Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Бүгін – Имам Хомейнидің қайтыс болған күні

1989 жылдың 3 маусым күні көз жұмған, Имам Хомейни деген атпен танымал болған Иран Ислам революциясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Сейіт Рухолла Мусави Хомейни – биік ойлары және шынайы күш-жігерімен тарихтың бағытын өзгерткен әрі Иран мен әлемдегі үлкен өзгерістердің қайнар көзі болған теңдессіз әрі ерекше тарихи тұлға.

Бұл күні – осы ұлы тұлғаның бұл дүниеден қайтқан күні, Иран халқы үшін ауыр әрі қайғылы күн. Оның Иран тарихындағы маңыздылығына байланысты Имам Хомейнидің қайтыс болғаннан кейін орын алған оқиғалардың кей тұстарын баяндаймыз.

Ұлы имам, Иран халқының жетекшісі мақсаттары мен мұраттары және айтылуы қажет нәрсенің барлығын жария еткен болатын, іс жүзінде де ол бар болмысымен сол мақсаттарға жету үшін талпынған. 1989 жылдың маусым айының бас кезінде имам Алламен кездесуге дайындалған еді. Ол өзінің бар өмірін Жаратушының ризашылығын алу үшін сарп еткен. Ол Алладан басқа ешқандай құдіреттің алдында бас имеген, ал көздері жас төкпеген. Имамның мистикалық өлеңдері қашықтықтың азабы мен Жаратушымен кездесу сәтіне деген құлшыныс туралы айтылған. Осылайша оның асыға күткен, ал ізбасарлары үшін ауыр әрі қайғылы болып табылатын осы сәт те келіп жетті. Имам өз өсиетінде былай деп жазды: тыныштық пен сенімділік тапқан жүрекпен, бақытты рухпен, Алланың рақымына деген шынайы үмітпен бауырларыма деген қызметімді тәмамдап, мәңгілік сапарға аттанып барамын. Сіздердің дұғаларыңызға аса мұқтажбын. Ұлы Жаратушыдан өз қызметімдегі кемшіліктерім мен күнәларымды кешіруін сұраймын. Халқым да кемшіліктерімді кешіріп, бар ерік-жігері және күш-құдіретімен тек алға қарай ұмтылады деп үміттенемін.

Бір таңқаларлығы, Имам Хомейни өлімінен бірнеше жыл бұрын өзінің ғазалдарының бірінде былай деп жазған:

انتظار فرج از نیمه خرداد کشم        سالها می گذرد حادثه ها می آید

(Хордад айының ортасын (маусым айының бас кезі) тағатсыздана күтіп жүрмін, жылдар өтіп жатыр, түрлі оқиғалар орын алуда)

1368 жылдың хордад айының 13 күні, сәйкесінше, 1989 жылдың 3 маусым сенбі күні сағат кешкі сағат 22:22-де Жаратушымен қосылу сәті жеткен еді. Миллиондаған жүрекке Алланың нұрын ұялатып, рухтандырған бір жүрек тоқтады. Ауруханада имамның достары жасырын түрде орнатқан бейнекамера имамның науқастанып жатқан күндері, отбасы мен жан тәсілім еткен мезетін түсіріп алды. Имамның осы күндердегі рухани күйі мен тыныштығы бейнеленген кадрлер телеарналар арқылы көрсетілген кезде жүректерде толқыныс пайда болып, еріндер дамылсыз түрде зікір айта бастады.

Имам өмірінің соңғы кешінде 87 жасында ауыр әрі ұзақ отадан шыққанына қарамастан сәжде қылып, Құран оқыды. Соңғы сағаттарда ерекше тыныштық күйге еніп, Алланың жалғыз екеніне және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Оның елшісі екенін куәлік етіп, қайта қайта шаһадат айтумен болды. Осындай күйде оның рухы бұл жалғанды тәрк кетіп, аспан әлеміне көтерілді. Имамның қазасы туралы хабар тараған кезде, күшті жер сілкінісі орын алғандай болды. Дұшпандық кетіп, әлемнің жер-жеріндегі Имам Хомейнидің есімі және үндеуімен таныс болған барлық адамдар тұтастай аза тұтты. Ешбір сөз бен қалам сол күндердегі адамдардың бақылауға келмейтін жан толқынысын және сол оқиғаның ауқымын сипаттай алмайды.

Иран халқының күйінуі орынды еді. Себебі, аяққа тапталған ар-абыройын қайтарған, зұлым шахтар мен шетелдік ұрыларды өз жерлерінен қуған,  он жыл бойы көптеген ішкі және сыртқы арандатушылық әрекеттер, көтерілістер мен төңкерістерге төтеп берген, батыс және шығыстың екі құдіреті тарапынан жан-жақты қолдау көрген дұшпанмен 8 жылдық соғыста қорғаныс шебін басқарған ұлы тұлғадан айырылған еді. Иран халқы өзінің сүйікті жетекшісімен қош айтысты.

