Трамп 15 тамызда Аляскада Путинмен кездесетінін жариялады

УАШИНГТОН. 9 тамыз. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей диктаторы Владимир Путинмен 15 тамызда Аляска штатында кездескелі жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыдан сәл бұрын Трамп Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ресей мен Украина арасындағы ықтимал бітімгершілік келісімге қандай да бір «аумақ алмасу» кіретінін айтып қалды.
Дональд Трамп 15 тамызда Аляскада Ресей лидері Владимир Путинмен кездесу өткізетінін жеткізді. Бұған қатысты жазбаны 8 тамызда Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады.
«Мен, Америка Құрама Штаттарының президенті мен Ресей президенті Владимир Путиннің көптен күткен кездесуі келесі жұмада, 2025 жылдың 15 тамызында ұлы Аляска штатында өтетінін хабарлаймын. Қосымша мәліметтер кейінірек жарияланады. Осы мәселеге назар аударғаныңызға рахмет!», – деп жазды ол.
Осыдан сәл бұрын Трамп Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ресей мен Украина арасындағы ықтимал бітімгершілік келісімге қандай да бір «аумақ алмасу» кіреді деп мәлімдеген еді. «Екі жақтың игілігі үшін біраз аумақтар айырбасталады… Бірдеңе қайтарамыз, бірдеңе айырбастаймыз» деген ол жақын арада бұл туралы нақты талқылау болатынын айтты.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі 15 тамызда АҚШ-тың Аляска штатында өтетінін растады. «Ресей мен АҚШ жақын көрші, сондықтан Путин мен Трамптың кездесуі Аляскада өтуі қисынды», деп хабарлады «РИА Новости» ресейлік мемлекеттік ақпарат агенттігі Ушаковқа сілтеме жасап. «Кездесуге дайындық оңай процесс болмайды, бірақ тараптар онымен белсенді жұмыс істейтін болады», деді Ушаков.
Ушаковтың айтуынша, президенттер Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді реттеуге назар аударады. Аляскадағы келіссөздерден кейін Путин мен Трамптың келесі кездесуі Ресей аумағында өтуі мүмкін – «тиісті шақыру АҚШ президентіне жіберілді», дегенді қосты Ресей мемлекеті басшысының көмекшісі.
Бұған дейін АҚШ президенті Украина лидері Володимир Зеленськиймен кездеспесе де, Ресей лидері Владимир Путинмен саммит өткізуге дайын екенін айтқан. «Ақ үй әлі де егжей-тегжейлерді пысықтап жатыр», деді 7 тамызда баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.






