Қазақша білмейтін шенеунік вице-министр болды
АСТАНА. 22 сәуір. Кеше Үкімет қаулысымен және Президент әкімшілігі басшысының келісімі бойынша Людмила Бұйрабекова Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Людмила Витальевна Бұйрабекова 1973 жылы Қарағанды облысында туған. 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын, 2004 жылы Қазақ фармацевтика институтын, 2014 жылы Халықаралық бизнес академиясын бітірген. Мамандығы – дәрігер, провизор, іскерлік әкімшіліктендіру магистрі.
Еңбек жолын 2004 жылы Х.Ж. Мақажанов атындағы Қарағанды көп салалы клиникалық ауруханасында дәрігер-фармаколог болып бастаған.
Жаңа тағайындауға дейін Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы болып қызмет істеген.
Мұның алдында Денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Үкіметтің қаулысымен қызметінен босатылған еді.
Еске сала кетейік, Людмила Бұйрабекова жақында ғана бұған дейінгі қызметінде жүрген кезінде өткізген кезекті брифингі барысында қазақ тілді журналистердің мемлекеттік тілде қойған сұрақтарына жауап бермегені үшін әлеуметтік желіде біраз сынға ұшыраған болатын.