Полицейлер карантин кезінде де пара алып жатыр (видео)
АСТАНА. 23 сәуір. Полиция қызметкерлері төтенше жағдай карантинінің режимі күшейтіліп тұрған кезінде де пара алудан аяқтарын тартар емес. Бұл туралы Azattyq ruhy хабарлады.
Олардың дені параны жүргізушілерді блок-бекеттерден өтуге рұқсат еткені үшін алып жатқан көрінеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірқатар әкімдіктер мен полиция қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін пайдаланып, пара алып жатқандарын мәлім етті.
«Төтенше жағдай уақытында қоғамдық тәртіпті, халықтың өмірін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс лауазымды тұлғалар осы сәтті пайдакүнемдік мақсатта пайдаланып жатыр. Өткен аптада бірқатар шенділер төтенше жағдай режимінде тәртіп орнатуға сенім артылғанына қарамастан пара алу қылмысына барды», – деп айтты агенттіктің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарына 1 млн 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдік таңылып жатыр. Күдікті сол арқылы төтенше жағдай уақытында тұрғындардың аудан аумағында еркін жүріп-тұруына рұқсат бергенге ұқсайды.
Аталған облыстағы оперативтік штабтың мүшелері де қала сыртындағы блок-бекеттерден өткісі келген автомокөлік иелерінен 50 мың теңге алған. Қазір Петропавл қаласы әкімдігі қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ал Шымкент қаласында жол полицейі кәсіпкерлердің бірін Жангелдин көшесіндегі блок-бекеттен рұқсат қағазынсыз өткізіп, 25 мың теңге көлемінде пара алған. Ал, қаладағы Қаратау ауданының полиция қызметкері Түркістан қаласының тұрғынын «Таскешу» бекетінен өткізгені үшін 15 мың теңге талап етіпті