Михаил Шайдоров – Олимпиада ойындарының чемпионы (видео)

МИЛАН. 14 ақпан. Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиялық ойындарда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шандоров алтын медальді жеңіп алды. Бұл туралы kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ойындар Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында жалау көтерді.
Бұл жолы 21 жастағы Михаил Шандоров еркін бағдарлама бойынша сынға түсіп, өте сәтті өнер көрсетті.
Отандасымыз мұз айдынында қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Confessa» және «The Diva Dance» атты итальян музыкасы аясында бағын сынады. Ол алғашқы техникалық элементке үштік аксель, бір эйлер және төрттік сальхау жасап, бәрін жақсы орындап шықты.
Қорытындысында, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы техникалық элементтер орындаудан 114.68 ұпай, ал бағдарлама компоненттерін орындауда 83.96 ұпай жинады.
Осылайша, Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадағы 92.94 ұпай және еркін бағдарламадағы 198.64 ұпайды қосқанда 291.58 ұпаймен бірінші орынға табан тіреп, қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Жүлдегерлердің келесі екі орнын жапон атлеттері Юма Кагияма және Сюн Сато өзара бөлісті.

Бір айта кетерлігі, бұл – Қазақстан құрамасының 2026 жылғы қысқы Олимпиададағы алғашқы және қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медалі. Бұған дейін бірінші алтын жүлдені бұдан 32 жыл бұрын шаңғышы Владимир Смирнов 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ойындарда 50 шақырымдық қашықтықты классикалық стильмен жүгіріп өтуде алған болатын. Ол келесі жүлдені араға 8 жыл салып алды. Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында 15 метрге жүгіруде шаңғышы Елена Хрусталева күміс медальге қол жеткізген. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында ойналған Олимпиадада қола медальге қол жеткізген. Бұдан кейін, 2018 жылы Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Ойындарда фристайлшы Юлия Галышева могул сайысында қола жүлдені қоржынға салған.
Міне, арада 8 жыл өткенде, Қазақстан қоржынына бірден алтын медаль түсіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін атлет Михаил Шайдоровты осы жетістігі үшін II дәрежелі «Барыс» медалімен марапаттады. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығына сәйкес, ол тағы 250 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады.
Сонымен қатар, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген алтын жүлдегерге көлік сыйламақ болып отырғанын мәлімдеді.





