Қызылорда облысында сотталғандар Абай шығармашылығын дәріптеді

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қыркүйек. Қызылорда облысында сотталғандар Абай шығармашылығы бойынша өткен кешке қатысты. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінің №37 мекемесінде қазақтың ұлы ойшылы, ақыны әрі ағартушысы Абайдың шығармашылығына арналған мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Онда кешкі мектеп мұғалімдері сотталғандар алдында дәріс оқып, ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына шолу жасады. Сабақ барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі тәлім-тәрбиелік мәні бар ойлар кеңінен түсіндірілді.
Шарада сотталғандар белсенділік көрсетіп, ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Олардың үздіктеріне мекеме әкімшілігінің алғыс хаттары тапсырылды.
«Абайдың шығармаларын қайта оқу бізге үлкен ой салды. Қара сөздерінен өмірлік сабақ алып, өз-өзімізді тәрбиелеуіміз қажет екенін түсіндік. Мұндай шаралар бізді жақсылыққа, адалдыққа жетелейді. Алдағы уақытта қателіктерімізді түзетіп, қоғамға пайдалы азамат болуға тырысамыз», – деді сотталғандардың бірі.






