АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Ақ халатты абзал жан – Қайрат Ерманов

Халық денсаулығы – ел байлығы. Осы ұлы мұрат жолында талай жан аянбай еңбек етіп келеді. Солардың бірі – 30 жылдық тәжірибесі бар, Сыр елінің сыйлы азаматы, терапевт дәрігер Қайрат Ерманов.

Қайрат Жоламанұлы – бала күнінен дәрігер болуды армандаған, адам жанының арашашысы болуға ұмтылған азамат. Арман жетегінде жүріп, 1986 жылы Алматы медицина институтына емдеу ісі мамандығына оқуға түсті, білікті дәрігер болуңа қарай қадам басты. Сегіз жылға созылған оқуды бітіргеннен кейін 1994 жылы Сызғанов атындағы хирургия институтының қабылдау бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Бұл оның үлкен өмір жолындағы алғашқы баспалдағы еді.

Осында біршама тәжірибе жинақтай келе, туған топырақ – Қызылорда облысына оралып, облыстық ауруханада терапевт дәрігер ретінде қызмет атқарды. Кейін Сырдария ауданына ауысып, қарапайым дәрігерден күндізгі стационар бөлімшесінің меңгерушілігіне дейінгі жолды жүріп өтті. Бұл – еңбекқорлықтың, біліктіліктің және адамгершіліктің жемісі.

Қайрат Ерманов – өз ісіне жан-тәнімен берілген, науқастың жүрек соғысын өз жүрегімен сезінетін, кәсіби шешімді тез қабылдайтын жан. Ол бізге сұхбат бергенде осыдан бірнеше жыл бұрын болған ерекше оқиғаны еске алды. Есепте тұратын жүрек ауруына шалдыққан бір кент тұрғынының үйінде жүрегі тоқтап қала жаздаған кезде, жедел көмек көрсетіп, ажал аузынан арашалап қалған. Бүгінде ол азамат аман-есен, отбасы ортасында, балаларымен шаттыққа бөленіп отыр. Ал мұндай істер Қайрат Жоламанұлы үшін қалыпты, бірақ науқас пен отбасы үшін – ғажайыптың өзі.

Күнделікті қарбалас, ауыр жауапкершілікке қарамастан, ол әр науқастың тағдырын өз өміріндей қабылдайды. Қызметіне адалдығы мен жауапкершілігі нәтижесінде халықтың ілтипатына бөленді. Жасырары жоқ, бүгінде ел ішінде нағыз жанашыр мамандар сиреп бара жатқанда, Қайрат сынды дәрігерлер – халықтың сенімін ақтай білетін, үміт арта алатын санаулы жандардың бірі.

Дәрігердің жеке өмірі де – үлгі боларлықтай. Жұбайы Базаркүл – қаржы саласының маманы, өте ашық, қолдау білдіре білетін жан. Екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл – 34 жыл. Бұл отбасында сыйластық пен жылулық бар. Қызы Інжу – заманауи ІТ саласының маманы, ұлы Мансұр – тіс дәрігері. Демек, бұл шаңырақта тек парасат пен білім салтанат құрған.

Дәрігер Қайраттың еңбегі де ескерусіз қалған емес. Жоғары кәсібилігі мен үздік қызметі үшін бірнеше алғыс хаттар мен еңбек медальдеріне ие болған. Бірақ ол үшін марапат емес, халықтың шынайы алғысы мен батасы – басты баға.

Ол – жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайтын тәлімгер. Оның сабырлы қалпы, тыңғылықты жұмысы, адами келбеті әріптестеріне үлгі. Әрбір тапсырылған істі жауапкершілікпен орындайтын қасиеті де оның бітім-болмысын даралай түседі.

Қайрат Ерманов – тек білікті дәрігер емес, нағыз ел азаматы. Оның кәсіби жолы – адалдықтың, табандылықтың және шынайы адамгершіліктің көрінісі. Ақ халат кию – тек мамандық емес, ол – өмірлік миссия. Осы миссияны абыроймен атқарып жүрген Қайрат Жоламанұлы – халық үшін шын мәнінде ақ халатты абзал жан.

Бүгінде ел алғысына бөленіп, ел мүддесі үшін қызмет етіп келе жатқан дәрігер – медицина саласының майталманы. Жас буынға жол көрсетіп, биікке жетелейтін оның өмір жолы – әр маман үшін үлгі.

Жансая НҰРҚОЖА

Қызылорда облысы,

Сырдария ауданы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button