетін қарбыздар тек асқазанды ғана бұзып қоя салмайды, сонымен бірге адамның естен танып құлауына да алып барады. Себебі, нитрат тыңайтқыштары адамның артериалды қысымын күрт төмендетіп жібереді.
Сырт жақтағы сарапшылар осылай деп жатыр. Ал Қазақстанның өз ішіне тарап жатқан Түркістан облысының қарбыздары қандай жағдайда екен? Облыстағы диқандар өз еліміздің тұрғындары үшін бөлек атыз екпейтін шығар.