Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Қолынан келген адам осылай қонышынан баса бере ме?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Көшірмесі:

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажманұлы Асановқа,

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қадырғалиұлы Байбекке

Байқоңыр қаласы, Янгель көшесі, 21А үй, 60 пәтер тұрғыны Елеусінов Ғалымжан Тәжмағамбетұлынан (ұялы тел. 87051957744),

Байқоңыр қаласы, 7-шағын аудан, 23 үй, 27 пәтер тұрғыны Бектаев Ғалымжаннан, (ұялы тел. 87775636868)

ӨТІНІШ

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мәртебелі Президент мырза!

Біз бұл хатты Сізге арнап жазуға мәжбүр болып отырмыз.

Біз, Елеусінов Ғалымжан Тәжмағамбетұлы және Бектаев Ғалымжан, кәсіпорын басшысының еліміздің заңдарын белден басып, бізді заңсыз, себепсіз жұмыстан шығарып жіберуіне байланысты Сізден әділдіктің қалпына келтірілуіне нақты көмек беруді сұраймыз.

Мен, Елеусінов Ғ.Т., 2001 жылдың 25 наурызынан Байқоңыр қаласындағы «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында (РМК) өндірістік участок бастығы, өндірістік бөлім бастығы, 2007-2019 жылдың желтоқсан айына  дейін аталмыш кәсіпорынның бас директорының орынбасары, бас инженер қызметтерін абыройлы атқарып келдім. 2005 жылдың 3 наурызынан «Nur Otan» партиясының мүшесімін. Байқоңыр қаласының ардагерлер футбол командасының мүшесімін.

Мен, Бектаев Ғалымжан, 1995-2016 жылдар аралығында ішкі істер органында лейтенант шенінен подполковник шеніне дейін басшы қызметтер атқардым, запастағы полиция подполковнигімін. 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Инфракос РМК-да заң бөлімінің бастығы, 2018 жылдың қараша айынан жұмыстан шығарылғанға дейін осы кәсіпорындағы құрылыс-көлік участогінің экспедиторы болып қызмет атқардым. «Nur Otan» партиясының мүшесімін, 2018 жылдың қараша айынан бастап Байқоңыр қаласындағы «Инфракос» РМК-да құрылған «Янгелья» бастауыш партия  ұйымының төрағасы болып сайландым.

Біздің жұмыстан шығарылуымызға төмендегідей іс-әрекеттер себеп болып отыр. Қазақстан Республикасы Футбол федерациясының ардагерлері 2019 жылғы 28 қарашада Алматыдан біздің кәсіпорынға хат жолдап, онда  «Инфракос» РМК кәсіпорны ардагерлер командасының  мүшелерімен бірге сол кәсіпорының бас директорының міндетін атқарушы Кенжебек Ирюковтің өзі де 2019 жылғы 15 желтоқсанда өтетін Қазақстан Республикасы «Тәуелсіздік мерекесі күніне» арналған халықаралық  жарысқа қатысуға шақырылды.

Осы келген шақыру хатына бас директордың міндетін атқарушы К.Ирюков 2019 жылдың 29 қарашасында  С.Жарекесовке, Ғ.Елеусіновке, М.Сисекешовке, К.Құдайбергенұлына  «Жұмыс үшін» деп қол қойып, шешім қабылдау үшін берген болатын.

Осыдан кейін кәсіпорын бастығы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы С.Жарекесов бас директордың міндетін атқарушы К. Ирюковке 2019 жылғы 15 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы «Тәуелсіздік күніне арналған» Алматы қаласында өтетін жарысқа бару қажет екенін, жарыс демалыс күндері болатындықтан және өндіріске зияны тимейтіндіктен, кәсіпорын есебінен 5 қызметкерді жарысқа барып-келуіне қолдау көрсетуін өтініп, қызметтік білдіріс жазды.

Негізінде біздің бұл жарысқа баруымызды ұйымдастырып жүрген С.Жарекесов пен Байқоңыр қаласының ардагері Ә.Атабаев болатын. Кейін кәсіпорыннан жарысқа ешқандай  қаражат бөлінбейтіні, өз қаражатымызбен баратынымыз белгілі болды.

2019 жылдың 12 желтоқсан күні басшының атына 2019 жылғы 13 желтоқсанға, яғни бір күнге жалақы сақталмайтын демалыс сұрап өтініш жаздық. Оған бас директордың орынбасары міндетін уақытша атқарушы С.Жарекесов, кадр бөлімінің бастығы Қ.Құдайбергенұлы, бас бухгалтер М.Жидебаева жарысқа баруымызға қарсы еместігі жайында қол қойып, кәспорынға 12.12.2019 жылы №11-01-16/5386 санмен кіріске алынған болатын. Біз өз қаражатымызға поездға билет алып, Алматы қаласындағы жарысқа қатысып, жүлделі орын алып қайттық.

