Қытай коронавирус вакцинасын маймылға сынап көрді
БЕЙЖІҢ. 21 сәуір. Қытай дәрігерлері коронавирусты ауыздықтау үшін жасап шығарған вакцинасын сынақтан сәтті өткерді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Медиктер коронавирустың белсендірілген вакцинасын алдымен тышқандарға, егеуқұйрықтар мен маймылдарға қолданған. Ғалымдар эксперимент қорытындысына жақсы баға берді. Олар аталған жан-жәндіктердің ағзаларында коронавирустың әртүрлі штамдарын бейтараптандыра алатын антидене пайда болатынын байқаған.
«Біз PiCoVacc вакцинасын тазартатын пилотты өндіріс жасадық, ол тышқандардың, егеуқұйрықтардың және приматтардың ағзаларында SARS-CoV-2 вирусының кемінде 10 түрлі штамдарын бейтараптандыратын антидене жасап шығара алды. Бұл вакцинаның үлкен және аз дозалары макактарды COVID-19 вирусынан толық немесе ішінара сақтап қалатынын көрсетті», – деп жазды зерттеушілер.
Соңғы айларда әлемнің көптеген елдерінің ғалымдары жаңа типті коронавирустың алуан түрлі вакциналарын сынақтан өткізуді бастап кеткендері жайлы баяндай бастады.