Қызылордада сотталған әйелдерге арт-терапиялық қолдау жасалды

ҚЫЗЫЛОРДА. 23 қыркүйек. Қызылордада сотталған әйелдерге арт-терапия арқылы қолдау көрсету шарасы жүзеге асырылды. Бұл туралы Polisia.k ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облыстық қылмысты атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментіне қарасты № 37 мекемеде ойламаған жерден қылмысқа ұрынып қалып, жазасын өтеп жүрген азаматшалар бар. Мекеме тарапынан оларға үнемі психологиялық көмек көрсетіліп, түрлі тренингтер ұйымдастырылып тұрады.
Мұнда бүгінгі күннің маңызды шараларының бірі – арт-терапия сабағы өтті. Мекеме психологы Ақгүл Аманова сотталған әйелдермен ашық әңгімелесіп, олардың жан дүниесін түсінуге ұмтылды. Қатысушылар түрлі суреттер салып, ішкі сезімдері мен ойларын бейнелеу арқылы бөлісті.
«Әйелдерге жиі тренинг өткіземін. Ерлерге қарағанда, олар әлдеқайда нәзік, сезімтал әрі уайымшыл келеді. Көбі отбасындағы балалары үшін алаңдап жүреді. Сондықтан жеке мәселелері бойынша да жиі көмекке жүгінеді», – дейді психолог Ақгүл Аманова.
«Мұндай жаттығулар бізге рух береді. Көңіліміз сергіп, ойымызды сурет арқылы жеткізе аламыз. Балаларыма деген сағынышымды қағаз бетіне түсіргенде жеңілдеп қаламын. Ал психологпен сөйлескенде, алдағы күндерге сенім пайда болады», – деді сотталғандардың бірі.






