Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Ердоған: Трамп Путинмен Ыстанбұлда кездесуге ынталы болып отыр

АНКАРА. 27 маусым. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей диктаторы Владимир Путинмен Ыстанбұлда кездесуге ықылас білдірді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мұның жайын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 26 маусым, бейсенбі күні Гаагада өткен НАТО саммитінен келе жатқанында ұшақ ішінде түріктің «TRT Haber» телеарнасының журналистеріне баяндады. Оның айтуынша, егер Кремль көсемі келісім берсе, Ақ үйдің қожайыны Украинаға қатысты бейбіт келіссөз жүргізу үшін дереу Түркияға ұшады.

«Біздің пікірімізше, Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнауына үміт көп. Тіпті егер бір шешімін табу үшін инемен құдық қазу керек болса, біз оны да істейміз. Біздің түпкі мақсатымыз – біздің еліміздегі кездесуді лидерлер деңгейінде өткізіп, көптен күткен бейбітшілікті орнату», – деп мәлімдеді Ердоған.

Айтуынша, ол Гаагада Дональд Трамппен бірге Ақ үй басшысының Украина жөніндегі келіссөздерге қатысу мүмкіндігін талқылаған. Сөзіне қарағанда, америкалық лидер «Егер Ресей президенті Владимир Путин шешім үшін Ыстанбұлға не Анкараға келетін болса, мен де Ыстанбұлға не Анкараға барамын» деп мәлімдеген.

Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украина арасында Ыстанбұлда өткен келіссөздер «бейбітшілікке жол ашты» деп санайды. «Тіпті бәрі  бейбітшіліктен бас тартса да, біз оны жасамаймыз.

Маусым айының басында Түркия президенті Украина лидері Володимир Зеленський, Владимир Путин және Дональд Трампт үшеуінің кездесуін ұйымдастыру оның «ең үлкен тілегі» екенін айтқан еді. Кремль Путиннің мұндай кездесуге дайын екенін айта келіп, «бірақ бұл үшін алдымен екі елдің делегациялары арасындағы тікелей келіссөздердің нәтижесіне қол жеткізу керек» деп жауап берді. Мұндай соңғы келіссөздер 2 маусымда Ыстанбұлда өтті.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button