Қызылордалық полицейлер жергілікті мекемелер басшыларымен кездесу өткізді

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 шілде. Қызылорда қаласында полицейлер өздері үшін де, қоғам үшін де маңызы зор кездесу өткізді. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес Қызылорда облысы полиция департаменті басшылығының ұйымдастыруымен облыс көлемінде күзет қызметінің барлық түрімен айналысатын жеке күзет ұйымдарының басшылары, денсаулық сақтау нысандарының басшылары мен мамандары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері шақырылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы ПД күзет қызметін бақылау бөлімі, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, жергілікті полиция қызметі басқармасы, Қызылорда қаласы полиция басқармасы басшылығының қатысуымен жұмыс кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында «Профилактика жылы» шеңберінде «Денсаулық сақтау объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты» мәселелер талқыланды. Сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарында және оларға іргелес аумақтарда пациенттердің, персоналдың және келушілердің мінез-құлқы және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау ережелері мен тәртібі түсіндірілді.
Террористік қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету мәселесі көтеріліп, осындай жағдайларда тұрақты түрде өткізілетін оқу-жаттығулардың нәтижелері талқыланып, осы бағытта бейнероликтер көрсетілді және көкейкесті сауалдарға ортақ жауаптар алынып, бірқатар тиімді шешімдер қабылданды.






