Журналист-жазушы Ерғали Сағат қайтыс болды
АЛМАТЫ. 11 мамыр. Қазақтың белгілі қаламгері, журналист-жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ерғали Сағат 71 жасында қайтыс болды. Бұл туралы «Түркістан» газеті хабарлады.
Ерғали Сағатұлы Сағат 1949 жылы 25 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданының «Ойық» ауылында туған.
Ол 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетіне жұмысқа қабылданды. Осында әдеби қызметкерден бастап бас редактордың бірінші орынбасары дәрежесіне дейінгі сатылардан өтіп, ұзын саны 18 жыл табанды қызмет атқарды. Ал 1992–2005 жылдары «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, 2008 жылдың қаңтарынан «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналының бас редакторы болды.
Осы жылдарда көптеген қаламдас інілеріне ақылшы-ұстаз бола білді, қаншама темірқанат жастың журналистикадағы тұсауын кесіп, кәсіби маман болуына жол ашып берді.
Ерғали Сағат қаламгер ретінде бірнеше деректі және көркем шығармалардың авторы атанды. 1983 жылы «Жалын» баспасынан оның «Даладағы ұлы із» атты деректі повесі жарық көрді. Осы еңбегі үшін республикалық Баубек Бұлқышев атындағы сыйлыққа, 1988 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ғимараттар биіктеп барады» публицистикалық кітабы үшін Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Бұдан кейін жазушы-журналистің «Келелі келешек», «Дін биігіндегі ел», «Ай нұрын төккен қала» деректі публицистикалық және «Өмір-өсиет», «Ғасырдың бір жылы» атты прозалық кітаптары жарыққа шықты.
Ерғали Сағат Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі болды. Әр жылдарда «Әскери үздік қызметі үшін» (1970), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1981), «Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталды.
Осындай журналист-жазушы біздің ортамыздан келмес сапарға кетіп бара жатыр.
Қош бол, қазақ журналистикасының қарымды қайраткері!