Басты бағанЖаңалықтар жаңғырығы

Ресей Украинаға шешуші шайқасқа шықты ма? Сарапшылар пікірі

БЕРЛИН. 13 шілде. Германияның DW («Неміс толқыны») радиосы Ресейдің Украинаға шабуылды үдеткеніне байланысты сарапшылар пікірлерін таразы басына салды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Киев пен басқа қалалар Ресейдің үш жылдағы соғыстағы ең үлкен соққыларын бастан кешуде. Күн сайын түнде Украина астанасына жүздеген ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандар шабуыл жасап жүр. Әскери сарапшылар DW басылымына Путиннің ендігі жерде не күтетінін және оған не кедергі болатынын айтты.

11 шілде, жұма күні таңертең Ресей Одессаға ұшқышсыз ұшақпен сұрапыл соққы берді. Жергілікті БАҚ шабуылдың аумақтық әскерге шақыру пунктінің ғимараты мен тұрғын үйлерге бағытталғанын хабарлады. Харьков те ұшқышсыз ұшақтар шабуылына ұшырады. Харьков облыстық әскери басқармасының басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, атқылау салдарынан бірнеше ғимарат зақымданған, оның ішінде «перзентхана жарылыстардан зардап шеккен». Осы зарптан бір күн бұрын Киевке жасалған түнгі жаппай шабуылда кем дегенде екі адам қаза тауып, бірнеше ауданға қатты зақым келді. Украина астанасының мэрі Виталий Кличко Подольск ауданындағы жедел жәрдем станциясының қирағанын хабарлады. Бұл шабуылдар Ресейдің соңғы уақыттағы жаппай бірлескен соққылар сериясының соңғысы болды. 4 шілдеге қараған түні Киевте болған оқиғаны украиналық ақпарат құралдары «тозақ түні» деп атаған еді. Бұл кезде орыс әскерлеріі шабуылға бес жүзден астам дрондарды, сондай-ақ «Кинжал» және «Искандер» зымырандарын жіберді.

Осының аясында тіпті бұған дейін өзін Ресей мен Украина арасындағы соғыста өзін бітімгер санап келген Дональд Трамптың өзі Ресейден көңілі қалғанын мәлімдеді. Ол содан кейін Кремльге қатысты риторикасын қатайтты. «Шынын айтсақ, Путиннен сансыз судырма сөздерді көп естиміз. Ол әрқашан өте мейірімді болып көрінгісі келеді, бірақ бәрі ақырында мағынасыз нәрсе болып шығады», – деді АҚШ президенті бір күн бұрын.

Осы сөздерден кейін көп ұзамай, Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Украинаға белгілі бір қару түрлерін жеткізуді қайта бастады. Ведомство мәнбесінің хабарлауынша, олардың қатарында артиллериялық снарядтар мен жылжымалы зымыран артиллериялық бөлімшелері бар.

Ресей айына ондаған мың дрон шығара алады

Ресей жақында құрылған ұшқышсыз ұшақтар өндірісінің арқасында осындай жаппай соққылар жасау мүмкіндігіне ие болды, енді Ресей 2022 жылғыдай Иранға салмақ салып отыра бермейді.

АҚШ-тың әскери технология бойынша сарапшысы Дэвид Хэмблинг: «Ресей 2022 жылдан бері ұшқышсыз ұшақтарды пайдаланады, бірақ қазір ауқым күрт өзгерді. Олар айына мыңдаған, әлде он мыңдаған ұшқышсыз ұшақтар шығарады. Бұл зымырандарды ұстауға арналған қорғаныс жүйелерін шамадан тыс жүктеуге жеткілікті», – дейді.

Австрия бас штабының полковнигі Маркус Райснер DW басылымына берген сұхбатында Ресей басқа елдерден көмек болмаса, Украинаға мұндай жаппай соққылар жасай алмайтынын алға тартады. Ол Қытайдың Ресейді ұшқышсыз ұшақтар құрастыру үшін пайдаланатын бөлшектермен, ал КХДР баллистикалық зымырандармен қамтамасыз ететініне назар аударады. «Демек, біз бұл жағдайда Ресей өзінің одақтастарына сенім артып отырғанын көріп отырмыз», – деп түйіндейді Райснер.

