Ақын Аманхан Әлімұлы қайтыс болды
АЛМАТЫ. 30 наурыз. Бүгін таңертең Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, аудармашы, сыншы, публицист Аманхан Әлімұлы 69-ға қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Асыл азамат қан тамырларында орын алған тромб салдарынан кенеттен бақилық болып кетті.
Аманхан Әлімұлы 1952 жылы 20 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданындағы «Қожатоғай» ауылында туған.
1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1993 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Бүкілодақтық әдебиет институтының жоғары курсын бітірген.
А. Әлімұлы кезінде «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде және Қазақ радиосында қызмет етті. Соңғы жылдары «Ақиқат» журналында бас редактор болды.
Ақынның «Өткірдің жүзі», «Жанымның жапырағы» , «Ай нұры алақанымда», «Бес қоңырау», «Атақоныс» деген жыр жинақтары, «Кездесу» атты публицистикалық кітабы жарыққа шықты.
Өткен жылы қараша айында «Құрмет» орденімен марапатталды. Арыс қаласының құрметті азаматы.
Аманхан Әлімұлы жан-жақты білімді азамат еді. Жаны жайсаң адам еді. Әділдіктің алмас қылышы еді.
Бақұл бол, Аужеке!
Біз ақынның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
rast.kz сайтының редакциясы