Бұл түсініктермен таныс емес адамдар Имам Хомейнимен қоштасу, жаназасын шығару және жерлеу рәсімдері туралы фильмдерді көрген кезде, бұл оқиғаның азабын көтере алмай жүректері тоқтап қалған ондаған адамның қазасы туралы хабарды естіген кезде бұл оқиғаларды түсінуде дәрменсіз болуы мүмкін. Алайда ғашықтықты білетін, оны бастан өткерген адамдар Имам мен Иран халқының арасындағы байланысты оңай түсінеді. Шын мәнінде, Иран халқы Имам Хомейниге ғашық болған. Имамның қайтыс болуының жылдығында мынадай ұран таңдап алған еді: «Хомейниге махаббат – барлық жақсылыққа деген махаббат».

1368 жылдың хордад айының он төрті күні (4 маусым 1989ж.) Иранның Эксперттер мәжілісі құрылып, аятолла Хаменеи Имам Хомейнидің өсиетнамасын екі жарым сағат бойы оқып біткеннен кейін, Имам Хомейнидің орнын басатын Ислам революциясының жетекшісін белгілеу туралы пікірталас басталды. Ақырында бірнеше сағаттан кейін Имам Хомейнидің (оған Алланың сәлемі болсын) шәкірттерінің бірі, Ислам революциясының көрнекті тұлғаларының бірі, Имам көтерілісінің барлық кезеңдерінде революцияның басқа да серіктерімен бірге жанкештілік танытқан, сол кездегі ел президенті аятолла Хаменеи бірауыздан имам Хомейниден кейінгі Иранның жетекшісі ретінде сайланды.

1368 жылдың 15 хордад күні (5 маусым, 1989 ж.) бойы Иранның жер-жерінен миллиондаған адам өз көтерілісімен құндылықтар мен ар-абыройды қайта жандандырған, бұл дүниеде Жаратушыны іздеп, адамның табиғатына қайта оралу қозғалысын бастаған ұлы тұлғамен қоштасу үшін Теһранның ең үлкен мешітіне жиналды.

Ресми рәсімдерге тән жансыз іс-әрекеттердің ізі де жоқ еді. Барлық қадам шын жүректен әрі махаббатпен жасалған еді. Имамның пәк әрі жасыл жамылған мәйіті миллиондаған аза тұтқан халықтың ортасында асыл тастай жарқырады. Әр адам өз тілімен Имамымен қош айтысып, жас төкті. Мешітке апаратын барлық даңғылдар, көшелер мен жолдар қара жамылған халыққа лық толды.

Аза тұту жалаулары қаланың есіктері мен дауалдарына ілініп, барлық мешіттер мен мекемелерден, орталықтар мен үйлерден Құранның үні естіліп тұрды. Ымырт үйірілгеннен кейін Имам жағып кеткен алауды еске алып, мешіттің алаңында және оның айналысында мыңдаған шам жағылды. Қайғыға батқан отбасылар шамның айналасына жайғасып, көздерін биіктегі жарықтарға тікті.

Енді «Джамаран» мешітінде Имам Хомейнидің жағымды дауысы естілмейтінін түсінген жүректер тағат таппады. Халық түнді Имамның мәйітінің қасында өткізді. Имам Хомейнидің 1357 жылдың 12 баһман күні (1 ақпан, 1979 ж) елге оралуы кезіндегі халықтың ауқымды түрде жиналуы, осындай ерліктің Имам жаназасын шығару рәсімдерінде ауқымдырақ түрде қайталануы – тарихтың таңдай қақтырарлық оқиғаларының бірі. Әлемдік ақпарат құралдары 1357 жылы (1979 ж.) Имамды қарсы алушы халықтың санын 6 миллион адам десе, жаназа шығару рәсіміне қатысқан адам санын 9 миллион деп топшылаған еді.

Халықтың көп жиналып, аза тұтушылардың жағдайының нашарлауына байланысты жерлеу рәсімі тоқтатылып, радио арқылы бірнеше рет берілген хабарламадан кейін адамдар үйіне қайтарылып, жерлеу рәсімі кейінге қалдырылды. Басшылар уақыт өткен сайын Теһранға қарай жол тартқан Имамның басқа да мыңдаған ізбасарлары да аза тұтушы жамағатқа келіп қосылып, адам саны арта түсетітіне нық сенімді болғандықтан, еріксіз сол күні түстен кейінгі уақытта эмоциялар толқыны мен түрлі қиындықтарға қарамастан жерлеу рәсімі өткізілді. Бұл рәсімдер туралы ақпараттар тілшілердің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріне жетті. Осылайша, Имам Хомейнидің қайтыс болуы да, оның өмірі сияқты халық үшін хабардарлық пен оянушылық көзіне айналды.

Имам Хомейни – ақиқат. Ал ақиқат мәңгілік, ол ешуақытта жойылмайды.

Әли КЕБРИАЙЗАДЕ,

Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

 

Имам Хомейнидің жаназасын шығару рәсімі – 15 маусым 1989 жыл – Теһран қаласы

Миллиондаған ирандық пен шетелдік азаматтар Имам Хомейниді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысуда – 15 маусым 1989 жыл

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button