Осыдан кейін нағыз қуғын басталды. К. Ирюков заңсыз себептерді желеу етіп, 2019 жылғы 25 желтоқсанда өзінің № 960-ж/к, 961 ж/қ санды бұйрығымен 2019 жылғы 13 желтоқсанда «бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы болмаған» деген негізге сүйеніп, ҚР Еңбек Кодексі 52-бабының 1-тармағының 8-тармақшасында атап көрсетілген еңбек шартын өрескел бұзып бізді жұмыстан шығарып жіберді.

ҚР Еңбек Кодексі 6-бабының 1-тармағында баяндалғандай, әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды. Сол сияқты Кодекстің 97-бабы 3-бөлігінің  4)-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда жұмыскердің хабарламасы негізінде күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Сонымен қатар, біздің еңбек келісім-шартымыздың 3 тармағының 3.10.2-тармақшасында «Жұмыскердің хабарламасы негізінде жұмыс беруші неке тіркелгенде, бала туылғанда, жақын туыстары қайтыс болғанда, қажет болған жағдайда өзге жағдайларды көрсету, күнтізбелік 5 (бес) күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті делінген.

Міне, осының бәрінде  К.Ирюков еңбек заңын мойындамайтынын, өзінің білімсіздігі мен сауатсыздығын көрсетіп отыр. К.Ирюков 2019 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін «Инфракос» РМК-ның бас директордың міндетін атқарып келеді. Ол бұрын бұл салада мүлдем жұмыс атқармаған, тәжірибесі жоқ, мамандығы мүлдем сәйкес келмейді, конкурссыз бұл жоғарғы лауазымға қалай тағайындалғаны белгісіз. «Инфракос» РМК басшылығына келгенге дейін Байқоңыр қаласында жеке сауда орталығының басшысы болып жұмыс істеген.

Мұның бәрі бас директордың міндетін атқарушы К.Ирюковтің  қалай болғанда да, бізді жұмыстан шығару болғанын,  өз мүддесін жүзеге асыру ғана көзделген заңсыз  іс-әрекеті  деп санаймыз. Осындай әрекеттер өріс алған жұмыс орнында да ешқашан береке мен бірлік болмайды.

Еңбек заңындағы, еңбек шартымыздағы көзделген құқықтарымыз бұзылған соң, Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық соты төрағасына 2020 жылдың наурыз айында әділдік шешім қабылдауға талап-арыз берген болатынбыз (онда бос жүрген уақытымызға жалақымызды төлеуге және жұмысқа қайта орналастыруға). Алайда, 2020 жылғы 21 мамырда өткен Байқоңыр қалалық соты өз шешімімен біздің талап-арызымыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Біз мұны әділеттілік емес деп есептейміз.

Кәсіпорын атынан Қазақстан Республикасының «Тәуелсіздік күніне арналған» Алматы қаласында өткен жарысқа барып, заңсыз жұмыстан босатылғанымыз үшін Сізден адал, парасатты, қоғамның адамгершілік қағидаларыменен әділ әрекет жасауға көмек беруді сұраймыз.

Тағы көрсету

7 пікір

  1. Мұндай бассыз сауатсыз біліксіз басшыларды мойындарынан бүріп алып, құзға қарай лақтыру керек қой! Жүзі де, жүрегі де қара мұндай әпербақанды башсылыққа жолатуға болмайды. Елге сын келтіретін осындайлар. Мұндайлардың президентке сөз келтіретінін ұмытпау керек. Сосын анау сауатсыз судьяның да мәселесін қарау керек. Мұны бұлай қалдыруға болмайды.

  2. Мен бұл Ирюковті білемін. Өзінде жоғары білім де жоқ. Фамилиясын дұрыс жаза алмай отырған адамнан не сұрайсың! Үйреков қой әйтпесе. Уткин – орысша. Ал Ирюков деген фамилия постсоветтік елдердің бірінде де жоқ. Сауатсыз екені осыдан да көрініп тұр. Неомпотентный во всех отношениях. Не только по специальноти. Мұны бұрынғы әкім қойып кеткен болды ғой, шамасы. Алдымен мұның өзін жұмыстан алу керек.

  3. А бұл баяғы Төретамда әкім болатын Кенжебек емес пе? Содан қуылып кетіп, мәгәзінге директор болған. Енді сол мәгәзіненн мынадай екі ел арасындағы компанияға келіпті. Диірмен тартқызатын біреуі болған.

  4. «Тайқы маңдай жігітке қайқы тұмсық басшы тура келеді» деген осы. Қазақты бүлдіретін де осындай шаладүмбілездер. Отызыншы жылдарғы шолақ белсенділер осындай ирюковтерден шыққан. Тап сол заманның прототипі ғой. Как их земля носит, удивляюсь. Ұрпағын ұрады ғой осындай налалар түбінде оның.

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button