Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Айгүлдің асқақ арманы

Сыр өңірінің киелі Шиелі топырағында, №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы мектепте еңбек етіп келе жатқан Айгүл Каюпова – осы биік асуды өнермен, ұлттық құндылықтармен және заманауи технологиялармен шебер ұштастыра білген жан.

Осынау білікті маманның әрбір атқан таңы шәкірт жүрегіне жарық сыйлаумен, әрбір ісі қазақ қолөнерін ұлықтаумен өріліп келеді. Тәжірибелі педагогтың ұстаздық ұстанымы: «Шәкірт – бос құмыра емес, ол – тұтандыруды күтіп тұрған алау». Ол өз сабақтарында тек теориялық білім беріп қана қоймай, баланың саусақ ұшындағы өнерін оятып, қиялына қанат бітіреді. 2023-2024 оқу жылындағы жетістіктер осы сөзіміздің айқын дәлелі. Мәселен, еңбекқор тәлімгердің шәкірті Гүлдана Нұрғалидың «Алтын қазына» республикалық көрме-байқауында тоқыма өнері бойынша жүлделі орын алуы – шебердің төзімі мен талғамының жемісі. Гүлдананың ағаш пен сүйекті өңдеу өнерінен, бейнеролик байқауларынан алған І дәрежелі дипломдары инновациялық мұғалімнің жан-жақтылығын көрсетеді. Ізденімпаз ұстаз қыз балаға нәзіктік пен ептілікті үйрете отырып, ұлттық қолөнердің қыр-сырын терең меңгертті. Тіпті, кішкентай Әнуар Сансызбайдың республикалық деңгейдегі жеңісі кейіпкеріміздің бастауыш сыныптан бастап талант көзін аша алатын сұңғылалығын айғақтайды.

Қазіргі заман мұғалімі – тек оқулықпен шектелмейтін, үнемі ізденіс үстіндегі зерттеуші. Өнер жанашыры 2024-2025 оқу жылында халықаралық деңгейге көтеріліп, Қырғызстан мен Қазақстанның белді университеттері ұйымдастырған ғылыми семинарларда өз тәжірибесін ортаға салды. Оның дизайн мен сәндік қолданбалы өнердегі заманауи технологияларды меңгеруі өнердің жаңаша даму бағытына жол ашты. Әсіресе, Мұхамеджан Серікбайдың «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты аудандық байқауда Бас жүлдені иеленуі – жетекші мен шәкірт арасындағы үлкен еңбектің шыңы. Озық ойлы ұстаздың «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында алған білімі мен «Әлеуметтік үздік жоба – 2025» дипломы оның тек сабақ берумен шектелмей, қоғамдық-тәрбиелік жұмыстардың да бел ортасында жүретінін айқындайды.

2025-2026 оқу жылы Айгүл апай үшін нағыз мерейлі кезең болды. Оның білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі мен қоғамдық белсенділігі қазақстандық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіптік одағы мен облыстық білім басқармасы тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Бұл марапаттар – кәсіби маманның көпжылғы маңдай тері мен шынайы ниетінің өтеуі. Республикалық «Көркем еңбек» журналында жарияланған ғылыми мақалалары оның әдістемелік тұрғыда да қалыптасқан сарапшы екенін растайды. Ол бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллект пен ұлттық құндылықтарды ұштастыру бойынша облыстық деңгейде шеберлік сағаттарын өткізіп, өзге әріптестеріне үлгі болуда. Бұл – жаңашыл көшбасшының нақ бейнесі.

Айгүл Мұхамедәліқызы – өз мамандығына ғашық жан. Оның қолынан шыққан әрбір бұйымда, ол тәрбиелеген әрбір шәкірттің жетістігінде үлкен жүректің жылуы жатыр. Шиелі ауданының білім беру саласында осындай білікті де парасатты жанның еңбек етуі – бүкіл аймақ үшін үлкен мақтаныш. Ұлттық рухты ұлықтап, заман ағымынан қалмай, шәкірттерін биік шыңдарға жетелеген бұл тұлғаның еңбегі әрқашан жана бермек. Өнегелі ұстаздың алар асуы әлі алда, өйткені оның бойындағы таусылмас қуат пен кәсіби шеберлік – еліміздің ертеңі үшін қызмет ететін басты қазына.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы,

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button