Білім вице-министрі ата-аналардан кешірім сұрады
АСТАНА. 17 наурыз. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуға дайындалған видео-сабақтарда кеткен кемшіліктер үшін ата-аналардан кешірім сұрады. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Вице-министр мұны бүгін онлайн-брифинг берген кезінде білдірді.
«Ия, біз бұл қателіктерді байқап отырмыз. Қашықтан оқыту бізге күтпеген жерден болды, ал мұғалімдер бұған дайын болмады. Көптеген мұғалімдер қатты қобалжыды (бейне-оқулықтарды түсіру кезінде). Бүгінгі таңда осы екі апта ішінде 700-ден астам бейне сабақ көрсетілген. Олардың көпшілігі көктемгі демалыста түсірілді, біз осы қателіктер үшін қоғамнан, ата-аналар мен оқушылардан кешірім сұраймыз», – деді Шолпан Каринова.
Шенеуніктің айтуынша, мұғалімдер тақырыпты түсіндіруде қателіктерге орын алдырған бейне-сабақтар қайта өңдеуге жіберілген.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде 4-сыныпқа арналған қазақ тілі сабағында мұғалім сөйлем мүшелерін ажырата алмаған видео сабақ сыналып, кеңінен тараған, сол секілді 1-сыныпқа арналған сабақтарда мұғалім сөздерді буындарға дұрыс бөле алмайды.