Моңғол қызының кітабы АҚШ-та бестселлер көшін бастады
УЛАН-БАТОР. 20 сәуір. АҚШ-та тұратын моңғол жазушы қызы Б. Тувшинбаярдың дебюттік жинағы Amazon жаңа кітаптар бестселлерлер тізімінің көшін бастады. Бұл туралы montsame.mn.ru хабарлады.
Атап айтқанда, 30 жастағы Б. Тувшинбаярдың «Almost American: A Mongolian girl’s american story» деп аталатын тұңғыш кітабы қазір Amazon интернет-дүкенінің бестселлерлер тобында бірінші болып тұр. Ол – кітабы Америкада сатылған моңғол жазушылары арасында Amazon саудасында лидер атанған бірінші моңғол жазушысы.
Б. Тувшинбаяр Америкаға 19 жасында келген екен. Содан бері 11 жылдан астам уақыт өтіп кетіпті.
Жазушы қыз кітабында өзінің және өзі секілді мұғаджырлардың Америкадағы өмірінің жайын суреттейді. Ол мұнда бұл елдің әлеуметтік саладағы қол жеткізген жетістіктеріне айрықша назар аударады.
Құрама Штаттарға мигранттардың құйылып келуі аса маңызды факторлардың бірі болып табылады. Мұнда күллі әлемдегі мигранттардың 20 пайызға жуығы жиналған. Олардың бұл елге келулері АҚШ-тың интеллектуалды әлеуетін де ұдайы арттырып отырады. Осының салдарынан қазір Штаттардағы ғылыми-инженерлік лауазымдарды иемденіп отырғандардың 27 пайызын шетелдерден келгендер құрап отыр. Бұлардың арасында докторлық ғылыми атақтары барлары 43 пайызға жетеді.
Б. Тувшинбаярдың кітабын жарыққа шығаруға америкалық «New Degree Press» компаниясының баспасы көмектескен екен.