Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Белгілі спорт қайраткері Бекет Махмутов қайтыс болды

АЛМАТЫ. 14 сәуір. Белгілі қоғам және спорт қайраткері, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО спорт шебері, AIBA-ның бұрынғы вице-президенті Бекет Махмутов жасы 82-ге қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Бекет Сапабекұлы Махмутов 1939 жылы 20 қаңтарда Алматы облысында туған. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін Қазақстан боксының қалыптасып, дамуына, әлемге танылуына арнады. 1993 жылдан 2000 жылға дейін отандық бокс федерациясын басқарды. Осы уақыт аралығында республика құрамасы қатарынан үш Олимпиялық ойындарда командалық есепте алғашқы үштіктің қатарынан табылды. Ал 1996-2006 жылдары AIBA-ның вице-президенті деген жоғары лауазымды қызметті зор абыроймен атқарды.

Бекет Махмутов 2009 жылы тізгінін қолға алғаннан кейін Қазақстан дзюдо федерациясы да табысты жұмыс істей бастады. Осыдан кейін республика дзюдошылары сапынан әлемнің ересектер және жастар арасындағы чемпионаттарында топ жарған спортшылар шықты, Олимпиаданың жүлдегерлері атанды. Ол 2009-2013 жылдары Қазақстан ұлттық олимпиялық комитетінің вице-президенті және Азия дзюдо одағының вице-президенті болды.

Бекет Махмутов өзі AIBA басшылығы құрамында жүрген кезінде ірі халықаралық жарыстарда қазақстандық боксшылардың төрешілер тарапынан болатын қысастық пен бұра тартушылыққа жол бергізбегенін де айта кетуіміз керек. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы сапынан, мысалы, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиялық ойындарда тарихта тұңғыш рет және әзірге соңғы мәрте финалдық жекпе-жекке 4 боксшы қатысты. Олардың екеуі алтыннан алқа тағып қайтты. Сөйтіп, қазақ боксшылары бірінші рет Олимпиада чемпиондары атанды.

Бекет Сапабекұлының шынында да Қазақстан боксы мен дзюдосының әлемдік деңгейге көтерілуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Енді, міне,  аты аңызға айналған өз елінің нағыз патриот тұлғасы арамыздан бақилыққа кетіп бара жатыр.

Алла алдыңыздан жарылқасын, жақсы аға! Жаныңыз жәннатта болсын, халқына қалтқысыз қызмет еткен, абыройлы ақсақал!

Бақұл болыңыз.

Rast.kz сайтының ұжымы

Тағы көрсету

Бір пікір

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button