Қызылордада кезекті кеңейтілген мәжіліс ұрпақ тәрбиесіне арналды

ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қаңтар. Бүгін Қызылордадағы Өнер орталығында «Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы» деген тақырыпта кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық жасады. Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдары, аумақтық департамент, басқарма басшылары, зиялы қауым, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сала мамандары қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде білім саласында атқарылған жұмыстарға, ұрпақ тәрбиесіндегі ауқымды міндеттерге тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына осы бастан жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет», – деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие берудің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда қоғамда «Заң мен тәртіп»қағидатын орнықтыру, балалардың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғау – баршамыздың міндетіміз. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиеөзегінен ажырап қалмау керек. Бұл – маңызды мәселе!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның айтуынша, қазір облыста ең бірінші кезекте балалардың жан-жақты, сапалы білім және саналы тәрбие алуларына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
Өңірдің білім саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн 159 млрд теңге бөлінді. 2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілген. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне тапсырылды. 2023 жылдан бері 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Жиында министр Жұлдыз Сүлейменова, сенатор Наурызбай Байқадамов, мәжілісші Мұрат Әбенов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, ата-аналар комитетінің мүшесі, айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты Мұхтар Ниязов ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырыста көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді. Облыс әкімі мектепішілік және полиция органдарының есебіндегі оқушыларды үйірмелерге тарту, олардың жазғы демалысынтиімді ұйымдастыруды тапсырды. Ерекше бақылауды қажет ететін, түрлі санаттағы отбасылардан шыққан балаларды шығармашылыққа тартып, спорттық секцияларға қатыстыру жұмыстарын жалғастыру керек.
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, кибербуллингтің және заңсыз ойынның алдын алуды күшейту қажет. Учаскелік полиция инспекторларына есепте тұрған жасөспірімдерді қатаң бақылауда ұстау міндеттелінді.
Вейп өнімдерін пайдалануға және сатуға толық тыйым салудың маңызы өте зор. Заңға қайшы әрекеттердің алдын алу үшін мектептердегі келеңсіз жағдайларға дер кезінде назар аударып, тәртіп бұзушылықтың алдын алуға уақытылы мән беру қажеттігі атап өтілді.







