АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Салтанат Меденова: Қазақстандағылар бірден руыңды сұрайды екен

АЛМАТЫ. 27 маусым. Бокстан Ресей құрамасының мүшесі, 2025 жылғы әлем чемпионы Салтанат Меденова қазақстандықтардың кездескенде бірден ру сұрайтынына таңданыс білдірді. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Биыл әлем чемпионы атанған Ресейде тұратын қазақ қызы Салтанат Меденова оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін Алматыға келді. Ол осыған орай «Спорт министрі» телеграм-арнасына сұхбат беріп, өзі жайында біршама әңгімеледі.

«Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Мамыр айында ғана достарыммен бірге Астанаға демалуға келіп кеткенбіз. Алматыға да анаммен демалуға келгенбіз. Алматының, жалпы Қазақстанның табиғаты ерекше ұнайды. Оқу-жаттығу жиынына келген қыздар Медеуге ғана барып үлгеріпті. Бірақ соның өзінде ерекше әсермен оралды. «Жоғарыға көтерілгенде, өзімізді қыран бүркіттей сезіндік» деп жатыр. Өкінішке қарай, олармен бірге бара алмадым», – деді Салтанат сұхбатында.

Боксшы қыз онда қазақстандық әріптестерімен арадағы қарым-қатынасына қатысты да ойларын ортаға салды.

«Қыздармен араласып тұрамыз. Олар жылы қарсы алады. Тек арасында сөздерін түсінбей қалатын кездерім болады. Әдетте менен бірінші кезекте руымды сұрайды. Қазақстандықтар да жекеме жазып сұрайды. Мен Орта жүздің ішінде Қыпшақпын», – деді ол.

Салтанат сонымен қатар үйінде тек әжесі ғана ылғи қазақша сөйлейтінін алға тартты.

«Негізінен, әжем ғана қазақша сөйлейді. Ата-анам Омбы қаласында тұрады. Ал біз жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлесеміз. Себебі оқу орындарында да, жаттығуда да тек орыс тілінде қарым-қатынас жасаймыз», – деді былғары қолғап шебері.

Салтанат Меденова Ресейге салынып келе жатқан санкциялардың көптігіне қарамастан, азаматтығын Қазақстанға ауыстырғысы келмейтінін айтты.

«Әзірге шектеулер көп, соған қарамастан жарыстарға қатысып жүрміз. Өзге елдерден де ұсыныстар бар. Қазақстаннан да шақырту түсті. Бірақ ондай нұсқаларды қарастырып жатқан жоқпын, себебі маған бар білгенін үйретіп, қалыптасуыма әсер еткен жаттықтырушымды ренжіткім келмейді», – деп сөзін аяқтады ресейлік боксшы қазақ қызы.

 

Біздің анықтама

Салтанат Серікқызы Меденова 2001 жылы 27 сәуірде Ресейдің Омбы қаласында туған. Ресейдің орта (75 кг) және жартылай ауыр (81 кг) салмақтарда өнер көрсететін әуесқой боксшысы. Бокстан Ресейдің спорт шебері (2021), Ресей құрамасының мүшесі. Әлемнің 2025 жылғы чемпионы. Ресейдің үш дүркін (2021, 2023, 2024) чемпионы, Ресей чемпионатының қола жүлдегері (2022), Бүкілресейлік Спартакиаданың қола жүлдегері (2022), Еуропаның 22-ге дейін жастар арасындағы (2021), жасөспірімдер арасындағы (2019) және 16-ға дейінгі қыздар арасындағы (2017) жүлдегері.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button