Ким Чен Ынның денсаулық жайы сөз болып жатыр
ВАШИНГТОН. 22 сәуір. АҚШ Солтүстік Корея лидерінің денсаулық жағдайына байланысты айтылып жатқан қауесетті зерттейді. Бұл туралы Америка шенеунігіне сілтеме жасаған CNN хабарлады.
Оның айтуынша, АҚШ барлау қызметі КХДР басшысының ауыр операциядан кейін қиын жағдайда жатқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын зерттейтін болады.
Мұндай хабарлама Оңтүстік Кореяның Daily NK ақпарат басылымы Ким Чен Ынның жүрек-қан тамырлары процедурасынан кейін қазіргі күндері Пхеньянның сыртындағы Хянсан курортты уезінде ем алып жатқаны туралы хабар жариялағаннан кейін пайда болды.
«Менің білуімше, ол өткен жылғы тамыздан бері (жүрек-қан тамырлары мәселесімен) күресіп келеді, бірақ Пэкту тауына бірнеше рет барып қайтқаннан кейін жағдайы нашарлап кеткен», – деді Оңтүстік Корея жаңалықтар басылымына белгісіз бір мәнбе көзі.
Daily NK агенттігіне мәлімет беруші кісі Ким Чен Ынның шамадан тыс семіріп кетуінен, темекіні көп тартуы мен стреске көп түсуінен соңғы айлары денсаулығы айтарлықтай сыр бере бастағанын жеткізді.
Ким Чен Ын соңғы рет көпшіліктің алдында 11 сәуір күні өткен билеуші Еңбек партиясы саяси бюросының отырысы кезінде көрінген. Бұдан кейін ол 15 сәуір күні КХДР-дың негізін қалаушы атасы Ким Ир Сеннің туған күніне орай жыл сайын барып тұратын Кымсуандағы Күн сарайынан көрінбеген.
«Соңғы уақыттары Ким Чен Ынның денсаулығы (темекі шегу, жүрек және ми) туралы қауесет көп айтыла бастады. Егер Ким Чен Ын ауырып жатып қалған болса, оның 15 сәуірдегі маңызды салтанатқа бара алмауының себебі белгілі бола түседі. Бірақ көп жылдардан бері Ким Чен Ын мен оның әкесінің денсаулығы жайында көптеген жалған қауесеттер тарап келеді. Бізге тек бәрінің ақырын күту керек», – деді CNN телеарнасымен сұхбатында ЦРУ-дың Солтүстік Кореяны бақылау жөніндегі бұрынғы қызметкері, «Мұра» қорының ғылыми қызметкері Брюс Клингнер.
Ким Чен Ын 2014 жылы көпшілікке бір айдан астам уақыт көрінбеген еді. Содан кейін жарқ етіп шыға келген. Оңтүстік Корея барлау қызметі сол жолы оның жіліншігіне ота жасатып келгенін хабарлаған болатын.