Мырзахметовтің ауыр «мұрасы»

Әр облысқа тағайындалған жаңа әкім аймақты дамытуға арналған түрлі жаңа жоба, ұсыныстармен келетіні белгілі. Ал Жамбыл секілді дотацияда отырған «депрессивті» облысты екі жыл басқарған Асқар Мырзахметов басқаша «ноу-хауымен» есте қалды.
Жаңа әкім айналасына жаңадан команда жасақтаймын деп, көптеген қателікке жол беріп алды. Сонау Нұр-Сұлтан қаласында президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып қызмет атқарып жүрген Талғат Момышевты бірінші орынбасар етіп қасына алдырды. Білім және ішкі саясат жөніндегі екінші орынбасар лауазымына облыстық білім басқармасында басшы болып отырған Сұлушаш Құрманбекованы тағайындады. Ал Құрманбекова болса өзінің орнына білім саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәдениет, мұрағат және құжаттандыру маманы Мүбарак Жинақбаеваны отырғызды.
Ал қалған ұсақ-түйек мекемелердің басшылығына Жамбыл өңірінде маман жоқтай, іргедегі Шымкенттен шақырды. Әкім сол өңірдегі сайдың тасындай қыз-жігіттерді іріктеп алудың орнына тамыр-таныстыққа кеңінен жол ашты. Ал мұның салдары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саланың бәрінде жаңғырық болып, айналып келіп жатты. Тіпті Асқар Мырзахметовтің пиар-менеджерлері әкімнің бет-бейнесін, беделін әлеуметтік желіде қарша бораған сын-ескертулерден арашалап ала алмады. Оның үстіне пиар саласы да конструктивті пікірсайыс жүргізе алатын мамандардың қолына емес, «сен тұр, мен атайын» дейтін бетпақ, көкбет келіншектердің қолына түсті.
Асқар Мырзахметов әкім болып тұрған тұста облыста білім беру және денсаулық сақтау саласы қатты күйзеліске ұшырады.
Facebook желісінде Тараз қаласы ақыл-ойының дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының бұрынғы ұстазы Айнұр Оразалиева мекемедегі жемқорлық, бармақ басты, көз қысты заңсыздықтар жайлы бір жылдан астам уақыт тоқтаусыз жазумен болды. Тіпті белсенді мұғалім облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына кіріп, барлық заңсыздықты жайып салу мақсатында бірнеше мәрте әкімдік алдында жалғыз адамдық пикет те ұйымдастырды. «Әкім қабылдамаса, өзімді-өзім өртеймін» деп талап қойған соң ғана қабылдап, барлық мәселені шешуге уәде берді. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпағанын көзіқарақты жұрт көріп отыр.
Мүбарак Жинақбаева облыстық білім беру саласындағы былықтардың облыс басшылығы жайлы қалыптастырған стереотиптерге де селт еткен жоқ. Айнұр Оразалиева мұндай күрестен ештеңе шықпасын білгесін АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. Қазір ол Ақ үй, БҰҰ кеңсесі алдында Жамбыл облысындағы жемқорлық туралы жалғыз адамдық пикетке шығып жүр.
Былтыр мектеп оқушысы дәретханада зорланып, үлкен резонансқа айналған соң, бірнеше күннен кейін әбден ойланған болуы керек, Мүбарак Жинақбаева қызметінен әрең кетті. Сөйтсек, бұл ханым да мемлекеттік қызметтен түгел кете қоймапты. Асқар Мырзахметов Мүбарак Жинақбаеваны ешкімге білдірместен, айқай-шусыз мәдениет басқармасына әжептәуір қызметке тағайындап кетіпті. Тіпті мұны да аз десеңіз, кеше өткен Мәдениет қызметкері күнінде кеудесіне «Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін» медалін тағыпты. Бұдан өткен сорақылық тіпті де болмас. Бұл мәселе бойынша мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мен қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қызметтік тексеру жүргізіп, заңсыз әрекетке барған қызметкерлерге лайықты жаза қолданады деп үміттенеміз.
Жамбыл облысындағы шаруалар да шаруасын шалқыта алмады. Шу ауданының кәсіпкерлері қаншама жылдан бері қой жүнін өңдеп, жергілікті жерде кәсіпорындар ашуға ұмтылды. Бірақ облыс әкімі тарапынан қолдау таппады. Ал Меркі ауданының шаруалары түрлі қитұрқылықтардың кесірінен жайылымдық және егістік жерлерінен айырылды.
Асқар Мырзахметовтің тұсында облыста қылмыс деңгейі де күрт өсті. Бір қызығы, Асқар Мырзахметов бұрын Оңтүстік Қазақстан облысын (қазіргі Түркістан облысы) басқарғанда бұрынғы генерал-майор Молдияр Оразалиновтың ұлы Асқар Оразалинов сол облыстың ішкі істер департаментін басқарған еді. Жамбыл облысына келгенде тағы да Арман Оразалинов облыстық ішкі істер департаментін басқарды. Қордай ауданындағы контрабанда, есірткі тасымалы, Меркі ауданындағы аурухана қызметіндегі заңсыздықтарға көз жұма қарады. Есесіне, халықпен кездесуде «облыста қылмыс деңгейі 12,8 пайызға төмендеді» деп, екіұшты ақпар берумен айналысты.
Жергілікті билік пен тәртіп сақшыларының салғырттығынан биыл ақпан айының басында Қордай оқиғасы бұрқ ете қалды. 300-ден астам адамның төбелесі кесірінен 30 үй, 15 кафе-дүкен, 23 автокөлік өртеліп, 11 адам көз жұмды. Ауданға келген шығын 1 млрд 700 млн теңгеден асты. Бұл трагедия бүкіл Қазақстан халқын селк еткізді. Мемлекет басшыларының біртұтас, ынтымағы жарасқан мемлекет құруға сарп еткен 30 жылдан бергі еңбегі Асқар Мырзахметов секілді бейғам әкімдердің кесірінен еш кете жаздады. Ал бұрын іскерлігімен аты шыққан Асқар Мырзахметовтің не себепті Жамбыл облысында «қолы жүрмей қалғаны» біз үшін де жұмбақ.
Облыста қордаланған мәселелерді шешу үшін «кризис-менеджер» ретінде танымал Бердібек Сапарбаев басшылықты қолға алды. Араға 15 күн салып Қордайда бір келіден артық героин сатып жүрген ағайынды қылмыскерлер қолға түсті. Контрабанда легі күрт тоқтады. Тәртіп мәселесі қолға алынды. Бірақ алда әлі де атқарылуы тиіс қыруар жұмыс тұр. Ең бастысы, талғамсыз таңдалған кадрларды тазалап, Асқар Мырзахметовтен қалған «ауыр мұрадан» арылу қажет.
Ал бұл іске Бердібек Сапарбаевтың тәуекелі, ерік-жігері мен күш-қуаты жете ме? Оны алдағы уақытта көре жатармыз.
Тоқтар ЖАҚАШ,
«Жас Алаш»
26.05.2020.