Террор арқылы Украинаға қысым көрсету

Киевке жасалған кезекті шабуылдан кейін Украина президенті Володимир Зеленський Ресейдің қаланы атқылауды күшейтуінің себептеріне түсіндірме берді. Оның айтуынша, Путиннің мақсаты «халқымызды азапқа салу, Украинадан қашып кетуге мәжбүрлеу, үйлерді, мектептерді – майдан шебін ғана емес, барлық жерде өмірдің өзін жермен жексен ету».

Кремльдің өзі, баспасөз деректеріне қарағанда, шын мәнінде алдағы айларда Украинаның қорғанысын осылайша бұзамыз деп есептейді. Бұл туралы Кремльге жақын мәнбелерге сілтеме жасай отырып, бір күн бұрын New York Times хабарлады.

Полковник Маркус Райснер Украинаға соңғы көп сатылы шабуылдарымен Кремль стратегиялық деңгейде екі мақсатқа жетуге тырысып жатқанын айтады. Біріншіден, Украинаның әскери-өнеркәсіп кешенін жоймақшы Екіншіден, Путин, оның пікірінше, бейбіт тұрғындарға соққы беру арқылы украин қоғамына ықпал етпекші.

«Сонымен бірге бейбіт тұрғындарға қарсы мақсатты түрде сұрапыл соққылар жасалуда, ақырында оларды террор арқылы тұқыртқылары келеді», – деп есептейді Райснер. – Жанама түрде бұл да қоғам арқылы Украина үкіметіне қысым көрсету әрекеті болып отыр».

Ресейдің жазғы шабуылының басталды ма?

Көптеген әскери сарапшылар Ресей осы жазда жаңа шабуыл жасайды деп күтеді. Неміс саясаттанушысы Андреас Хайнеман-Грюдер Украинаның соңғы кезде бастан кешіп жатқан күшейтілген құрама шабуылдары осы шабуыл науқанының бір бөлігі болуы мүмкін деп санайды.

Ресей Украинаның әуе қорғанысын құрту мақсатын көздеп отыр, сонда ол Батыс елдерінің жеткізілімдерімен бұл шығынның орнын жаба алмайды. Бұл сондай-ақ, Гейнеман-Грюдердің пайымдауынша, Ресей осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында Украинаны бұғаулап, оны өз талаптарына бағындыра алады деген сеніммен қандай да бір «шешуші шайқасқа» дайындалып жатқанын көрсетуі мүмкін.

Қорғаныс кәсіпорындарының үрейі

DW-ға берген сұхбаттарында саясаттанушылар Батыс Ресейден ұрыс алаңында бастаманы тартып алу үшін Украинаның неғұрлым батыл әрекет етуі керек екенін алға тартады. Бір күн бұрын Украинаны қалпына келтіруге арналған конференцияда Володимир Зеленський Украина Ресейдің шабуылдарына тойтарыс берудің шешімін тапқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұнда шабуылды қайтаратын ұшқышсыз ұшақтар кезек алады. Осыған орай Украина президенті елдің қорғаныс саласына «шұғыл түрде қомақты инвестиция қажет» екенін атап өтті.

Австрия бас штабының полковнигі Маркус Райснер Украинаның өз ұшқышсыз ұшақтарын шығаруда жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін растады, бірақ оның пікірінше, мұны ол Батыстың қолдауынсыз табысты жасай алмайды. «Украина Батыстың арнайы қару-жарақ жүйелеріне, атап айтқанда, «Патриот» әуе қорғаныс жүйесімен қолдауына мұқтаж», – дейді ол. Бір күн бұрын Германия канцлері Фридрих Мерц Германияның Украина үшін АҚШ-тан Patriot сатып алуға дайын екенін айтты.

«Шын мәнінде тиімді көмек көрсету үшін Батыс Украинаны қамтамасыз ету кезінде «қару Ресейдің қолына түсіп қалады» деген қорқынышты жеңуі керек», дейді саясаттанушы Андреас Хайнеман-Грудер. «Кейбір батыстық қорғаныс кәсіпорындары, дейді ол, осылайша өздерінің технологиялық артықшылықтарын жоғалтып алудан үрейленеді». Бұған қоса, Хайнеман-Грюдер қорғаныс кәсіпорындары Украинамен бірлескен кәсіпорындар құруға байланысты өнімдерінің бағасы төмендейді деп қорқады дейді. «Менің ойымша, мұндай ойлардан бас тарту керек», – деп түйіндейді саясаттанушы.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button