Қара бетперде киген жігіт тағы бір отбасына пәтер сыйлап кетті

АЛМАТЫ. 9 қаңтар. Көптен бері «Қара бетперделі жігіт» деген атаумен аталатын құпия кісі тағы бір отбасына пәтер сыйлап, қуанышқа бөледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қара бетперде киген жұмбақ жігіт өз диагнозына қарамастан, жұрттың үйінде ыдыс жуып отбасын асырап жүрген әйелдің жанұясына пәтер сыйлады», – делінген ресурс хабарламасында.
Бұл жолы баспаналы болып отырған Нағима – 49 жаста, сусамырмен, яғни қант диабетімен ауыратын оның екі баласы да эпилепсияға шалдыққан. Күйеуі туғанынан мылқау, үшінші топтағы мүгедек.
Нағима осындай отбасын асырау үшін той-садақаларда ыдыс жуады, салат жауып мешіттегі жәрмеңкеге апарып сатады екен.
Бірақ өз баспаналары жоқ, жалдамалы үйде тұрып келген.
Нағима өмірінде ең қатты қиналған сәті туралы айтып берді.
«Жолдасыма жоспарлы ота жасайтын болды, тура сол уақытта екі балам да ұстамамен ауруханаға түсті. Маған төрт көзіміз түгел болып, дастарқан басында отырып, шай-тамақ ішу арман болып қалды», – деді ол.
Әйел қызының да бала кезінен көп қиыншылық көргенін, күні кеше жылап отырып, Алладан көмек сұрағанын айтты.
Сөйтіп отырғанда, кенет қара бетперде киген жігіт келіп, бұларға ем қабылдау мен кәсіп ашу үшін қажетті қаржы беріп, пәтердің кілтін тапсырып кетеді.
«Шынайы, көз жасымен жасалған дұға ешқашан зая кетпейді. Бұйыртса, осы қаражатпен емге барасыздар, қалаған кәсібіңізді ашасыз», – деді қара бетперде киген жігіт.
Қауым бұл жігіттің кім екенін әлі біле алмай келеді. Соған қарамастан, оған деген алғыс сезімі күннен күнге арта түсуде.
Осы ретте «Харекет» қайырымдылық қоры деп аталатын қауымның да көптен бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын осындай мұқтаж жандарды – қазақ отбасыларын тұрақты түрде баспанамен – жер үйлермен және пәтерлермен қамтамасыз етіп, үлкен сауапты іс атқарып келе жатқанын зор алғыс сезімімен айта кетуіміз керек.






